A place where you need to follow for what happening in world cup

Жамбылдық шенділердің «тәбеті» зор

0 384

1 дана флеш-картаны 235 714 теңгеге сатып алмақ болған

«Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте департамент басшысының орынбасары Равиль Төлебаев мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді анықтау мақсатында департамент пен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бірлесіп, бірқатар келеңсіздікті анықтағанын айтты. Атап айтқанда, тауарға ақылға сыймайтын баға қою деректеріне мониторинг жасалған. Нәтижесінде, енгізілген ұсыныс­тар бойынша құзырлы органдар мемлекеттік сатып алу жоспарын қайта қарап, 676 миллион теңге бюджет қаражаты үнемделген. Атап айтсақ, облыстық Полиция департаменті бюджетті жоспарлау барысында флеш-картаның 1 данасын 235 714 теңгеге (жалпы сомасы 9,4 млн.) сатып алмақшы болған. Алайда келіп түскен ұсыныс негізінде қайта қаралғаннан кейін бір данасы 2 357 теңгеге төмендетіліп, 9,3 миллион теңге үнемделген. Сол сияқты Шу ауданы әкімі аппараты 1 дана компьютер бағасын 600 000 теңге деп жоспарласа (жалпы 12 млн), ұсы­ныс арқылы баға қайта қаралып, компьютердің әр данасының құны 300 000 теңгеге түсірілген. Үнемделген сома – 3 миллион теңге.

Конкурс арқылы алған жерді төртке бөліп сатып жіберген

Бұдан бөлек, департаменттің жер қатынастарына қатысты тал­дауы Жамбыл және Байзақ аудан­дарын­да жүргізіліп, бірқатар сы­бай­ластық  белгілері анықталған. Мы­салы,  Жамбыл ауданындағы талдау барысында аудан әкімі орынбасарының жер комиссиясы төрағасы ретінде шешім қабыл­дауына байланысты мүдделер қақтығысы тіркелген. Жер комис­сиясының төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Е. өзінің туысқан­дарына (анасы, әйелі және аға-інілеріне) 1366,5 гектар  ауыл шар­уа­шылығы мақсатындағы жерлерді алуға қолдау көрсеткен.  Қазір  департаменттің ұсынысы негізінде аудан әкімінің орынбасары Е. жер саласына қатысты басшылық жасау­дан және жер комиссиясы төра­ғалығынан шеттетіліп отыр.

Ал Байзақ ауданында жерлер конкурс арқылы арзан бағамен сатып алынып, әрі қарай 6-9 ай ішінде қайта  саудаланған.  Анығырақ айтсақ,  жер телімі алған конкурс жеңімпаздары алыпсатар­лықпен айналысқан. Мысалы,  азаматша Ш. конкурс арқылы 0,1 гектар  жер телімін 296 800 теңгеге, 0,03 гектар  жер телімін 151 000 тең­геге және  0,2 гектар  жер телім­ін 726 000 теңгеге сатып алған. Алай­да аталған жер  сияқты  телім­дер  «Крыша» сайтында 10 есе қым­бат  бағамен сатылымда  тұр. Со­нымен қатар  аталған ауданда аза­мат Б. бөлінуге жататын 1,5 гек­тер жерді  аукцион арқылы сатып алып, әрі  қарай 4 -ке бөліп сатып жіберген.

Бес жылға жетпей қызметтен босағандар қаржыны қайтармай қойған

Департамент  облыс әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасының қызметіне де талдау жүргізген. Тексеру барысында басқарма 2017-2020 жылдар аралығында  ауылдық жерлерге жұмыс істеуге жолданған медицина қызмет­керлеріне жалпы 252,8  миллион  теңге біржолғы материалдық көмек төленгені бел­гілі болды. Заңнамаға сәйкес еңбек шарты 5 жылдан бұрын бұзылған жағдайда төленген әлеуметтік қол­дау кері қайтарылуға тиіс. Бірақ  тал­дау барысында  бес жылға жет­пей жұмыстан босаған  6  қыз­мет­кердің 4,8 миллион  теңгесі бюд­жет­ке кері қайтарылмағаны анық­талды.

Тағы бір факт – 2018-2020 жыл­дар аралығында Денсаулық сақтау басқар­масына бағынышты ұйым­дар жалпы сомасы 11 миллиард  527 миллион  тең­ге­ге медициналық жаб­дықтар сатып алған. Алайда тал­дау көрсеткендей, басқарма меди­циналық жабдықтарды сатып алуды жүргізу кезінде олардың құ­нын  негізсіз жоғары көрсетіп,  бюджет қаражатын тиімсіз пайда­ланған. Мәселен,  2020 жылдың 14 сәуірінде облыстық көпбейінді балалар ауру­ханасы жеке серіктестіктен құны 10 миллион  теңге тұратын SV300 өкпені жасанды желдету аппаратын сатып алған. Алайда  2020 жылғы 13 сәуірде сол  серіктестік  Талас ауданындағы орталық ауруханаға SV300 өкпені жасанды желдету аппаратын  15,9 миллион  теңгеге  сатқан.  Осы сынды негізсіз, артығымен  жұмсалған қаржыға қатысты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті 10 ұсыныс енгізіп, құзырлы мекемеге жолдады.

Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы

Дереккөз: aikyn.kz

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.