Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық құндылықтарды ұлықтау, бабалар мұрасын жаңғырту және өскелең ұрпақтың санасына ұлттық кодты сіңіру бағытындағы стратегиялық бағдарламалары аясында еліміздің мәдени өмірінде маңызды шаралар атқарылып келеді. Осындай ұлттық рухты асқақтатқан, дәстүрлі музыка мәдениетінің көкжиегін кеңейткен бірегей оқиға — шертпе күйдің алтын бесігі, күй құдіреті дарыған киелі Теріскей топырағында жоғары деңгейде көрініс тапты. Созақ ауданының орталығы — Шолаққорған ауылындағы қасиетті «Мыңжылқы» мәдениет сарайында қазақтың күй өнерінің жарық жұлдызы, дәулескер күйші, композитор Дина Нұрпейісованың 165 жылдық мерейтойына арналған облыстық «Күй құдіреті» жас күйшілер байқауы салтанатты түрде өтті.
Бұл рухани шара жай ғана өнер додасы емес, ұлттық өнердің тамырына қан жүгірткен, өңір тұрғындары мен келген қонақтарға шексіз рухани ләззат сыйлаған ғажайып мәдени феноменге айналды. Сұлулық пен ұлттық нақыш үйлескен кештің шымылдығы Дина Нұрпейісованың мағыналы өмірі мен өлмес шығармашылығын, оның күй өнеріндегі дара жолын арқау еткен кәсіби театрландырылған қойылыммен ашылды. Сахналық көрініс залдағы көрермендердің жүрегін тебірентіп, ерекше эстетикалық әсер қалдырды. Өнер мерекесінің салтанатты ашылу рәсімінде Созақ ауданы әкімінің орынбасары Серік Маманов арнайы құттықтау сөз сөйлеп, облыстың түкпір-түкпірінен келген үміткерлерге сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде Тәуелсіз мемлекетіміздің іргесін бекітуде ұлттық тәрбие мен төл өнерді ұлықтаудың маңызы зор екенін, Созақ топырағында мұндай іс-шаралардың дәстүрлі түрде жалғасып келе жатқанын ерекше мақтанышпен атап өтті.
Киелі де шежірелі Созақ төрінде жалауы желбіреген бұл дүбірлі өнер додасына Түркістан облысының барлық аудан-қалаларынан іріктеліп шыққан, 16-35 жас аралығындағы 19 жас дарынды күйші қатысып, екі күрделі кезең бойынша өзара бақ сынасты. Байқаудың бағдарламасы қатысушылардың жан-жақты шеберлігін тексеруге бағытталды: алғашқы кезеңде жас күйшілер Дина Нұрпейісованың екпінді, асқақ рухты төкпе күйлерін нақышына келтіре орындаса, екінші кезеңде қазақ музыкасының інжу-маржаны саналатын Сүгір Әліұлы мен Төлеген Момбеков бастаған Созақ өңірінен шыққан күй тарландарының сырлы шертпе күйлерін шебер орындап, өздерінің кәсіби дайындықтары мен музыкалық сауаттылықтарын танытты.
Үміткерлердің орындаушылық шеберлігін, сахна мәдениетін және аспапты меңгеру ерекшелігін Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздіктерінен, кәсіби музыка зерттеушілері мен тәжірибелі күйші-ұстаздардан құралған беделді қазылар алқасы әділ саралап, үздік шыққан хас таланттарды анықтады.
Тартысты өткен өнер додасының әділ қорытындысы мен қазылар алқасының шешімі бойынша Арыс қаласынан келген дарынды жас күйші Ернар Сәтім байқаудың ең жоғары марапаты — Бас жүлдені (Гран-при) қанжығасына байлады. Бас бәйгеден кейінгі жүлделі бірінші орынды шығармашылық шеберлігімен ерекшеленген шардаралық Оңғар Дәулет иеленсе, екінші орын тұғырынан киелі Созақ ауданының намысын абыроймен қорғаған Сейсенбаева Мөлдір көрінді, ал үздіктер қатарын қорытындылаған жүлделі үшінші орын қазығұрттық жас талант Тұрлыбай Нұрлыбекке бұйырды.
Сонымен қатар, ұлттық өнердің өрісін кеңейтуге атсалысқан бірқатар дарынды қатысушыларға Созақ ауданы әкімінің арнайы жүлдесі, Төлеген Момбеков атындағы арнайы марапат, Сүгір Әліұлы атындағы мәртебелі жүлде және Дина Нұрпейісова атындағы арнайы аталымдар мен ынталандыру сыйлықтары салтанатты жағдайда табыс етілді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дәрежелі дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылса, додаға қатысып, бақ сынаған барлық өнерпаздарға арнайы қатысушы сертификаттары мен естелік кәдесыйлар үлестірілді.
Ұлттық өнердің асыл мұрасын дәріптеп, жас таланттардың шығармашылық ізденістеріне зор серпін беретін, әр жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Күй құдіреті» облыстық байқауы қазақ күйінің қадір-қасиетін, оның тәрбиелік мәні мен қоғамдық маңызын тағы бір мәрте айшықтап берді. Теріскей төрінде өткен бұл тағылымды шара — мемлекеттің рухани жаңғыру жолындағы нақты жемісі, ұрпақтар сабақтастығының алтын діңгегі екені сөзсіз. Бұл бағыттағы ақпараттық-насихаттық жұмыстар алдағы уақытта да аудан көлемінде өз жалғасын тауып, ұлттық құндылықтарды ұлықтаудың бас алаңы болып қала бермек.