Еуропаның жүрегінде орналасқан шағын ғана Венгрия – соңғы онжылдықтарда тек өз аймағында ғана емес, бүкіл Еуроодақтың ішінде де ерекше феноменге айналған мемлекет. Территориясы үлкен болмаса да, Венгрияның саяси ықпалы мен идеологиялық бағыты көптеген ірі державалардың назарын өзіне аударуда. Премьер-министр Виктор Орбанның дәуірінде бұл елдің билігі еуропалық либералдық құндылықтардан іргесін ажыратып, «ұлттық демократия», «мемлекеттік біртұтастық» ұғымдарын алға шығарған бірегей бағытты ұстанып отыр.
Бірақ Венгрия – тек саясаттан тұрмайды. Бұл – Трианон келісімінің салдарын әлі ұмытпаған, тарихи жарасы жазыла қоймаған, бірақ озық мәдениеті мен ғылымы арқылы әлемге танылған ел. XX ғасырдағы төңкерістер мен бірінен кейін бірі ауысқан жүйелер, социализмнен нарықтық экономикаға көшу жолы, Орбанның «экономикалық патриотизмі», венгр инновациялары мен әлемге танымал ғалымдары, спорттағы (әсіресе, су спорты мен футболдағы) жетістіктері – осының бәрі елдің бүгінгі бет-бейнесі саналады.
Венгрияның бүгінгі саяси бағытын, ұлттық ұстанымын және халықтық көңіл-күйін түсіну үшін оның күрделі әрі қайшылыққа толы тарихын естен шығармау керек. Бұл тарих – тек деректер жиынтығы емес, ол бүгінгі ұлт жүрегіне түскен жаралар мен жеңістердің шежіресі. Венгр қоғамы әлі күнге дейін Трианон келісімінің салдарын ұмытпаған, ал, 1956 жылғы көтеріліс пен 1989 жылғы өзгерістер бүгінгі демократия мен егемендік жайлы түсініктердің іргетасын қалап кетті.
Венгр халқының тарихи арғы тегі VIII–IX ғасырларда Карпат бассейніне қоныс аударған көшпелі мадьяр тайпаларынан бастау алады. 1000 жылы
І Стефанның билікке келуімен Венгрия христиан мемлекеті ретінде Еуропа саяси сахнасына ресми түрде енді. Орта ғасырларда Венгрия Орталық Еуропадағы ықпалды корольдіктердің бірі болды. Алайда, XV ғасырдан кейін Осман империясына бағынып, бірнеше ғасыр отарлық езгіде өмір сүрді.
XVIII ғасырдан бастап Габсбургтер әулетінің құрамындағы Венгрия Австриямен бірігіп, 1867 жылы Австро-Венгрия империясының екінші орталығы болды. Бұл кезең венгр ұлттық интеллигенциясының қалыптасуымен, әдебиет пен ғылымның дамуымен және ұлттық сана-сезімнің оянуымен ерекшеленді. Дегенмен, империялық саясат венгр ұлтшылдығы мен тәуелсіздікке деген ұмтылысты күшейтті.
1918 жылғы І дүниежүзілік соғыстан кейінгі Трианон келісімі (1920) – венгр ұлты үшін ең ауыр тарихи кезеңдердің бірі. Келісім нәтижесінде Венгрия өз аумағының 70%-ын, халқының үштен бірін жоғалтты. Миллионнан астам этникалық венгр көршілес Румыния, Словакия, Сербия мен Украина аумағында қалып қойды. Бұл – тек аумақтық емес, рухани да соққы болды. Осы оқиға бүгінгі күнге дейін Венгрияның сыртқы саясатында маңызды рөл атқарады. Трианон келісімі оқулықтарда, саяси мінберлерде және әдеби шығармаларда «ұлттық трагедия» ретінде сипатталады.
