A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбылда мал ұрылары мен полицейлер ауыз жаласып алған

0 450

Аймақтағы осы мәселе бойынша Жуалы ауданында өткен облыстық қоғамдық кеңестің көшпелі отырысында жалпы қылмыс саны, оның ішінде мал ұрлығы азайғанымен кейбір аудандарда өршіп, қылмыстың ашылуы төмен екені айтылды. Атап айтар болсақ, Қордай ауданында өткен жылы 35 дерек тіркеліп, көрсеткіш 6,1 процентке өскен. Ең сорақысы, осы жылдың төрт айында да 23 мал ұрлығы тіркеліп – 109.1 процентке өсіпті. Қордайлықтар жағдайымызды дұрыстап алайық деп жатқанда, өрістегі малы Қырғыз асып жатқан жоқ па осы?

Т.Рысқұлов ауданында 2019 жылы мал ұрлығының 39 фактісі орын алып, ол 2018 жылмен салыстырғанда 25,8 процентке өскен. Ағымдағы жылдың төрт айында 8 дерек тіркелген . Облыс орталығынан шалғай жатқан Сарысу ауданында да мал ұрлығына тосқауыл қою мәселесі әзірше мәз емес екені тағы белгілі. 2018, 2019 жылдары аудан бойынша тиісінше 20,19 мал ұрлығы дерегі тіркелген болса, биылғы жылдың төрт айында  5 дерек. Мұндай жағдайды түсіндіргісі келген Сарысу аудандық полиция бөлімінің бастығы Қуанышбек Бекқожаев: «Учаскелік полицейлерде көлік жоқтың қасы, әкімдіктер, шаруалардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары, жағдайы бар тұрғындар полицейлерге көліктерін беріп, қылмыс болған жерде бізбен бірге жүрсе» деген ойын жеткізді. Өздерінің тікелей міндеттерін басқаларға артқысы келген басшының пікірімен қатысушылар келіспеді. Онымен келіспеген Сарысу аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Жақсыбек Даулетбаев қарсы пікір білдірді, тек жалпы бұл мәселемен қоғам боп күресейік дегенін қолдады.

Ал Жуалы ауданында 2019 жылдың қорытындысымен мал ұрлығы 45 процентке төмендегенімен, қылмыстың ашылуы небәрі 46-ақ процент. 2019 жылы ауданда 22 жылқы қолды болса, 2018 жылы да 22 бас жылқы ұрланған екен.

2019 жылы Ақтөбе ауылында 60 қой, Билікөл ауылында 14 қой, 9 жылқы қолды болған. Қарасаз ауылында 5 жылқы, 1 сиыр, Көкбастау ауылында 4 жылқы ұрланған. 2020 жылдың 5 айында аудан көлемінде мал ұрлығына қатысты жалпы 4 дерек тіркеліп, оның біреуі-ақ ашылған, ашылу пайызы небәрі 33,3 процентті құрайды. Өткен жылдың жаз мезгілінде ұрланған Қызтоған ауылының тұрғыны Тұртаевтың екі жылқысы, Қошқаратадағы Кенжебековтың бір бұқасы, биыл қыс мезгілінде Ақтастыдағы Дазиевтың ұрланған 4 бас қойы әлі күнге дейін табылмаған, қылмыстар ашылмаған. Демек, мал ұрлығы қылмысының ашылуы бұл ауданда өте төмен. Яғни, Жуалының түлігі қоңды болып тұр ғой.

—  Ауқымды жұмыстарға қармастан облыста мал ұрлығы тоқтаған емес, қозғалған қылмыстық істердің жартысы ашылмай келді. Себебі қолданыстағы заңдар бойынша мал ұрлығының көпшілігі орта санаттағы қылмыстардың қатарында. Демек, осы уақытқа дейін мал ұрлаған қылмыскерлер татуласу процедуралары арқылы жазадан оңай құтылып, мал ұрлығына қатысты істердің 25 пайызы татуласу бойынша қысқартылып келген. Мұндай жағдай тек полиция мен сот органдарына ғана емес, тұтас мемлекетке сенімсіздік тудыратыны белгілі.

Бұл тұрғыда құқық қорғау органдары атына қоғамда түрлі өткір пікірлер айтылуда. «Неге мал ұрлап ұсталғандар жазадан оңай құтылып кетеді, органның қызметкерлерімен олар сыбайлас, ауыз жаласқан» деген сияқты. Сол себептен мал ұрлығын ауыр қылмыс санатына жатқызу туралы осыдан екі жыл бұрын жоғарыға ұсыныс жасағанбыз. Енді міне, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асып, 2019 жылдың 27 желтоқсанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚР-ың кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнамаларды жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №292  Заңға қол қойғанын, қылмыстық кодексіне мал ұрлығы бойынша арнайы 188-1 бап енгізілгенін білуіміз керек. Бапта қылмыстың 4 құрамы көрсетілген. Бұдан былай өзгенің ауласына заңсыз кіріп, ұрлық жасағандар 2-7 жылға қамалып, мүлкі тәркіленеді. Мал ұрлығы мен тонау үшін 5-10 жыл және мүлкін тәркілеу және қарақшылық үшін 7-12 жыл, мүлкін тәркілеу жазалары беріледі. Бұлар қылмыстың ауыр санатына ауыстырылды және тараптардың ымыраласуына тыйым салынады. Сонымен қатар, қылмыстық кодекстің 68 бабына түзету енгізіліп, татуласу мүмкіндігі қылмысты қасақана қайта жасағандарға берілмейді. Бұл заңға енгізілген маңызды өзгерістер мен толықтырулар туралы халық, жұртшылық білу керек, әсіресе ауыл тұрғындары, — дейді «Жаңару» республикалық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық бірлестігі Жамбыл облыстық филиалының директоры Қасымхан Төлендиев.

 

Ерман ӘБДИЕВ,

Жамбыл облысы

Дереккөз: oinet.kz

 

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.