Бүгін Жамбыл облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Бейбітшілік пен келісім» жобасының екінші кезеңі жүзеге асырыла бастады.
Бастаманың алғашқы кезеңі өз нәтижесін бергені белгілі. Нақтырақ айтқанда, өткен жылы барлығы 1144 іс-шара өткізіліп, шамамен оған 30 мың адам қатысқан болатын. Нәтижесінде 1919 азаматтың түйткілді мәселелері шешіліп, 709 азаматқа медициналық көмек көрсетілді. Сондай-ақ 236 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған еді.
Бүгін алғашқы кезеңі жемісті жүзеге асқан жобаның облыстың 7 ауданында келесі кезеңі басталды. Жоба аясындағы іс-шаралар 1-3 наурыз аралығында – Меркі, 4-6 наурыз аралығында – Шу, 9-11 наурыз аралығында – Байзақ, 11-13 наурыз аралығында – Талас, 18-20 наурызда Сарысу ауданында өтеді. Ал 27 наурызда Қордай ауданданында ұйымдастырылмақ. Яғни биыл осы пилоттық жоба аясында арнайы құрылған үш топ аталған аудандардың елдімекендерінде аймақ тұрғындарының проблемаларын нақты шешу бойынша жұмыстар жүргізбек. Атап айтқанда «Этнос және конфессияаралық келісім», «Әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту», «Құқық қорғау саласы» бағыттары бойынша топ құрамындағы басқарма басшылары, білікті мамандар бағыт-бағдар беріп, мәселені шешуге тыңғылықты кірісетін болады.
Аудандар арасында алғашқы болып Меркі ауданында өткен «Бейбітшілік пен келісім» жобасының автив жиналысы аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында өтті. Жиынға төрағалық еткен аудан әкімінің орынбасары көктемнің шуақты күндерімен келген «Алғыс айту» мерекесімен құттықтай отырып, аудандағы үш күндік іссапардың тиісті деңгейде өтуіне тілектестігін білдірді.
Жалпы, жобаның жұмыс топтарының құрамына барлық құқық қорғау органдарының өкілдері, сонымен қатар облыстың мемлекеттік органдарының мамандары кіріп отыр. Олар алдағы уақытта облыс тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту, медициналық және білім беру қызметтерінің сапасын, діни білім деңгейін көтеру, азаматтарды көшпелі қабылдау, әлеуметтік мәселелерді шешу, аулаға шығу, бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін ұйымдастыру, сондай-ақ халыққа әртүрлі бағдарламалар бойынша алуға болатын несиелер туралы кеңестер беріп, халықтың осал топтарының мәселелерін шешуге атсалысады. Бұдан өзге азаматтарға кәсіпкерлікті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары мен жобаларының іске асырылуы туралы хабардар етеді.