A place where you need to follow for what happening in world cup

Жемісті жылдардағы жарқын жеңістер!

0 200

Бүгінде Жамбыл спортының жұлдызы жарық екені даусыз. Соңғы 80 жылдың бедерінде саңлақтарымыз әлемдік ареналарда атой салып ғана қоймай,  тұрғындар  үшін  әлемдік стандарттарға сай спорт кешендері бой көтерді. Нәтижесінде бұқаралық спорт қарқынды дамып, шалғай елді мекендердің өзі талай  толағайларды тудырды. Бұл әрине ең бірінші облыс спортының  жылдар өте бағыты анық, бағдары айқындала түскенін айғақтайды.

Арыдан батасақ,  Жамбыл спортының атын 1958 жылдары әйгілі Абсент жылқысы шығара бастайды. Арғы тегі араб жылқыларынан тамыр тартатын Абсенттің әкесін 1945 жылы Ұлы жеңіс парадында маршал Жуковтың өзі мініп шыққаны туралы дерек бар.  Содан 1949 жылы КСРО-ның жылқы шаруашылығы жөніндегі министрінің орынбасары  Семен Буденный Қазақстанға іссапармен келіп, Жамбылдағы №49 Әулиеата жылқы зауытының тыныс-тіршілігі көңілінен шығады. Сол әсердің шарапаты болар Буденный Мәскеуге бара салып, атақты араб  жылқысының құлыны Абсентті пойыз арқылы Әулиеатаға жібереді. Кейіннен Әулиеата жылқы зауыты таратылып, Луговой жылқы зауыты құрылады. Міне осы зауытта болашақ Олимпиада чемпионы Абсент өсіп шығады.

Кейіннен  Абсентті Мәскеуге апарған  1958 жылы-ақ  ол талайдың аузын айға қаратады. Сол жылы Батыс Германияның Ааехана қаласында түндігін түрген Еуропа чемпионатында алтын медаль иеленеді. Араға екі жыл салып Абсент Италияның Рим қаласында жалауы желбіреген Олимпиада ойындарында жүзден жүйрік шығады. Абсентті тізгіндеп шыққан Сергей Филатов оған дейін Мельбрунда өткен Олимпиадада айтарлықтай  табысқа қол  жеткізе  алмаған болатын. Алайда Римде Абсент Филатовқа қанат бітіріп, топ жарады. Осылайша атақты Абсенттің жеңісі  тарихта алтын әріптермен жазылып ғана қоймай, есімі аңызға айналады.

Бертін келе 1980 жылы  Мәскеу Олимпиадасында грек-рим күресінен  Жақсылық Үшкемпіровтың  жұлдызы жанады. Даңқты балуан  Одақта атой салып ғана қоймай, қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Бұл Жамбылдың ғана емес, қазақ спортының жаңа дәуірі болатын.

Мәскеу Олимпиадасы былғары қолғап шеберіміз Серік Қонақбаевтың да есімін әлемге әйгілі етті. Боксшымыз күміспен күптеліп, Жамбыл боксын төрткүл әлемге танытты.

1988 жылы Сеул Олимпиадасында  да жаңа есімдер жарыққа шықты. Футболдан жамбылдық Евгений Яровенко алтын медальді кеудесінде жарқыратты.  КСРО-ға еңбек сіңірген спортшы бұрнағы жылы туған топыраққа оралып, «Тараз» футбол клубын жаттықтырғанын айта кеткен жөн.  

Осы жылдар бедерінде  Жамбыл гидромелиорациялық-құрылыс институты сынды  білім ордаларында тәлім алып жүріп, облыс атын асқақтатқан спортшылар  легі де аз емес. Атап айтсақ, боксшы  Рашид Кабиров, балуан  Алмас Мұсабеков, самбошы Сәлкен Жартыбаев, Олимпиада ойындарының жүлдегерлері  Ерік Мамадияров, Дидар Молдағалиев, Нұрлан Джарашуевтардың есімін ерекше атауға болады.

Тәуелсіздік жылдарының таңында боксшымыз Болат Жұмаділов Атланта Олимпиадасының  күміс жүлдесін жеңіп алса, бұл ерлігін 2000  жылы Сидней Олимпиадасында қайталап, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері атанды. Осы жылдары еркін күрестен  Ислам Байрамуков  әлемдік ареналарда атой салып, Сидней Олимпиадасында күміс медальді қоржынымызда сыңғырлатты.  Ал 2004 жылы  Грекияның Афина  қаласында өткен Олимпиада ойындарында жамбылдық жампоз Бақтияр Артаев жасындай жарқылдап, алтын медальмен қатар, әлемнің ең үздік боксшысына берілетін Вел Баркер кубогын иеленді. Шындығы керек, бұл сонау Мәскеу Олимпиадасында қазақтан шыққан тұңғын чемпион Жақсылық Үшкемпіровтың ерлігінен кейін, Тәуелсіздік таңында қазақ баласының бағындырған үлкен биігі болатын. Осылайша байрақты бәсекелерде көк Туымыз жеңіс тұғырында желбіреп, Әнұранымыз асқақтай шырқалып жатқан тұста, үлкен спорт сахнасына тағы бір саңлағымыз Ақжүрек Таңатаров келді. Тараздық тарлан еркін күрестен Лондон Олимпиадасында бақ сынап, үмітті ақтай білді. Ақжүректің қола жүлдесі жамбылдықтар үшін алтынға бергісіз болатын. Өйткені араға 12 жыл салып, өңір өрені Олимпиада медалін еркін күрес спортынан Әулиеата топырағына алып келді.

