Америкалық Politico басылымы Дональд Трамп әкімшілігі қазіргі сәтті Украинаға қысым жасауға ең қолайлы уақыт деп санайтынын және Владимир Зеленскийдің ел ішіндегі әлсіреген позициясы Киевтің бұрын «қабылдауға келмейтін» шарттарды қабылдау ықтималдығын арттырады деп есептейтінін жазады.
Politico дерегінше, АҚШ президенті Украинаға нақты дедлайн қойған.
«Трамп Зеленскийге 24 қарашаға дейін уақыт берді. Әйтпесе АҚШ Киевке әскери және барлау қолдауын тоқтатуы мүмкін», — деп жазады басылым.
Жоспар бойынша Қырым, Донецк, Луганск облыстары, Херсон мен Запорожье облыстарының бір бөлігі Ресейге беріледі, сондай-ақ Украинаның НАТО-ға кіруіне ұзақмерзімді тыйым салынады.
Сонымен қатар, құжат Украина Қарулы күштерінің санын шектейді. Оның орнына «АҚШ тек анық емес қауіпсіздік кепілдіктерін ұсынады».
Politico атап өтеді: егер Ресей бітімді бұзса, АҚШ қандай қадамдар жасайтыны құжатта көрсетілмеген.
Бұл талаптардың жариялануы Зеленскийдің жақын серіктеріне қатысты шыққан жемқорлық дауына тұспа-тұс келді. Президенттің өзі айыпталмағанымен, оның ел ішіндегі позициясы әлсіреді. Politico-ның дерегінше, Ақ үй мұны қысымды күшейтуге мүмкіндік ретінде қарастырып отыр.
«Зеленскийдің қазіргі әлсіз жағдайын ескере отырып, украиндар [келісімді] қабылдауға мәжбүр болады», — деп келтіреді Politico Ақ үйдің жоғары лауазымды қызметкерінің сөзін.
Басылым мәліметінше, АҚШ Украинаға ЕО-ға кіру жөніндегі келіссөздерге қол жеткізу мүмкіндігін және ірі қалпына келтіру пакетiн ұсынып отыр: Ресейден — 100 млрд доллар, еуропалық елдерден — тағы 100 млрд доллар және АҚШ–Ресей бірлескен қалпына келтіру бағдарламасы. Алайда жоспар Ресейден дерлік ештеңе талап етпейді.
Еуропалық серіктестер бастаманы салқын қабылдағаны айтылған. Бірқатар тармақтар, соның ішінде әскерге шақыруды шектеу, «бұған дейін Еуропа үшін қабылдауға келмейтін еді және қазір де солай» деп жазады Politico дипломаттарға сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, Украина, Франция, Германия және Ұлыбритания қарсы ұсыныс әзірлеп жатыр. Ал Трамп әкімшілігі өз нұсқасын Киев үміт арта алатын «ең реалистік жоспар» деп сипаттайды.
Өз үндеуінде Зеленский елдің өте ауыр таңдау алдында тұрғанын растады.
«Яғни қиын 28 тармақ немесе өте ауыр қыс — ең қиын қыс», — деп келтіреді оны Politico.
Трамп жоспарының негізгі тармақтары
1. Украина қауіпсіздігі және саяси мәртебесі
- Украина суверенитеті мойындалады (бірақ аумақтық тұтастығы емес);
- Украина Конституцияда НАТО-дан бас тартуды бекітуі тиіс, ал НАТО Украина болашақта қабылданбайтынын растауы керек;
- Украина ЕО-ға кіруге мүмкіндік алады;
- Украина ядросыз мемлекет болып қалады;
- Қарулы күштердің саны шамамен 600 мың адамға дейін қысқартылады;
- Украинада НАТО әскерлері болмауы тиіс, ал еуропалық жойғыш ұшақтар Польшада орналасады;
- АҚШ қауіпсіздік кепілдіктерін береді, бірақ шарттармен.
2. Территория мәселесі
- Украина қазір бақылап тұрған Донецк облысының бір бөлігінен әскерін шығаруы тиіс, ол аумақ Ресейдің территориясы ретінде халықаралық деңгейде танылса да, онда Ресей әскері болмайтын «бейтарап демилитаризацияланған буферлік аймақ» болады;
- Қырым, Донецк және Луганск облыстары де-факто Ресейдікі деп мойындалады, оған АҚШ та кіреді;
- Херсон және Запорожье облыстарында қазіргі майдан шебі «мұздатылады»;
- Ресей осы бес аймақтан тыс бақылап отырған территориялардан бас тартады;
- ЗАЭС МАГАТЭ бақылауымен іске қосылады, электр энергиясы Украина мен Ресейге 50/50 бөлінеді;
- Украина мен Ресей келісімді күшпен өзгертпеу жөнінде міндеттеме алады;
- Ресей Украина мен Еуропаға шабуыл жасамау саясатын заң жүзінде бекітеді.
Украина не алады
- «Жаһандық қуатты пакет» — нақты сомалар көрсетілмеген;
- АҚШ Украина газ инфрақұрылымын қалпына келтіруге көмектеседі;
- Ресейдің 300 млрд долларлық активінің 100 млрд доллары Украинаны қалпына келтіруге жұмсалады;
- Бұл жобадан АҚШ кірістің 50%-ын алады, Еуропа тағы 100 млрд доллар қосады;
- Қалған ресейлік активтер бұғаттан шығарылады және АҚШ–Ресей бірлескен жобаларына жұмсалады.
Ресей не алады
- Әлемдік экономикаға қайта кірігу;
- Санкциялардың біртіндеп алынуы;
- G8 форматына оралу;
- АҚШ-пен ұзақмерзімді экономикалық келісім;
Бұл тармақта энергетика, табиғи ресурстар, Арктика, жасанды интеллект және тағы басқа салалар аталады.