Әлемдік пандемияның салқыны тимеген сала жоқ. Бұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жуырдағы Жолдауында баса айтып, алайда бұл білім беру саласына кері әсерін тигізбеуі қажеттігін тапсырды. Жолдау жүктеген міндетті мінсіз орындау бағытында Жамбыл облысы Жамбыл ауданы әкімдігінің білімі бөлімі сенім үдесінен шығып, жауапкершілік жүгін жіті түсінуде.
Жаңа оқу жылы қарсаңында ауданда 16701 оқушыны қамтыған 38 мектеп жұмысын бастады десек, оқу-тәрбие процесі екі түрлі форматта жүргізілуде. Біріншісі шалғай ауылдардағы оқушы саны 250 баладан аспайтын 16 мектепте 1295 оқушы дәстүрлі түрде білім алуды бастады. Ал 22 мектептегі 15406 білімгер қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша оқытылуда. Олардың барлығы смартфонмен қамтылған.
15406 оқушының ішіндегі 10975 баланы тәрбиелеп отырған 3729 отбасында жеке компьютер болмауына байланысты ең әуелі мектеп балансындағы 2053 компьютер таратылып берілген. Бұл оқушылардың 68,7 пайызын компьютермен қамтуға мүмкіндік туғызған. Енді қалған балаларды қажетті қондырғымен қамтамасыз ету үшін 1676 отбасына республикалық бюджеттен 1649, ал облыстық кәсіподақ комитеті есебінен 27 компьютер берілуде.
Бұдан бөлек 1-4 сынып оқушыларының ата-аналарының өтініштері бойынша кезекші сыныптар ашылып отыр. Кезекші сыныптарда барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, оқушылар 2-3 ауысыммен оқуда. Әр сыныптағы бала саны 15-тен аспайды. Сондай-ақ сабақ арасындағы үзілісте білімгерлердің бір-бірімен кездеспеуі де жіті қадағалануда.
Мұғалімдердің қашықтықтан оқытуды сапалы ұйымдастыру мен IТ құзыреттіліктерін арттыру мәселесі де бақылауға алынған. Атап айтсақ, 1172 мұғалім «Microsoft» бағдарламасы бойынша шыңдалса, 742 мұғалім «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтынының ұйымдастырған вебинарларына қатысқан. Ал педагогикалық шеберлік орталығының онлайн курсынан ауданның 1650 мұғалімі өткен. Ұстаздар мен оқушылардың білім платформалармен жұмыс жасауын қамтамасыз ету мақсатында «Дарын – онлайн» платформасымен келісім шарт та жасалынған.
Осылайша аудандағы мектеп оқушылары мен ұстаздар қашықтықтан білім беру жүйесіне сақадай сай дайындықпен келген. Бұл бүгінгідей қиын кезеңде өз жемісін беретіндігіне бек сенімдіміз.
Ең бастысы әлемдік пандемияға қарамастан білімді ұрпақ тәрбиелеу маңызды.