Тәуелсіз еліміздің ертеңгі келешегі мен тұрақты дамуы тікелей сапалы білім беру жүйесіне және саналы ұрпақ тәрбиелеуге байланысты. Өскелең буынға заманауи білім беріп қана қоймай, олардың бойына отансүйгіштік, құқықтық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті сіңіру – бүгінгі ұстаздар қауымының басты миссиясы. Осы мақсатта, жаңа оқу жылының қарсаңында 2026 жылдың 21 тамыз күні Мақтаарал ауданының білім бөлімінің ұйымдастыруымен «Жаңа халықтық конституциясының нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамыту – білім беру жүйесінің стратегиялық негізі» атты ауқымды аудандық Тамыз конференциясы жоғары деңгейде өтті.
Маңызы зор бұл алқалы жиынның негізгі мақсаты – Конституциялық нормалар мен қоғамдық құндылықтардың білім беру жүйесіндегі маңызын терең айқындау, жас ұрпақтың құқықтық санасын қалыптастыру, азаматтық жауапкершілігін арттыру және адами капиталды сапалы дамытуға бағытталған озық заманауи білім беру тәсілдерін жан-жақты талқылау болып табылады. Конференция жұмысы барысында білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіру, білім алушылардың шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту, сондай-ақ жастардың құқықтық сауаттылығы мен патриоттық тәрбиесін күшейту мәселелері кеңінен сөз болды.
Салтанатты шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталып, елдік құндылықтар мен білім саласының жетістіктерін тоғыстырған мазмұнды жиынға ұласты. Конференция барысында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменованың қатысушыларға арнайы жолдаған құттықтау бейнеүндеуі көпшілік назарына ұсынылып, ерекше рух сыйлады. Сонымен қатар, ауданның білім беру саласындағы қол жеткізген жетістіктері мен шығармашылық жұмыстары көрме арқылы таныстырылды. Арнайы ұйымдастырылған көрмеде STEM технологиялары негізінде әзірленген оқушылардың инновациялық жобалары, робототехника бағытындағы жұмыстары, сондай-ақ қолөнер бұйымдары мен түрлі шығармашылық еңбектері қойылды. Мектеп ұжымынан құралған домбырашылар ансамблі қонақтарды күймен қарсы алып, іс-шараның мазмұнын ұлттық өнермен көркем түрде сабақтастырды.
Мәрртелі жиынға Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Насырханұлы Асанов пен аудан әкімінің орынбасары Бижан Шерәліұлы Анарбеков арнайы қатысып, педагогтерді дәстүрлі тамыз кеңесімен шын жүректен құттықтады. Олар өткен оқу жылында атқарылған ауқымды жұмыстарға оң баға беріп, жаңа оқу жылында атқарылар маңызды міндеттер мен жаңа бастамаларға баса назар аударды. Жиында Мақтаарал ауданы білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асанхан Аманкулович Кошкаров баяндама жасап, саланың алдағы басым бағыттарын тарқатып айтты. Ол өз сөзінде педагогтерді тынымсыз ізденіске, кәсіби дамуға және оқыту сапасын сапалы жаңа деңгейге көтеруге бағытталған нәтижелі жұмыстар атқаруға шақырды.
Конференция барысында тәжірибелі ардагер ұстаз Жақсылық Саттаров, Түркістан облысы білім басқармасының Білім беруді дамыту орталығының әдіскері Шарипа Құдайбергенқызы Примбетова, Республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық біліктілікті арттыру орталығының педагог-тренері Нұржан Сапарханұлы, сондай-ақ «Балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы» КММ директоры Магрипа Бахбадиновна Сарсенбаева мазмұнды баяндамалар жасады. Қонақтар мен спикерлер білім сапасы, ұстаздардың кәсіби өсуі, заманауи оқыту әдістері және оқушылардың шығармашылық әлеуетін ашу бағыттары бойынша өздерінің құнды ойлары мен тәжірибелерімен бөлісті. Баяндамашылар қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты – тек академиялық білім берумен ғана шектелмей, ел болашағына саналы түрде жауапкершілікпен қарайтын, өз құқықтары мен міндеттерін жетік білетін, шығармашыл, еңбекқор, отансүйгіш және қоғамдық белсенді азамат тәрбиелеп шығару екенін ерекше атап өтті.