Сауран ауданында өндірістік әлеуетті күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Қазіргі таңда ауданға қарасты 6 ауылдық округте арнайы өндірістік алаңдар қалыптастырылып, олардың аясында шамамен 100-ге жуық шағын цех ашу жоспарланған. Бұл жобалар 1 500-ден астам адамды тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Өткен жылы Шаға ауылдық округіндегі өндірістік аймақта 40 нысанның құрылысы толық аяқталып, оның 16-сы іске қосылды. Соның нәтижесінде 700-ге жуық тұрғын жаңа жұмыс орнына орналасты. Бұл туралы аудан әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында хабарлады.
Аудан басшысының айтуынша, Қарашық ауылында жалпы құны 4,8 млрд теңгені құрайтын 14 өндірістік цехтың құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін олардың 10-ы пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Иассы ауылдық округінде 21 цех салу үшін жер телімдері бөлініп, жобаға 6,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Қосмезгіл ауылында жоспарланған 10 нысанның үшеуінде құрылыс жұмыстары басталған. Үшқайық ауылдық округінде жиһаз өндіруге бағытталған 16 цех бой көтерсе, Жүйнек ауылында 16 өндіріс орнының 12-сі толық салынып біткен. Ал Еңбекші Дихан елді мекенінде 18 цехтың құрылысы жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Оранғай елді мекенінде жиһаз өндірісіне арналған 8 ғимарат салу, ал Шорнақта құрылыс материалдарын шығаратын өндірістік алаң құру көзделген. «Тұран» арнайы экономикалық аймағында уран өндірісіне қажетті құбырлар, бір реттік ыдыстар, дәрумендер мен диеталық қоспалар, сондай-ақ металл өнімдерін шығаратын бірнеше зауыттың құрылысы басталды. Аталған жобалардың бірқатары шетелдік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылып отыр. Соның ішінде «Euro Sandwich Panel» ЖШС сендвич-панельдер мен металл конструкциялар өндіретін зауыт салуды қолға алса, Түркияның «Occa Chair» компаниясы «Сейхун» ЖШС-пен бірлесіп Жүйнек ауылында заманауи жиһаз цехын іске қосты. Жалпы аудан көлемінде кәсіпкерлік саласында 83 жоба жүзеге асырылып, 2 500 жаңа жұмыс орны ашылмақ.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 147,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 24 пайызға артқан. Бұл көрсеткіштің негізгі бөлігі ауыл шаруашылығына тиесілі болса, өнеркәсіп, құрылыс және сауда салалары да айтарлықтай үлес қосқан. Сонымен қатар, жыл ішінде аудан экономикасына 71,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 105,7 пайызды құрады. Туризм саласында да оң динамика байқалып, тарихи-мәдени нысандарға келушілер саны 101 мың адамға жуықтады.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар маңызды жобалар қолға алынған. Соңғы екі жылда 13 елді мекенде ауыз су жүйелері жаңартылып, бірнеше ауылда электр желілерін қайта жаңғырту жоспарланған. Қарашық пен Жүйнек ауылдық округтеріне магистральды газ құбыры тартылса, тағы бірнеше елді мекенде ішкі газ жүйесінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде аудан халқын газбен қамту деңгейі 60 пайызға жетпек. Сонымен қатар, ішкі жолдардың 74 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.
