KAZINFORM: Иран АҚШ-тың соғысты тоқтату туралы жоспарын қабылдамады. Бұл туралы сәрсенбі, 25 наурыз күні Иранның мемлекеттік Press TV телеарнасы хабарлады, деп жазады DW.
Тегерандағы үкімет өкілінің айтуынша, «соғыс АҚШ президенті Дональд Трамп қалаған кезде емес, Иран шешім қабылдаған кезде ғана аяқталады»
Ислам Республикасына АҚШ-тың 15 тармақтан тұратын жоспары «Пәкістан арқылы» жеткізілгенін AFP агенттігі Исламабадтағы екі үкімет өкіліне сілтеме жасап нақтылады.
The New York Times басылымының жазуынша, жоспар Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қалпына келтіруді, сондай-ақ Иранның ядролық бағдарламасына қатаң шектеулер енгізуді қарастырады. Өз кезегінде израильдік Channel 12 телеарнасының мәліметінше, оның орнына Иранға қарсы санкциялар алынуы тиіс. Құжатқа сәйкес, тараптар бір айлық бітім жариялап, осы кезеңде Вашингтонда АҚШ ұсынысы негізінде келіссөздер жүргізуі керек. Жоспарда Ирандағы билікті ауыстыру қарастырылмаған.
Осы ретте Ұлыбритания мен Франция Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қайта бастау мәселесі бойынша келіссөздер ұйымдастыруды жоспарлап отырғаны белгілі болды. Ұлыбритания Қорғаныс министрлігіндегі дереккөздің AFP-ге хабарлауынша, шамамен 30 елдің әскери өкілдері қатысатын кездесу апта соңына дейін өтуі мүмкін. Негізгі мақсат — бұғазды ашу үшін коалиция құру.
Өткен аптада Ұлыбритания, Франция, Германия, Италия, Жапония және Нидерланд «қауіпсіз өтуді қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдауға» дайын екенін мәлімдеді. Кейін бұл бастамаға тағы 24 ел қосылған.
— Бұл коалицияны біріктіруде маңызды рөл атқарып отырғанымызды түсінеміз, — деді Ұлыбритания Қорғаныс министрлігінің өкілі.
The Times газетінің мәліметінше, Лондон кездесуді Портсмутта немесе Лондонда өткізуге ұсыныс жасаған.
