Шардара ауданында адам тағдырына бейжай қарамайтын, халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға бағытталған игі бастамалар мен қайырымдылық шаралары жүйелі түрде жалғасын табуда. Аудан әкімі Арман Қарсыбаевтың тікелей мұрындық болуымен тағы бір мұқтаж отбасы жеке баспаналы болып, зор қуанышқа кенелді. Бұл игі іс — тек бір шаңырақтың үйлі болуы ғана емес, ел ішіндегі шынайы жанашырлық пен бірліктің, мейірім мен азаматтық жауапкершіліктің жарқын көрінісі іспетті.
Қазақстан Республикасының Конституциясында айқындалған әлеуметтік мемлекет қағидаттарына, сондай-ақ «Тұрғын үй қатынастары туралы» және «Қайырымдылық туралы» заңдарының талаптарына сәйкес, Шардара өңірінде халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау бағытындағы жұмыстар тұрақты жүргізіліп келеді. Әсіресе, тұрғын үйге аса мұқтаж азаматтардың мәселесін оңтайлы шешу — аудан басшылығының басты назарындағы стратегиялық әлеуметтік міндеттердің бірі саналады.
Осы ретте, баспанаға зәру Далбакова Гүлназ Жолдашбайқызының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы арнайы комиссия тарапынан жан-жақты зерделеніп, оның нақты көмекке мұқтаж екені расталды. Нәтижесінде, әлеуметтік қолдау аясында осы отбасына жаңа баспана сыйлау жөнінде маңызды шешім қабылданды.
Аталған салтанатты қайырымдылық іс-шарасы Шардара өңіріндегі спорт саласының қарашаңырағына айналған «АРМ спорт» клубының 25 жылдық мерейтойымен және Ұлы Отан соғысының ардагері Роман Қарсыбайұлының құрметіне арналған қол күресінен XXVIII облыстық турнирмен тұспа-тұс ұйымдастырылды. Елдік пен ерлікті ұлықтаған бұл тағылымды шара тек спорттық мерекемен шектелмей, нағыз ізгіліктің үлгісіне айналып, жиналған қауымның ризашылығын тудырды.
Айта кету керек, бұл тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен емес, толықтай демеушілік және қайырымдылық қаражаттары негізінде сатып алынды. Әлеуметтік жауапкершілікті ту еткен «Tungush Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен алынған жаңа баспананың кілтін аудан әкімі салтанатты түрде табыстап, қоныс иелерінің қуанышымен бөлісті.
Салтанатты сәтте күтпеген жерден баспаналы болған отбасы аудан басшылығына және «Tungush Group» ЖШС ұжымына өздерінің шынайы алғыстарын жаудырып, ақжарма тілектерін жеткізді. Жаңа шаңырақ иелерінің көздеріндегі қуаныш жасы мен ризашылығы көпшілікке ерекше әсер сыйлады. Шардара ауданында алдағы уақытта да мемлекеттік органдар, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері арасындағы ынтымақтастық нығайып, халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған осындай ізгі істер өз жалғасын таба бермек.