A place where you need to follow for what happening in world cup

Жастардың жігерін жанитын жалын

0 157

  Жамбыл облысының 80 жылдығына орай ашылған нысандардың ішінде «Даңқты спортшылар» алаңының шоқтығы биік болғаны даусыз. Өңір спортының өткені мен бүгінін айқындаған айшықты орынның  лентасын еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлов пен Қазақстанның Еңбек Ері, даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіровтің өзі қиғаны бұл нысанның беделі мен келер ұрпаққа берерін асқақтата түскені тағы айқын. Осы орайда аталған алаңға тағы бір қайырылып, болмысы мен құрылыстық құрылымына бір оралуды жөн көрдік.

 

   Жалпы «Даңқты спортшылар» алаңының «Тараз-Арена»  спорт кешенінің қас алдынан ашылуы оны ерекшелеп тұр. Дәл маңында Балуан Шолақтың еңселі ескерткішінің тұрғаны да нысанның еңсесін биіктеткені хақ. «Тараз-Арена» келген көпішіліктің көзіне ең алдымен осы екі нысан  түседі. Бірі балуан  бабамыздың бейнесін бейнелеп тұрса, ал «Даңқты спортшылар» алаңы өңірден түлеп ұшқан мемлекет мақтаныштары мен бапкерлердің даңқын асқақтатуда.   

    Аталған алаңның ортасында биіктігі 6,5 метрді құрайтын факел орналасқан. Оның екі шетінде травертин және гранит материалынан дайындалған  биіктігі 3 метр, ұзындығы 9 метр болатын 2 құрмет тақтасы қойылған. Құрмет тақтасында Жамбыл өңірінен шыққан даңқты 234 жаттықтырушы мен спортшының  есімдері мен жетістіктері жазылған. Оның ішінде Кеңес Омаров, Юрий Цхай, Феликс Цой, Александ Крюков, Нұрлан Ақүрпеков бастаған 88 Қазақ КСР және ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушыларының тізімі тізілген. Сондай-ақ  Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбыраймов, Ислам Байрамуков, Бақтияр Артаев, Зульфия Габидуллина көш түзеген 146 Олимпиада ойындарының, әлем чемпионаттарының және  сары құрлық бәсекелерінің  жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің есімдері көрініс тапқан. Даңқты спортшылардың есімдері ерекше стильдік үлгімен теріліп, алыстан анық аңғарылады.  Жамбыл спорты жыл өткен сайын талай толағайларды тудырып, талантты бапкерлердің жолын ашып жатқандықтан тақталарда жаңа есімдер мен жетістіктерге  орын қалдырылған. 

— Негізі өңір спортшыларына  жасалып жатқан қамқорлық та, қолдау да жыл санап  артуда. Соның есесінен Жамбыл спорты жылда жаңа чемпиондар мен талантты жастарды шығаруда. Ал «Даңқты спортшылар» алаңының ашылуы саңлақтарымыз бен бапкерлерге деген құрметтің тағы бір көрінісін көрсетті. Әрі сол тақтадан өз есімдерін көрген спортшылар жігерлене түседі деп сенеміз. Ал жас спортшылар есімдері  сол құрмет тақтасында жазылуы  үшін барын салып талпынатындығы хақ. Сондықтан бұл алаң жамбылдық жампоздарға бағдар берер бағдаршам іспетті.

 Әзірге біз құрмет тақтасына 234 даңқты  жаттықтырушы мен спортшылардың есімін таңбаладық. Бапкерлер тақтасында қосымша есімдерді жазуға орын қалса, спортшылардың есімдері мен жетістіктері екі тақтаның екі бетіне де толып қалды. Біз бұған әрине қуандық. Өңірден осынша мемлекет мақтаныштары шыққанына марқайдық. Десе де алда Токио Олимпиадасы, одан бөлек те байрақты бәсекелердің келе жатқанын ескеріп, алаңның бос жерінен тағы қосымша тақта ашсақ па деп отырмыз. Онда биыл мен алдағы жылдары әлемдік ареналарда атой салған жампоздарымыздың есімі жазылатын болады. Осылайша біз толағайларымызға барынша құрмет көртсетпекпіз, — дейді облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Жүнісбеков.

   Алаңның ашылуында еліміздің Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова да  Тараз тектілердің мекені екенін тілге тиек етіп, Жамбыл спортының бүгінгі биігіне жоғары  баға берген болатын.

«Еліміздің көк байрағын әлемнің әр қиырында желбіретіп, әлемге Әнұранымызды асққататып жүргендер – көбіне спортшылар. Бұл ретте біз Жамбыл өңірінен шыққан даңқты спортшылармен   мақтанамыз. Мына тақтаға есімдері жазылған ел мақтаныштарының қатары әлі де арта беретініне сенімдімін», – деп  министр өңір спортының өткеніне ғана емес, болашағына үлкен үмітпен қарайтынын жеткізген.

