Түркістан қаласындағы «Киіз үй» кешенінде тағылымы терең, маңызы зор алқалы жиын өтті. Түркістан облыстық мәслихаты мен «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен және Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Turkistan – 2026: Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу және ішкі туризмді дамыту» атты республикалық конференция ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген отандық туризмді дамыту, Қожа Ахмет Ясауидің бай мұрасын кең көлемде насихаттау және оны ел жұртшылығына таныту бағытындағы тапсырмаларды іс жүзінде жүзеге асыру болып табылады.
Ауқымды жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар мәслихаттарының төрағалары мен өкілдері, құқық қорғау органдарының басшылары, Түркістан облыстық мәслихатының депутаттары қатысты. Сондай-ақ шараға аудандық және қалалық мәслихат төрағалары, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, зиялы қауым, ғалымдар мен отандық туристік операторлар арнайы жиналды. Конференция жұмысын Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов жүргізіп отырды.
Басқосу барысында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов аймақ басшысының арнайы құттықтау хатын жеткізіп, Ясауи мұрасын ұлықтау мен туризмді дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Ол өз сөзінде: «Киелі Түркістан – ұлтымыздың рухани тамыры, түркі дүниесінің қасиетті бесігі. Бұл – тарих пен тағылым тоғысқан, бабалар аманаты сақталған, ұрпаққа ұлағат беретін қастерлі мекен. Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – барша түркі әлемінің ортақ рухани қазынасы. Бүгінде Мемлекет басшысының бастамасымен тарихи-мәдени мұраны сақтау және туризм саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Осы игі бастамалардың нәтижесінде Түркістан халықаралық деңгейдегі рухани, мәдени әрі туристік орталық ретінде жаңаша келбет қалыптастыруда. Біздің міндетіміз – ұлы бабалардан қалған асыл мұраны сақтау ғана емес, оны әлемге кеңінен таныту», – деп атап өтті.
Сонымен қатар конференцияда «Қазақстан мәслихаттары депутаттарының бірлестігі» РҚБ төрағасы Төлеубек Мұқашев пен Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев сөз сөйледі. Төлеубек Мұқашев өз баяндамасында туризмнің тек экономикалық емес, рухани астарына мән берді. «Туризмді тек экономика дейтіндер біржақты ғана ойлайды. Туризм дегеніміз – ең алдымен, тарихи сананы жаңғырту мен ұлттық рухты таныту. Ол – мемлекеттің мәдени дипломатиясының маңызды құралы. Егер біз Түркістанды жай ғана туристік нысан ретінде қарасақ, оның терең мағынасын жоғалтып алуымыз мүмкін», – деді ол. Сондай-ақ еліміздің түкпір-түкпірінен мәслихат депутаттарының бас қосуы өңірлік саясат пен ұлттық руханияттың тоғысуын көрсететін маңызды қадам екенін тілге тиек етті.
Конференция аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев баяндама жасап, өңірдегі ішкі туризмді дамыту мен киелі орындарды насихаттау мәселелеріндегі нақты көрсеткіштерді алға тартты. Оның мәлімдеуінше, облыста туристік әлеуетті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен өңірдегі орналастыру орындарында демалғандар саны 347,6 мың адамға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 14,7 пайызға артқан. Ал тарихи орындарға келушілер саны 1 миллион адамнан асып, 13 пайыздық өсім көрсетті. Бүгінде облыста туризм саласына 133 миллиард теңге инвестиция тартылып, бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылуда. Инфрақұрылымды жақсарту мен визит орталықтарын ашу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғаса бермек.
Бұдан бөлек, жиында Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, философия және теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетаев және Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректорының міндетін атқарушы Бекежан Мырзаев мазмұнды ғылыми баяндамалар жасады. Сонымен бірге Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Мұқаев, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнәр Тойлыбаева және Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов тақырыпқа сай ой қозғап, Түркістанның рухани және туристік әлеуетін жоғары бағалады.
Жиын қорытындысында қатысушылар бұл басқосудың ұлттық руханиятты, тарихи сананы және өңірлік дамуды тоғыстырған маңызды қоғамдық алаңға айналғанын атап өтті. Түркістанның халықаралық деңгейдегі әлеуетін арттыру және Ясауи мұрасын халықаралық аренада дәріптеу бағытындағы жұмыстарды ширату қажеттігі туралы ортақ байлам жасалды. Екі күнге созылатын конференция бағдарламасы аясында қатысушылар Түркістан қаласы мен Отырар және Ордабасы аудандарындағы тарихи-туристік нысандарды аралайды деп жоспарланған.