Екінші дүниежүзілік соғыста Венгрия фашистік Германияның одақтасы болды, бұл елді кеңестік оккупацияға алып келді. Соғыс аяқталған соң Венгрия КСРО ықпалына түсіп, 1949 жылы Венгр Халық Республикасы болып жарияланды. Тоталитарлық жүйе орнағанымен, 1956 жылы халық авторитарлық билікке қарсы көтерілді. Бұл – бүкіл социалистік лагерьдегі алғашқы ірі халықтық қозғалыс еді. Көтеріліс аяусыз басып-жаншылды, бірақ, ол венгр халқының еркіндікке деген ұмтылысын айқын көрсетті.
1989 жылы Венгрия бейбіт жолмен социалистік жүйеден бас тартты. Бұл ел Орталық және Шығыс Еуропадағы демократиялық өзгерістерді бастаған алғашқы елдердің бірі болды. Елде көппартиялық жүйе, еркін сайлау, нарықтық экономика қалыптаса бастады. 1999 жылы Венгрия НАТО-ға, 2004 жылы Еуропалық Одаққа мүше болды. Бұдан Венгрияның геосаяси бағыты Батысқа бұрылғанын аңғарамыз.
Виктор Орбан бастаған «ФИДЕС» (Fidesz – «Венгр азаматтық одағы») партиясы 2010 жылы сайлауда айқын жеңіске жетіп, Венгрияның саяси өміріне түбегейлі өзгеріс енгізді. Өткен ғасырдың соңындағы либерал-демократиялық бағыт біртіндеп «ұлттық-консервативтік» бағытқа ұласты. Бұл өзгерістер ішкі саяси құрылымнан бастап, сыртқы дипломатияға дейін түгел қамтыды.
Орбан өзін «ұлттық мүддені бәрінен жоғары қоятын көшбасшы» ретінде көрсете білді. Оның «либералдық емес демократия» (illiberal democracy) ұғымы бүгінде халықаралық саясаттануда жеке феноменге айналып үлгерді. Орбан билікке келген соң бірінші кезекте Конституцияны өзгертті. 2011 жылы қабылданған жаңа Конституция бұрынғы социалистік кезеңнен қалған құқықтық жүйені түбірімен жаңартты. Парламенттегі көпшілік дауыстың арқасында «ФИДЕС» елеулі-елеулі басымдықтарға ие болды. Атап айтсақ, сайлау жүйесін өзіне ыңғайлы етіп қайта құрды, сот жүйесіне бақылау орнатты, ұлттық БАҚ-ты шектеуге бағытталған заңдар қабылдады, білім беру және мәдениет саласына идеологиялық ықпал етті.
Бұған қоса, елдегі оппозиция әлсіреп, азаматтық қоғам ұйымдары да қысымға ұшырай бастады. Халықаралық рейтингтерде Венгрия соңғы жылдары «жартылай еркін ел» санатына түсіп кеткен (Freedom House мәліметі бойынша). 2015 жылғы Еуропадағы көші-қон дағдарысы Орбан үшін өз ұстанымын күшейтуге мүмкіндік берді. Ол Еуроодақтың мигранттарды қабылдау саясатына ашық қарсы шықты және шекара бойына биік дуал тұрғызды. Одан бөлек ислам мәдениетінің таралуына қарсылық білдірді. Сонымен қатар ұлттық болмыс пен христиандық құндылықтарды қорғауды саяси күн тәртібіне шығарды. Осы арқылы Орбан венгр халқына өзін елдің қамқоршысы және қорғаны ретінде көрсете алды. Бұл ұлтшыл бағыт тек ішкі электоратқа ғана емес, көршілес Польша, Словакия, Сербия секілді елдерге де әсер етті.
Еуроодақ шенеуніктері Венгрияны демократиялық құндылықтарды бұзды, сот тәуелсіздігін шектеді, БАҚ еркіндігін тежеді деп айыптап келеді. Нәтижесінде Венгрия ЕО-ның экономикалық қорларына қол жеткізуде кедергілерге ұшырай бастады. Бірақ, Будапешт билігі мұны Батыстың елдің ішкі істеріне араласуы деп бағалап отыр. Әйтсе де, Орбан ЕО-дан шығуға ниетті емес, өйткені, елдің экономикасы мен сауда айналымы Еуроодаққа тікелей тәуелді.
