A place where you need to follow for what happening in world cup

Жерлес жазушының кітабын сыйға тартты

0 149

Жаңа оқу жылы қарсаңында өңірлік ҚАЖ департаментіне бағынысты пробация қызметіне басшылық ету бөлімшесінің қызметкерлері облыс орталығындағы Шерхан Мұртаза кітапханасынан жазушының «Ай мен Айша» роман-эпопеясын сатып алып, мектеп оқушыларына тарту етті. Бұл игі шара ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес «Кітап оқитын мектеп – оқитын ұлт» жаңа жобасы аясында жүзеге асып отыр.

— Кітап оқу кез-келген адамның өз-өзін дамытуына әрі өмірден өз жолын табуына айрықша үлесін қосады. Биылғы жаңа оқу жылында мектеп қабырғасындағы оқушыларға кітап сыйлауды жөн көрдік. Тарту ретінде жерлес жазушы Шерхан Мұртазаның қаламынан туған тамаша туындыларының бірі – «Ай мен Айша» романын таңдап алдық. Себебі, бұл шығармада жазушының анасына деген шексіз махаббаты, туған жерінің қасиеті, сол кезеңдегі ауыл адамдарының тыныс-тіршілігі керемет суреттелген. Жас ұрпақ аталған шығарманы оқу арқылы өз ата-тегінің, туған елі мен жерінің төл тарихын біліп өсетіні анық, — дейді әділет капитаны Гүлназ Бахтиярова.

Тараз қаласындағы №12 мектеп-гимназиясының 3 «Г» сыныбының жетекшісі Жанар Әмреева бағалы бастама барысында мектеп кітапханасы талантты жазушының құнды еңбегімен толығуы ұстаздар қауымын да ерекше қуанышқа бөлегенін жеткізді.

— Кітап – тілсіз мұғалім. Шындығында, кітап – адамның ақылшы досы. Кітап – мәдениет. Қазіргі уақытта қандай кітаптар сұранысқа ие, жастар мен жасөспірімдер қай ақын-жазушыны оқиды? Дәл осы сұрақтарға жауап ретінде білім ошағына бағалы сыйлық тарту еткен облыстық Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшылығына және пробация қызметкерлеріне мектеп ұжымы атынан шынайы алғысымды білдіргім келеді. Міне, осы бір керемет бастаманың арқасында оқушылардың кітапқа деген қызығушылығы артатыны күмәнсіз. Мұндай мотивациялық мазмұндағы игі шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, әріптестік байланысымыз арта түсетініне сенім мол, — дейді Ж.Әмреева.

Сания Абжанова,
Пробация қызметіне басшылық ету бөлімшесінің инспекторы әділет капитаны

жауап қалдырыңыз

Your email address will not be published.