Осындай жемісті жылдардың жетістігі соңғы Рио Олимпиадасында да жалғасын тапты. Баразилия төрінде жалауы желбіреген бәсі биік бәсекеде жерлесіміз Елдос Сметов күміс медальді кеудесінде жарқыратып, Жамбыл спортының жұлдызы жарық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал    Зульфия Габидуллина жүзу спорты бойынша  Паралимпияда ойындарының чемпионы болып ғана қоймай, 100 метрге еркін жүзуден әлем рекордын жаңартып, айды аспаннан бір-ақ  шығарды. Нәтижесінде мемлекет мақтанышы  спорттық жолындағы   12-ші рекордын орнатып, еншісіне жазды.

 Әрине, Олимп биігін бағындырған бұл толағайларымыздың ерлігі қандай мақтауға да лайық. Десе де, облыс спортшылара арасында  халықаралық, әлем, Азия ойындарында да облыс мерейін үстем етіп жүргендері аз емес. Мәселен, каратэден  екі дүркін  Азия чемпионы   Гузалия Гафурова, Рио Олимпиадасының қатысушысы, Азия чемпионы, WSB   Бүкіләлемдік бокс сериясының жеңімпазы Олжас Сәттібаев, Сурдлимпиалық ойындарының чемпионы Ғабит Есжанов,  «Қазақстан Барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев, ұлттық құраманы жүз пайыз жасақтап отырған Азия чемпионатының жүлдегерлері «Айша бибі» су добы клубының спортшылары, еліміздің он  дүркін чемпионы «Әулиеата» ат спорты клубының көкпаршылары сынды мақтаныштарымыз аз емес.

Таразда тәрбиеленген былғары қолғап шебері Фируза Шарипованың да есімі мен ерлігі бүгінде жер-жаһанға жайылды. Боксшы қызымыз   IBO және WBC Silver белбеулерінің иегері.  Тағы бір тараздық тарланымыз   Дмитрий Трубинді бүгінде білмейтін адам кемде-кем. Ол армрестлингтен  әлемнің үш дүркін чемпионы.  Жүзу спортының жарық жұлдызы   Эльмира Айгалиеваның да ерліктері ел есінде.  Паэрлифтинг спортында да жамбылдық спортшылардың есімі құрметпен айтылады. Әсіресе, әлемнің екі дүркін чемпионы    Руслан Греевті  алпауыт елдердің мықтыларының  өзі мойындайды.  Бұдан бөлек байрақты бәсекелерде Әнұранымызды шырқатып жүрген самбошымыз   Аида Карчаеваның да ерлігі бір төбе. Жалпы  жоғарыда аталған спортшылардан бөлек, ел біріншіліктері мен халықаралық додаларда  кір тасын көтеруден  Махсун Камбаров, бокстан  Станислав Цой, қол күресінен Екатерина Ляхова сынды жас  таланттар да танылуда. Аққұмнан шыққан «алтын қызымыз», самбошы  Елизат Аязбек, балуан Ғалымжан Қырықбаевтар да  болашағынан мол үміт күттіреді.

Осындай спорттық жетістіктерге жетуде Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Феликс  Цой, Нұрлан Ақүрпеков, Ахмет Жұмағұл, Ғалымжан Жылгелдиев, Саттар Бейсенбаев, Ахмет Алиев, Елдос Далабай, Фарида Тастекова, Ольга  Назарова, Берік Тоқсанбаев сынды бапкерлердің де   еңбектері зор.

Міне  осындай облыс намысын абыройлы қорғап, мәртебесін  асқақтатып жүрген спортшыларымыз жетерлік. Ал жалпы алғанда  өңір спортшылары  биыл әртүрлі деңгейдегі додаларда 696 медаль иеленсе, оның  267 алтын, 196 күміс және  233 қола жүлде. Бұл сөз жоқ, бас бармақпен бағалауға тұрарлық.

Спортшыларымызға жасалып жатқан қолайлы жағдай да күн санап жақсара түсуде. Мәселен  Орта Азияда баламасы жоқ «Тараз-Арена» спорт кешені 2015 жылы елге есігін айқара ашса, бүгінгі күнге облыстағы спорт сарайларының саны 2364-ке  жетіп отыр. Оның 1856-ы аудандарда орналасқан.  Соның есебінен бұқаралық спортты жанына серік еткен тұрғындардың саны  межелі 30 пайызды діттеп тұрса, 25 мыңнан аса адам тұрақты спортпен шұғылдануда.

Міне  бұл Жамбыл спортының  80 жылдың бедерінде жеткен  жетістігі. Әрине бір мақалаға ғасырға жуық уақыттағы  толайым табыстарды сыйғызу мүмкін емес. Біз тек ең жарқын жеңістер мен жемісті жылдарды еске алдық.  Алда Токио Олимпиадасы келеді. Бұл байрақты бәсекеде де   өңір өрендері  абыройымызды асқақтатады деп сенеміз. Себебі жамбылдық спортшылардың жүрегі «Таласқа түссе жан мен Ту, жан емес мағана керегі» деп соғатыны хақ.

                  Ендеше Жамбыл спорты жасай берсін!                                                                        Өңір спортының асар асуы биік болғай!

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.