Орбанның көпвекторлы саясаты ЕО мен НАТО-дағы әріптестерін жиі таңқалдырып келеді. Ол Батыстың санкцияларына қарамастан Ресеймен энергетикалық әріптестікті жалғастырып отыр (Пакш АЭС жобасы). Оған қоса Қытаймен «Бір белдеу — бір жол» аясында ынтымақтастық орнатып, Будапешт–Белград теміржолы секілді жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Бұл Венгрияның ешкімге тәуелсіз саясат ұстануға ұмтылысын көрсеткенімен, кей сарапшылар оны геосаяси тұрақсыздық пен тәуекелге бастайтын бағыт деп бағалайды.
Орбан үкіметі халықпен жұмыс істеуде өте белсенді екенін айта кеткен жөн. Әсіресе, отбасылық салықтық жеңілдіктер жасауы, әлеуметтік жәрдемақыларды көбейтуі, ауылдық аймақтарға инвестиция тартуы Орбанның беделін арттырмаса, түсірген жоқ.
Сонымен қатар, Орбан билігі өзінің ұстанымын насихаттауда мемлекеттік БАҚ-ты тиімді пайдаланады, оппозицияны жиі әлсіретіп, оны сыртқы күштердің құралы ретінде көрсетеді. Саясаткерлердің айтуынша, Венгрияның қазіргі саяси бағытынан – бір жағынан, ұлттық тәуелсіздікті қорғау мен өзіндік жолды қалыптастыруға талпыныс, екінші жағынан демократиялық нормалардан біртіндеп алыстау байқалады.
Кез келген елдің саяси бағыты көбіне оның экономикалық мүмкіндігімен өлшенеді. Бұл қағида Венгрия үшін де өзекті. Виктор Орбан 2010 жылы билікке қайта оралған сәттен бастап ел экономикасына «ұлттық патриотизм» деп аталатын бағыт енгізілді. Оның мәні – шетелге тәуелділікті азайтып, ұлттық өндірісті күшейту, сонымен қатар халықтың қолдауын сақтау үшін әлеуметтік бағдарламаларды жандандыру.
Осыдан 20 жылдай бұрын Венгрияның экономикасы тұрақсыз еді. 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысы елдің әлсіз тұстарын айқындап берді. Қарызға батқаны соншалық, Венгрия Халықаралық валюта қорынан (IMF) көмек сұрауға мәжбүр болды. 2010 жылдан кейін Орбан үкіметі маңызды стратегиялық шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, IMF-пен келісімшартты мерзімінен бұрын тоқтатты, ұлттық банкке үкіметтің ықпалын күшейтті, шетелдік банктер мен қаржы ұйымдарына салық жүктемесін көтерді.
Экономикалық табыстар тек сандармен өлшенбейді. Орбан билігі халықтың нақты өмір сүру деңгейін жақсартуға тырысып келеді. Мәселен, Венгрияда көп балалы отбасыларға салық жеңілдігі, несие беру, үй алу бағдарламалары қарастырылған. Одан бөлек елде жұмыссыздықтың төмендеуі (2024 жылғы дерек бойынша 4% шамасында) байқалады.
Венгрия ЕО құрамында болғандықтан, көптеген экономикалық жобалар еуропалық гранттар мен қорлар арқылы қаржыландырылады. Дегенмен, соңғы жылдары демократиялық стандарттар бұзылды деген уәжбен ЕО Венгрияның қаржысын тоқтатып немесе кешіктіріп жатыр. Сонымен қатар, коррупцияға қарсы күреске мән бермегені үшін Будапештке қысым күшейіп келеді. Бұл факторлар алдағы уақытта ел экономикасына кері әсер етуі әбден мүмкін.