   Әрине жамбылдық жампоздар мұндай жоғары баға мен мадаққа лайық. Себебі осы таңға дейін бірде-бір Олимпиада ойындары өңір спортшыларынсыз өткен емес. Ең алғашқы Олимпиада алтынын да Мәскеу жерінен  аты аңызға айналған Жақсылық Үшкемпіров әкелді. Бертін келе қазақ ұлтынан кәсіпқой бокстан шыққан тұңғыш әлем чемпионы да жерлесіміз Марат Мәзімбаев атанды. Паралимпиада ойындарында Қазақстан тарихындағы алғашқы алтынды салған Зульфия Габидуллинаның да ерлігі өз алдына бір төбе. Кейінгі жастарға келсек қазақ күресінен Бейбіт Ыстыбаевтан басқа бірде-бір ел спортшысы «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы атанған жоқ. Мұндай толағай табыстарымызды тізе берсек жеткілікті. Әр спортшының жеңісі мен жетістігі ауыздан ауызға тарайтын аңыз. Тарихта алтын әріптермен таңбаланар дастан.

    Соңғы 80 жылдың бедеріндегі биігімізді айшықтаған «Даңқты спортшылар» алаңының ашылуына споршыларымыз  да дән риза.

Жамбыл спорты қай дәуірде болмасын өз биігінен төмендеген емес. Кеңестік кезеңнің өзінде өңірдің өрендері әлемдік ареналарда атой салып, бүкіл Одақты дүркіретті. Соның ішінде Жамбыл боксы десе, төрткүл әлемнің тізесі дірілдейтін. Біз өз кезеңінде Жамбыл боксын барынша танытуға тырыстық. Кәсіпқой бокс шаршы алаңында ешкімнен қаймықпадық. Қазақтың нағыз күрзі жұдырығын таныттық. Қазір де шар әлемнің боксшыларының шаңын қағып жүрген жерлестеріміз жеткілікті. Міне осындай толағайларымыздың есімін бүгінгі ұрпаққа таныту мақсатында салынған «Даңқты спортшылар» алаңын  көріп, көңілім марқайды. Есімім де ел мақтаныштарының арасынан табылғанына қуандым. Бүгінгі бұл белгі келер ұрпаққа тарих екені даусыз. Сондықтан осынау жұмысқа ұйытқы болған облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің іскерлігі мен еңбегіне алғысым шексіз, — дейді кәсіпқой бокстан қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Марат Мәзімбаев.

  Жас  балуан Орынтай Алматай   «Даңқты спортшылар» алаңына қарап арманы асқақтай түскенін айтады.

Күреспен енді шұғылдана бастағандықтан бәрі алда екенін білемін. Алайда құрмет тақтасында есімдері жазылған аға-әкпелердің қасынан орын алу үшін аянбай тер төгем деп шештім. Менің қазіргі асқақ арманым – осы. Мемлекетіміздің, облысымыздың атын әлемге танытып, даңқты спортшылардың қатарына қосылу. Мемлекет мақтаныштарына арналған бұл тақта талай жас спортшының жігерін жанитына бек сенімдімін. Біз бұл биіктен болашақта көрінеміз, — дейді Орынтай.

  Тараз қаласының тұрғыны Қойшыбай Көпкөрген  «Даңқты спортшылар» алаңы жастардың патриоттық рухын асқақтататын нысан ретінде ерекшеленетінін ерекше сезіммен жеткізді.

— Үйім «Тараз-Арена» спорт кешенінің маңында болғандықтан күнделікті немеремді ертіп сол маңда серуендеймін. Бұған дейін балаларыма Балуан Шолақтың тарихи болмысы жайлы баяндап келсем, енді құрмет тақтасына жазылған даңқты жатттықтырушылар мен спортшылар жайлы сағаттап әңгімелеудемін. Кейінгі ұрпақ бейбіт күннің таңында төрткүл әлемге елімізді танытып жүрген батырлар жайлы білуі міндетті. Осы тұрғыдан келгенде «Даңқты спортшылар» алаңының жастарға берері мол болып тұр. Бұл алаң бүгінгі ұрпақтың патриоттық рухын асқақтатуда, — дейді  қария.

   Иә қалай алып қарасақта, «Даңқты спортшылар» алаңының  бүгінгі ұрпаққа берері мол. Келер ұрпаққа өшпес тарих. Тараз төрінде бой көтерген нысанның алауы сөнбесін деп тілейміз. Әрі жас спортшылардың жігерін жанитын жалын болсын!

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.