Еліміздің тәуелсіздігін қорғау, шекарамыздың тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – әрбір саналы азаматтың қасиетті борышы. Жас буынның бойына отансүйгіштік сезімін ұялатып, оларды ержүрек, тәртіпті әрі заманауи әскери істің қыр-сырын жетік меңгерген сақа маман етіп тәрбиелеуде мектеп қабырғасындағы бастапқы әскери және технологиялық даярлық пәнінің атқарар рөлі орасан зор. Осы мақсатта, жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындық жұмыстары аясында Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты А.Пушкин атындағы №3 жалпы білім беретін мектебінің базасында ағымдағы жылдың 18–20 тамыз күндері бастапқы әскери даярлық пәні педагогтеріне арналған мазмұнды үш күндік оқу-әдістемелік жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Тәлім мен тәртіпті ұштастырған бұл маңызды жиынның негізгі тақырыбы «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» деп аталып, елдегі стратегиялық өзгерістер мен адами капиталды арттыру мәселелерімен тығыз байланыстырылды. Үш күнге созылған ауқымды оқу-әдістемелік жиын еліміздің Мемлекеттік Әнұранын асқақ рухпен шырқаудан салтанатты түрде басталып, қатысушыларға ерекше патриоттық серпін сыйлады. Жиынның маңыздылығын арттыра түсу үшін арнайы келген Жетісай және Мақтаарал аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы, капитан Н.Ж.Рысбек бастапқы әскери даярлық пәнінің оқытушы-педагогтерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, жас ұрпақты әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу жолындағы еңбектеріне сәттілік тіледі. Сондай-ақ, шара барысында өскелең буынды оқытуға және әскери істі насихаттауға сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар ұстаздар арнайы «Алғыс хатпен» марапатталды.
Үш күнге созылған оқу-әдістемелік жиын барысында Мақтаарал ауданы білім бөлімінің әдіскері Ж.Нұрымбетов қазіргі заманғы қарқынды дамып келе жатқан әскери технологиялар мен жаңа буын қару-жарақтарының өзектілігіне терең тоқталып, жастардың әскери-техникалық салаға деген қызығушылығын арттырудың маңыздылығын атап өтті. Бүгінгі таңда мемлекетіміздің ұлттық қауіпсіздігін нығайту үшін ең алдымен заманауи әскери техникамен еркін жұмыс істей алатын, цифрлық жүйелерді жетілдірген білікті жас мамандарды даярлау – кезек күттірмейтін стратегиялық міндеттердің бірі болып табылады. Әсіресе, жасанды интеллекттің қарқынды түрде дамуы әскери дайындық жүйесіне де мүлде жаңа талаптар қойып отырғаны белгілі. Қазіргі заманғы қақтығыстар мен әскери үдерістерде ұшқышсыз ұшу аппараттары (ҰҰА), дрондар және түрлі цифрлық бағдарламалау жүйелері шешуші рөл атқаратындықтан, білім беру үдерісінде осы заманауи технологияларды тиімді пайдалану, оқушылардың техникалық және әскери бағыттағы білімін теориялық тұрғыдан ғана емес, тәжірибелік тұрғыдан да жан-жақты жетілдіру мәселелеріне айрықша назар аударылды.
Жиында жасанды интеллект элементтері кеңінен қолданылатын дрондарды басқару және заманауи оқу технологияларын енгізу әскери дайындықты қауіпсіз әрі жоғары тиімділікпен ұйымдастыруға мол мүмкіндік беретіні атап өтілді. Осы бағытта мектеп педагогтерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, жаңа әдіс-тәсілдерді тез меңгеру және әріптестер арасында тәжірибе алмасу оқу-әдістемелік жиынның басты мақсатына айналды. Үш күн бойы тынымсыз жұмыс істеген педагогтер өзара тәжірибе алмасып, жаңа оқу жылында бастапқы әскери даярлық пәнін оқытудың ең озық әрі тиімді жолдарын жан-жақты талқылап, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарларын айқындады.