Түркістан облысында инвестициялық ахуалды жақсарту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытындағы жұмыстар облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей бақылауымен жүйелі түрде іске асырылуда. Биылдың өзінде өңір басшысының төрағалығымен 5 инвестициялық штаб отырысы өткізіліп, онда 31 маңызды хаттамалық тапсырма берілген болатын. Бұл тапсырмалардың орындалу барысы мен жаңа жобалардың ағымдағы жағдайы облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбектің төрағалығымен өткен кезекті штаб жиынында пысықталды. Инвестициялық штабтың күн тәртібінде биыл іске қосылуы тиіс жобалардың жай-күйі, инфрақұрылымдық мәселелер және Арыс қаласы мен Сарыағаш ауданы әкімдерінің инвесторлармен жүргізген келіссөздерінің нәтижелері талқыланды.
Жиын барысында Қанат Қайыпбек жаңа жобаларды уақтылы іске қосу үшін инженерлік желілердің дайындығын қатаң тексеруді тапсырды. Атап айтқанда, өңірдегі барлық қосалқы электр стансаларына инвентаризация жүргізіп, бос қуат резервтерін анықтау, сондай-ақ барлық автоматтандырылған газ үлестіру стансаларының (АГРС) техникалық жай-күйіне толық ревизия жасау міндеттелді. Бұл шаралар инвесторларды қажетті энергия және газ ресурстарымен еш кедергісіз қамтамасыз етуге бағытталған.
Қазіргі таңда облыс аумағында бірқатар маңызды инвестжобалар қарқынды жүзеге асырылуда. Мысалы, Сауран ауданында «EURO SANDWICH PANEL» ЖШС сэндвич-панельдер мен металл конструкциялар шығаратын зауыт салып жатса, Шардарада «Dos Big Company» ЖШС заманауи қонақүй мен фитнес орталығының құрылысын жүргізуде. Төлеби ауданында «Тауэнерго» және «Jasyl qyat» серіктестіктері баламалы қуат көздерін дамыту мақсатында шағын ГЭС салу жобаларын қолға алған. Ал Түлкібас ауданында «Майлыкент Ферм» ЖШС тауарлы сүт фермасын жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Барлық жобалардың сәтті іске асуы әкімдік тарапынан жан-жақты қолдауға ие болып, өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға негіз болады.