Орбан үкіметі энергетика саласында да тәуелсіздікке негізделген саясат ұстануда. Ресеймен Пакш АЭС-ін кеңейту жобасы – Венгрияны ядролық энергия арқылы тұрақтандыруға бағытталған. Жасыл энергетика – күн энергиясы жобалары қолға алынғанымен, бұл бағытта әлі айтарлықтай нәтиже жоқ.
Орбан үкіметі шетелдік ықпалдан арылуды көздей отырып, нақты нәтижелерге де жетіп отыр. Елде өндіріс қарыштап, жұмыссыздық азайды, халықтың табысы өсті. Алайда, Еуроодақпен қарым-қатынастағы шиеленістер, коррупциялық тәуекелдер мен геосаяси бағыттың бұлыңғырлығы – бұл экономиканың алдағы тұрақтылығына елеулі қауіп төндіреді.
Саяси режим қандай бағытты ұстанса да, ұлттың түпкі рухани болмысын оның мәдениеті анықтайды. Венгрия соңғы онжылдықтарда ішкі идеология мен сыртқы байланыста өзінің ұлттық кодын белсенді түрде қайта жаңғыртуға кірісті. Бұл жаңғыру тек театр мен әдебиетпен шектелмейді – ол мемлекеттік саясат деңгейінде жүргізіліп, шекара сыртындағы қандастармен байланысты да қамтып отыр.
Орбан билігі мәдениетті саяси идеологияның бір тармағы ретінде қарастырады. Елде «ұлттық мәдениетті жаңғырту» концепциясы енгізілді. Бұл бағытта дәстүрлі театрлар мен тарихи тақырыптағы кинолар мемлекеттің арнайы қолдауына ие болды. Сонымен қатар мәдениет министрлігі мен шығармашылық қорлар «ұлттық идеологиямен үйлесетін жобаларды» басымдықпен қаржыландырады. Венгр батырларын дәріптейтін өнер туындылары алдыңғы қатарға шығарылды, мемлекеттік телеарналар мен басылымдарда ұлттық тарих пен дәстүрлерді насихаттау үдерісі күшейді.
Мұндай мәдени бетбұрысты Батыстағы «либералдық мәдени экспансияға» жауап ретінде қарастыруға болады. Венгрлер өздерінің даралығын ең алдымен венгр тілінің ерекше құрылымы арқылы сезінеді. Фин-угор тобына жататын бұл тіл – Еуропада ешқандай славян немесе герман тілдеріне ұқсамайтын оқшау құбылыс. Елде тілді сақтау үшін мектеп бағдарламасында тіл мен әдебиетке басымдық берілген, тұрмыстық медиада венгр тілінің үстемдігі заңмен қорғалады, тілді сақтаушы «мәдени резервация» ретінде шетелдегі венгр мектептері мен орталықтарына қаржылай көмек беріледі. Музыкада – Лист, Барток, Кодаи сияқты композиторлар ұлттық мақтаныш ретінде ұлықталады. Ал, фольклорлық би мен дәстүрлі аспаптар жастар арасында қайта жаңғыруда.
Орбан үкіметі тек ел ішіндегі емес, шекара сыртындағы этникалық венгрлерге де бағытталған белсенді саясат жүргізіп отыр. Бұл саясаттың өзегінде – Трианон келісімінен кейін көрші елдерде қалған 2,5 милионнан астам венгрлермен байланыс орнату міндеті тұр. Бұл бағытта қабылданған нақты шаралар да өз нәтижесін бере бастады. Мәселен, 2010 жылдан бастап шетелдегі венгрлерге венгр төлқұжатын жеңілдетілген тәртіппен беру қолға алынды. Шетелдердегі венгриялық мәдени орталықтар мен венгр тіліндегі мектептерге қаржылай қолдау көрсетіліп келеді. Бұл саясат Будапештке шетелдегі венгрлер арасында ықпалын арттырып, ұлттық қауымдастық сезімін нығайтуға сеп болды.
