Түркістан облысында аймақтың экономикалық қуатын еселеп, өндірістік әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары өте қарқынды дамып келеді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі ретінде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті алқалы отырысы өтті. Өңірдің ертеңгі даму бағдары айқындалған бұл жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, барлық аудан мен қала әкімдері, бейінді басқарма басшылары, сондай-ақ халықаралық және отандық ірі инвесторлар мен бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Алқалы басқосудың күн тәртібінде осы жылы іске асырылуы жоспарланған ірі инвестициялық жобалардың таныстырылымы өтіп, өңірлердегі инвестициялық климатты жақсарту жұмыстарының аралық нәтижелері мен өзекті мәселелері кеңінен талқыланды.
Ауқымды отырысты ашқан облыс басшысы аймақ экономикасын әртараптандыруда және жаңа жұмыс орындарын ашуда әрбір инвестициялық жобаның маңызы ерекше екеніне тоқталып, жауапты тұлғаларға мемлекеттік қолдау шараларын сапалы әрі уақтылы көрсету бойынша нақты міндеттер жүктеді. Нұралхан Көшеров өз сөзінде әрбір аудан, қала әкімі мен жауапты басқарма жетекшілері инвестиция тарту және инвесторларға «бір терезе» принципі бойынша жағдай жасау жұмыстарына барынша басымдық берулері тиіс екенін ескертті. Мәжілісте кез келген түйткілді мәселе ашық айтылып, заң шеңберінде тиісті шешімдер қабылданатынын, әкімдік тарапынан әрбір жобаның іске асырылу барысы мұқият қадағаланып, инфрақұрылымдық қолдау көрсетілетінін жеткізді. Облыс басшысы ұсынылған өндіріс ошақтары алдағы уақытта аймақ экономикасының басты драйверіне айналатынына сенім білдірді.
Штаб отырысы аясында өңірдің өнеркәсіптік картасын өзгертетін бірнеше ірі және инновациялық өндірістік жобалардың ресми таныстырылымы өтті. Алдымен Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта жүзеге асырылатын, құрылыс пен ауыл шаруашылығына аса қажетті ПВХ құбырларына арналған арматуралар, арнайы ленталар, тамшылатып суару жүйелеріне арналған заманауи жабдықтар мен тоқылған су шлангілерін шығаратын жаңа кәсіпорынның жобасы ұсынылды. Сонымен қатар Сауран ауданы аумағында орналасқан «TURAN» арнайы экономикалық аймағында бой көтеретін бірнеше жаһандық жобалар қаралды. Олардың қатарында халықаралық «BOSHIRAN XINJIANG» компаниясының заманауи ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру және шығару зауыты, «Lihua Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жоғары сұранысқа ие карбамид тыңайтқыштары мен мақта майын өндіретін ірі кешендері, сондай-ақ «BAKS Innovations Inc. — CAESG Platform» компаниясының экологиялық маңызы зор биомассаны терең өңдеу және көміртегін байланыстыру бағытындағы инновациялық кешені бар. Бұдан бөлек, энергетика саласын отандық өніммен қамтамасыз ету мақсатында «Yassy Energy» серіктестігінің трансформаторларға арналған гофрленген қабырғалар, арнайы қақпақтар мен магнитөткізгіштер шығаратын зауыт жобасы мақұлданды. Отырыста бұл өндіріс орындарын құнарлы жер телімдерімен және қажетті инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелермен (су, тоқ, жол) жедел қамтамасыз ету мәселелері пысықталып, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар хаттамаланды.
Күн тәртібіндегі екінші маңызды мәселе бойынша Сарыағаш ауданы мен Арыс қаласында жүзеге асырылып жатқан ағымдағы инвестициялық жобалардың барысы және өткен жылы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нақты нәтижелері туралы есептер тыңдалды. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев пен Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев өз өңірлеріндегі өндіріс көлемін арттыру, жаңа инвесторлар тарту және оларға көрсетіліп жатқан әкімшілік қолдау шаралары мен алдағы жоспарлары жөнінде егжей-тегжейлі баяндама жасады. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан өңірінің экономикалық болашағына сенім білдіріп, инвестиция салып жатқан іскер азаматтарға алғыс айтып, олардың жұмысына ешқандай кедергі болмауы тиіс екенін тағы да шегелеп тапсырды.
Айта кететін болсақ, өткен жылы облыс экономикасына 1,7 триллион теңге көлемінде рекордтық инвестиция тартылып, өсім қарқыны 121,6 пайызды құраған болатын. Сол уақытта жалпы құны 340 миллиард теңге болатын 58 ірі инвестициялық жоба сәтті іске қосылып, өңірде 8 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны ашылды. Ағымдағы жылы да осы оң динамиканы сақтай отырып, облыс экономикасына тағы да 1,7 триллион теңге инвестиция бағыттау көзделіп отыр. Бұл жоғары көрсеткішке жалпы құны 369 миллиард теңгені құрайтын 67 жаңа инвестициялық жобаны іске қосу есебінен қол жеткізілмек. Бұл ауқымды жұмыстар өңірдің макроэкономикалық тұрақтылығына тікелей септігін тигізіп, осы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша облыс экономикасының өсімі 125,2 пайызды құрап, республикада бірінші орынға шығуына негіз болды.
Аймақтың ұзақ мерзімді даму әлеуетін ескере отырып, алдағы кезеңге, яғни 2026-2029 жылдарға арналған жалпы құны 2,7 триллион теңгені құрайтын 122 ірі инвестициялық жобаның ауқымды пулы қалыптастырылды. Осы жобалар толық қуатына көшкенде аймақта 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, мемлекет қазынасына 100 миллиард теңгеге жуық таза салықтық түсімдер құйылады деп жоспарлануда. Осы стратегиялық жоспарларды жүзеге асыру нәтижесінде, алдағы 5 жылда Түркістан облысының жалпы өңірлік өнім көлемін 2,7 есеге, ал аймақтың өз ішкі өзіндік кірістерін 2,3 есеге ұлғайту көзделіп отыр. Атқарылып жатқан барлық жүйелі жұмыстардың түпкі мақсаты – Түркістан облысын еліміздегі ең бәсекеге қабілетті, өнеркәсібі жоғары дамыған, инвесторлар үшін қауіпсіз әрі қолайлы және ең бастысы, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасы тұрақты түрде өсетін қуатты өңірге айналдыру болып табылады.
