Футболдың басты мерекесі – әлем чемпионаты. Бірақ соңғы жылдары ФИФА бұл мерекені той емес, жәрмеңкеге айналдырып бара жатқандай.
Әлі 48 құрамамен өтетін 2026 жылғы экспериментке көз жеткізбей жатып, енді 2030 жылы 64 құрама ойнайды деген сыбыс шықты. «Көбірек болғаны жақсырақ» деген принципті дүкендегі акцияға жаратуға болады, тек мундиальға емес!
Әлем чемпионаты ма, әлде ауыл чемпионаты ма?
ФИФА-ның ойынша, футболды дамыту үшін көп елді қатыстыра беру керек екен. Бірақ ойлап қараңыз: Бермуд аралдары мен Кабо-Верде арасындағы ойынға сіз билет алар ма едіңіз? Әлде үйде теледидар алдында самсаны ыстықтай жей бергеніңіз дұрыс па?
Әрине, Бразилия–Аргентина, Испания–Германия секілді классикалық дуэльдер тарихта қалады. Бірақ 64 құраманың ішінде әлсіз командалар қаптап кетсе, мундиаль нағыз «туристік фестивальге» айналады.
Көрерменнің көңілі суып кетуі мүмкін
Соңғы клубтық әлем чемпионатын еске түсірейік: «Ульсан» (Корея) мен «Мамелоди Сандаунз» (ОАР) ойынына небәрі 3 мың көрермен келді. Стадиондағы бос орындарды көріп, «қой, ауылдағы көкпарда бұдан көп адам жиналады ғой» дегің келеді.
Ал мундиальдың абыройы қайда қалды? Жаңа Зеландия мен Гондурас құрамаларының ойынын кім тамашаламақ? Әрине, тек сол елдердің азаматтары. Бірақ біз әлем чемпионатын «өз ауылымыздағы турнир» деп күтпейміз ғой.
Жұлдыздар жұлдыз болмай қалады
Мундиаль көбейген сайын, матчтар саны артады. Демек, футболшылар шаршайды, жарақат алады. Қазірдің өзінде Мбаппе, Холанд, Дембеле, Педри секілді жұлдыздар жылына 60-70 ойын өткізеді. Оның үстіне тағы 6-8 матч қоссақ – ойыншылар адам емес, роботқа айналады.
Сонда біз мундиальда кімді көрмекпіз? Әлемдік жұлдыздарды ма, әлде шаршап-шалдығып жүрген «жартылай қапталдағы» футболшыларды ма?
Әлем чемпионаты – футболдың шыңы. Ал шыңға шығатын жол жеңіл болмауы керек. 32 құрама – әбден жеткілікті. «Әлсіздерді де кіргізейік» деп, мундиальдың қадірін қашырсақ, ертең әлем чемпионаты Олимпиададағы кейбір спорт түрлерінің тағдырын қайталайды: өтеді, бірақ ешкім байқамайды.
ФИФА-ға айтар бір-ақ сөз бар:
«Футболды дамыту деген – санды көбейту емес, сапаны арттыру».