Алайда, бұл бағыт көрші елдермен саяси шиеленістерге де себеп болуда. Әсіресе, Румыния мен Украина Венгрияны «ішкі істерге араласты» деп айыптайды.
Венгр қоғамында дәстүр мен заманауи мәдениет арасында белгілі бір идеологиялық қайшылықтар бар. Орбан билігі ЛГБТ, гендерлік мәселелер, заманауи өнер бағыттарын елге тән емес «батыстық идеология» деп сипаттайды. 2021 жылы балалар мен жасөспірімдерге арналған контентте ЛГБТ тақырыптарын шектеу туралы заң қабылданды. Бұл заң ЕО мен БҰҰ тарапынан сынға ұшырады. Осы заңның арқасында «ұлттық құндылықтар» концепциясы аясында мемлекеттің мәдениетке бақылауы күшейді.
Венгрия мәдениеті мен ұлттық коды – бұл елдің сыртқы және ішкі саясатындағы ең нәзік, бірақ, ең қуатты құралдарының бірі. Орбан үкіметі ұлттық мәдениетті тек мұра ретінде емес, қоғамдық сана мен мемлекеттік саясатты қалыптастырушы тетік ретінде қарастырып отыр.
Виктор Орбан билігі бүгінде тек Венгрияның ішкі саясатына емес, бүкіл Еуропаның болашағына әсер етіп отырған тұлғаға айналды. Ол – бір жағынан, ұлттық егемендік пен христиандық құндылықтарды ту еткен көшбасшы, екінші жағынан демократиялық құрылымды билікке тәуелді еткен саясаткер.
Орбан билігі Венгрияны «батыстық либерализмнен» алыстатып, ұлттық негіздегі ерекше жолмен дамытуға ұмтылып келеді. Бұл жол Батыспен қақтығысқа толы, бірақ, одан толық бас тартпайды.
Саяси сарапшылар егер Орбанның саяси бағыты өз жемісін берсе, Венгрия шын мәнінде жаңа типтегі демократия моделіне айналуы мүмкін дегенді айтып отыр. Ал, егер билік авторитаризмге ауытқуын жалғастырса, Венгрия демократия индексінен біртіндеп төмен түсіп, ішкі наразылықтар өрши бастайтынын ескертеді. Соның әсерінен ЕО-мен түбегейлі шиеленіс, гранттардың тоқтатылуы, жастардың эмиграциясы артады.
Венгрияның тарихи арманы – тәуелсіз, қуатты, біртұтас венгр ұлтынан тұратын мемлекет құру еді. Трианоннан кейін бұл арман шекарадан тыс қалған қандастармен бірігу, ұлттық рух пен сана-сезімді қалпына келтіру, мәдени тәуелсіздікті сақтау сияқты мақсаттарға айналды.
Орбан үкіметі дәл осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Бірақ XXI ғасырда бұл армандарды тек шекараны, тіл мен тарихты қорғау арқылы жүзеге асыру жеткіліксіз. Ол үшін жаңа технологияларға икемделген білім саясатына, жастарға ашық болашақ ұсына алатын экономикаға, шетелдермен келісіп сөйлесе алатын дипломатияға бет бұру қажет.
Орбан биліктен кетсе, Венгрияның халі не болмақ? Бұл – бүгінгі венгр қоғамының ең басты сұрағы. Бір жағынан, Орбансыз Венгрия демократиялық реформаларға қайта оралуы мүмкін. Оған қоса ЕО-мен қатынасы қалыпқа келеді. Бірақ, екінші жағынан, осы уақытқа дейін қалыптасқан жүйе ыдырап, басқаруда тұрақсыздық пайда болуы мүмкін. Ұлттық идеологияға негізделген қоғамда жаңа саяси бағытты қабылдау қиын болады дейді сарапшылар.
Сондықтан «Орбаннан кейінгі Венгрия» үлкен өзгеріс кезеңіне тап келуі ықтимал. Бұл кезең елдің болашағын анықтайтын жаңа идеологиялық және саяси шешімдерді талап етеді.
