Шардара ауданында су ресурстарын тиімді әрі үнемді пайдалану, аймақтың агроөнеркәсіптік кешенін заман талабына сай дамыту және көктемгі дала жұмыстарының барысын пысықтау мақсатында кеңейтілген мәжіліс өтті. Жиын Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің ауданға жасаған жұмыс сапары аясында ұйымдастырылды. Басқосуда ауданның 2026 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, су шаруашылығы саласындағы ағымдағы ахуал, көктемгі егіс науқанының барысы, су үнемдеу технологияларын енгізу қарқыны және инфрақұрылымдық маңызды жобалардың орындалу деңгейі жан-жақты сараланды. Мәжіліске Шардара ауданы әкімінің орынбасары Жұмасұлтан Бердешов, ауылдық округ әкімдері мен аймақтағы ірі шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.
Жиын барысында аудан аумағында су үнемдеу технологияларын өндіріске енгізу жұмыстарының есептік баяндамасы тыңдалды. Ағымдағы 2026 жылы бұл заманауи технологияларды 8 мың гектар жерге енгізу жоспарланса, бүгінгі күнге дейін соның 7 959,3 гектар алқабы толықтай қамтылып, жоспар межесіне жақындаған. Аталған ауқымды модернизациялау жұмыстарын «КазКиоти», «Нөсер», «Жәрдем АС», «Казкрахмал» және «Агротехкредит» сияқты отандық және шетелдік тәжірибелі компаниялар жүзеге асыруда. Сонымен қатар, жиында кейбір мердігер ұйымдардың, соның ішінде «БНК групп» компаниясының бекітілген кестеден қалып, жұмыс қарқынын баяулатқаны сынға алынып, жауапты тұлғаларға кемшіліктерді жедел жою жөнінде қатаң тапсырмалар берілді.
Көктемгі дала жұмыстарына тоқталған жауапты мамандар, биыл Шардара ауданы бойынша жалпы 58 мың гектар егіс алқабын игеру көзделгенін атап өтті. Аймақтағы негізгі дақылдардың қатарында дәстүрлі мақта, жүгері, күріш және мал азықтық жоңышқа бар. Қазіргі таңда мақта шитін себу, жүгері мен бақша дақылдарын егу науқаны бекітілген агротехникалық талаптар мен кестеге сай сәтті жүргізіліп жатыр.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау шеңберінде шаруаларға кепілдірілген бағамен 2 630 тонна дизель отыны бөлініп, егістіктерді сапалы минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету шаралары ұйымдастырылған. Бұған қоса, мемлекеттік «Кең дала» бағдарламасы аясында аудандағы 253 шаруашылыққа көктемгі жұмыстарды жүргізу үшін жалпы құны 2,31 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие қаражаты үлестірілді.
Мәжілісте өңірдегі су тапшылығының алдын алу және су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударылды. Осыған байланысты, суды тым көп қажет ететін күріш егісінің көлемін барынша қысқарту, оның орнына суды аз талғайтын әрі экономикалық тиімділігі жоғары жүгері дақылының алқабын ұлғайту бойынша егіс құрылымын әртараптандыру жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар, вегетациялық кезеңде судан таршылық көрмеу үшін жергілікті шаруашылықтардың басым бөлігі «Қазсушар» РМК облыстық филиалымен тиісті келісімшарттарға отырған.
Су шаруашылығы саласындағы ағымдағы жағдайды саралай келе, Шардара су қоймасындағы судың жалпы көлемі бүгінде 5 132 млн текше метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай артқаны мәлімделді. Қоймаға судың келуі мен төменгі ағысқа шығуы бекітілген диспетчерлік режимге сәйкес қатаң реттелуде. Биылғы маусымға аудан бойынша бекітілген жалпы су лимиті 964,7 млн текше метрді құрап отыр.
Бұған қоса, жиында егіс алқаптарын зиянкестерден қорғауға бағытталған фитосанитарлық шаралардың барысы да пысықталды. Ауданда арнайы мамандармен 36 800 гектар жерге фитосанитарлық зерттеу жүргізіліп, анықталған ошақтарда үйірлі шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары уақтылы атқарылған.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында Ислам даму банкінің (ИДБ) тікелей қаржыландыруымен аудан аумағындағы 8 ірі магистралды каналға ауқымды қайта жаңғырту және бетондық қаптау жұмыстары жүргізіліп жатқаны баяндалды. Жалпы құны 6,38 млрд теңгені құрайтын бұл ірі инвестициялық жоба 2027 жылға дейін толық іске асырылады деп күтілуде. Нәтижесінде, каналдардағы су шығыны азайып, қосымша 910 гектар суармалы жер айналымға енгізілмек.
Жиынды қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков су ресурстарын ұтымды пайдалану, егіс құрылымын әртараптандыру және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағытындағы жұмыстарды бір сәт те бәсеңдетпей, жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін шегелеп айтты. Осы мақсатта жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдардың өкілдеріне нақты мерзімді міндеттер мен тапсырмалар жүктеді.