Мәдениет және өнер қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында Түркістан облысында айтулы шара өтіп, өңір басшысы Нұралхан Көшеров Қазақстан руханияты мен ұлттық әдебиетінің туын көтеріп, елдің сөз өнеріне өлшеусіз үлес қосып жүрген танымал қаламгерлермен арнайы кездесіп, емен-жарқын пікір алмасты. Салмақты да салиқалы бұл басқосуға Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі ақын, этнограф Қасымхан Бегманов және танымал ақын Қалқаман Сарин қатысты.
Жүздесу барысында ел руханиятының бүгінгі ахуалы, ұлттық әдебиетті заман талабына сай дамыту және көне Түркістан қаласының тұтас түркі әлеміндеді тарихи-мәдени миссиясын айқындай түсу мәселелері кеңінен сөз болды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мәдениет пен өнердің кез келген мемлекет пен ұлт үшін ең басты рухани тірек екенін ерекше атап өтіп, Түркістан өңірінде әдебиет пен мәдениет саласын жүйелі түрде қолдау жұмыстары алдағы уақытта да қарқынды жалғаса беретінін жеткізді. Әсіресе, соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен өңірде ауқымды жаңғыру және инфрақұрылымдық құрылыс жұмыстарының жүргізіліп жатқанына тоқталған өңір басшысы, жуырда ғана қасиетті шаһарда жоғары деңгейде өткен Түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінің қорытындыларына назар аударды.
Саммит барысында бауырлас мемлекеттердің көшбасшылары бұл мекенді ортақ өркениеттің алтын бесігі, бауырлас халықтардың рухани тұғыры ретінде өте жоғары бағалаған болатын. Қаламгерлерді Түркістан төрінде көргеніне қуанышты екенін білдірген облыс әкімі өз сөзінде: «Түркістан – тек қазақтың ғана емес, тұтас түркі жұртының қасиетті мекені. Қасиетті мекенде өткен Түркі мемлекеттері басшыларының бейресми саммитінде Түркістанның аты ерекше құрметпен аталды. Бұл – бүкіл Алаш жұрты үшін үлкен мәртебе. ғасырлар бойы ақындар мен жыраулар жырлаған қасиетті шаһар бүгінде жаңа дәуірдің рухани астанасына айналып отыр. Сондықтан Түркістанды дәріптеу – тарихымызды, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды ұлықтау», – деп атап өтті.
Сонымен қатар өңір басшысы қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің қоғамдағы маңызды рөліне тоқталып, олардың шығармашылығы халықтың санасын оятуға және рухани кемелденуіне әрдайым зор серпін беретінін назардан тыс қалдырмады. Кездесу аясында тек жетістіктер ғана емес, сонымен бірге аймақтағы рухани іс-шаралардың ауқымын кеңейту, жас қаламгерлерге жағдай жасау және Түркістан төрінде халықаралық деңгейдегі әдеби форумдар мен симпозиумдарды жиі өткізу қажеттілігі де қозғалды. Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов өз кезегінде Түркістанның бүгінгі заманауи келбеті мен мәдени өміріндегі оң өзгерістер қазақ руханияты үшін үлкен мақтаныш екенін жеткізе отырып, жуырда өткен маңызды саммиттің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына сүйсінгенін айтты. Ол Түркістанның ұлттың рухани тірегі екенін, бұл қалада тарихтың үні мен бабалардың ізі сайрап жатқанын алға тартып, соңғы жылдары шаһардың жаңарған келбеті күллі қазақ елінің мерейін өсіргенін және мұнда руханиятқа деген ерекше жанашырлық бар екенін көріп отырғандарын мәлімдеді. «Әдебиетке қолдау көрсету – ұлттың болашағына қолдау көрсету деген сөз», – деп түйіндеді одақ басшысы.
Ал танымал ақын Қасымхан Бегманов көне шаһарды Алаш жұртының соғып тұрған жүрегі деп бағалап, облыс орталығындағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды тұрақты түрде бақылап, қуанып жүретіндерін жеткізді. Ол игі істерді үйлестірген облыс басшылығына алғысын білдіріп, Түркістан туралы жырламаған ақын, толғамаған ойшыл кемде-кем екенін, себебі бұл мекеннің нағыз рухтың мекені екенін айтты.
Бүгінде бүкіл түркі дүниесі Түркістанға айрықша ықыласпен қарап отырғанын және бүгінгі Түркістан жаңару мен жаңғырудың шынайы символына айналғанын, сондықтан қаламгерлерді арнайы қабылдап, руханиятқа қолдау көрсеткен өңір басшысына ризашылығын білдірді. Еркін форматта өткен келіссөздер барысында қазақ әдебиетін дамытудың жаңа тетіктері, өскелең ұрпақ арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық құндылықтар мен бабалар мұрасын цифрлық форматта насихаттау сияқты заманауи тақырыптар да талқыланды.
Қатысушылар Түркістан қаласының халықаралық мәдени-гуманитарлық және туристік орталық ретіндегі рөлі мен салмағын одан әрі күшейту үшін бірлескен шығармашылық жобаларды қолға алу қажеттігіне ерекше назар аударды. Кездесу қорытындысында зиялы қауым өкілдері өңірдегі мәдени және әлеуметтік салалардағы оң динамикаға тағы бір мәрте жоғары баға беріп, Түркістанның рухани брендін әлемге таныту бағытындағы облыс басшылығының бастамаларына сәттілік тіледі. Мұндай мазмұнды кездесулер мемлекеттік органдар мен шығармашылық ортаның арасындағы алтын көпір болып қала бермек.