Түркістан облысында халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және өңірдегі қолайлы санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды сақтау мақсатында шіркейлерге қарсы залалсыздандыру шаралары күшейтілген режимде жүргізіліп жатыр. Тұрғындардың жайлылығы мен денсаулығы үшін маңызы зор бұл кешенді жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей және тұрақты бақылауына алынған. Қазіргі таңда Сырдария өзенінің бойында зиянкестердің алдын алуға бағытталған дезинсекциялық жұмыстардың 8-кезеңі жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Сәйкесінше, дәрілеу жұмыстары Шардара ауданы аумағындағы өзен арнасының бойымен әрбір 20-25 шақырым сайын жіті жүргізіліп келеді. Залалсыздандыру шараларымен Шардара қаласынан бастап, Тұрысбеков, Көксу, Ұзыната, Қазақстан және Сүткент елді мекендері маңындағы маңызды учаскелер толықтай қамтылған. Аймақтағы эпидемиологиялық тұрақтылықты қамтамасыз ететін бұл ауқымды шараларға 17 арнайы техника, 10 моторлы қайық және 28 білікті маман жұмылдырылып, өз міндеттерін атқаруда. Белгіленген аумақтардағы залалсыздандыру жұмыстарының сапасы мен тиімділігі облыс әкімдігі тарапынан күнделікті назарда ұсталып, бақылау жұмыстары үздіксіз жалғасып жатыр.