Түркі әлемінің рухани астанасы – қасиетті Түркістан төрінде жақында ғана бес мемлекет басшысының қатысуымен Түркі мемлекеттері ұйымының тарихи бейресми саммиті жоғары деңгейде өтті. Осы айтулы халықаралық шараның сәтті қорытындылануына байланысты өңірдің жаңа этно-туристік кешеніндегі алып киіз үйде облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қатысуымен келелі басқосу ұйымдастырылды. Зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, кәсіпкерлер мен белсенді жастар бас қосқан бұл алқалы жиында саммиттің саяси маңызы ғана емес, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың аймақ халқына жолдаған арнайы алғысы жеткізіліп, ең бастысы – Түркістан облысының жаңа макроэкономикалық даму стратегиясы мен инвестициялық әлеуеті терең талқыға түсті. Бұл кездесу аймақтың шикізаттық бағыттан жоғары өңделген, қосымша құны жоғары дайын өнім шығаруға көшу кезеңіндегі маңызды белесін айқындап берді.
Соңғы жылдары Түркістан өңірінде сыртқы сауда мен инвестиция ағынының бұрын-соңды болмаған серпіні байқалады. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыстың сыртқы тауар айналымы 34,6 пайызға өсіп, 3,5 миллиард АҚШ долларына таяды, ал экспорт көлемі соңғы үш жылда 142 пайызға ұлғайып, 1,8 миллиард долларды құрады. Қазіргі таңда аймақтың сыртқы саудасында Ресей, Қытай, Өзбекстан, Германия және Чехия сынды бес негізгі стратегиялық серіктес мемлекет айқындалған. Дегенмен, жүргізілген кешенді талдаулар көрсеткендей, экспорттың негізгі үлесі әлі де өңделмеген бастапқы шикізат тауарларына тиесілі. Осы әлсіз тұстарды ескере отырып, облыста импортты алмастыру және ішкі шикізатты терең өңдеу мақсатында әрбір аудан мен қаланың ерекшелігіне қарай 40 инвестициялық тизер, яғни дайын бизнес-кейстер қалыптастырылды. Ендігі кезекте инвесторларға тек жер телімі ғана емес, нарықтың сыйымдылығы, шикізат көлемі мен қаржылық көрсеткіштері алдын ала дәл есептелген дайын жобалар ұсынылуда, бұл шикізатты қайта өңдеу арқылы жергілікті кәсіпорындардың табыстылығын 3-5 есеге дейін арттыруға жол ашады.
Ауыл шаруашылығында республика бойынша көш бастап тұрған өңірде былтыр агроөнеркәсіп өнімінің жалпы көлемі 2,5 миллиард АҚШ долларына жетті. Түркістан облысы мақта өсіру мен өңдеуде, сондай-ақ жеміс-жедек, бақша және ет өнімдерін экспорттаудан ел бойынша бірінші орында тұр, ал жергілікті жылыжайлардың жалпы аумағы 1 007 гектарға жетіп, республикалық үлестің 72 пайызын бағындырды. Оның үстіне, өңір уран өндіру мен өңдеуден тек республикада ғана емес, әлемде көшбасшы орында. Осынау орасан зор пайдалы қазбалар мен шикізаттық базаны өнеркәсіптік кластерге айналдыру үшін арнайы экономикалық және индустриалды аймақтарда инженерлік инфрақұрылымы тартылған дайын өндірістік алаңдар салынған. Бүгінде арнайы экономикалық аймақтарда 976,4 миллиард теңгенің (7 025 жұмыс орны), ал индустриялды аймақтарда 132,3 миллиард теңгенің ірі жобалары сәтті жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында 214 гектар аумақта 25 шағын өндірістік алаң құрылып, барлық аудандарда 258 өндірістік ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр, бұл бағытқа 192 миллиард теңге инвестиция бағытталған.
Жүйелі реформалардың нәтижесінде жалпы құны 176 миллиард теңгені құрайтын 31 инвестициялық жоба іске қосылып үлгерді, олардың қатарында жүгеріні терең өңдеу, түрлі-түсті сусындар, жіп иіру, ламинат, тоңазытқыш жабдықтары мен газ қазандықтары, алюминий бұйымдары мен орау материалдарын шығаратын іргелі кәсіпорындар бар. Өндірістің келесі толқыны ретінде жалпы құны 280 миллиард теңгені құрайтын тағы 39 жоба белсенді жүзеге асырылу үстінде. Таяу уақытта аймақта «John Deere» және «Lovol» ауыл шаруашылығы техникалары мен заманауи дрондар өндірісі, бояу-әрлеу, тігін және джинс маталары фабрикалары, күкірт қышқылы мен карбамид зауыттары, сондай-ақ биологиялық белсенді қоспалар мен мал сүйегінен май мен пептон шығаратын инновациялық кәсіпорындар бой көтереді. Бұл серпіліс облыстың инвестициялық тартымдылығын арттырып, 2025 жылы аймақ экономикасына 1,7 триллион теңге инвестиция тартуға мүмкіндік берді (өсім 121,6 пайыз), ал өткен жылы ғана құны 340 миллиард теңге болатын 58 жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Ағымдағы жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша Түркістан облысы экономикасының өсімі 125,2 пайызды құрап, республика бойынша бірінші орынға шығуы – атқарылған ауқымды жұмыстардың тікелей айғағы. Биыл да 1,7 триллион теңге инвестиция тарту қарқынын сақтап қалу үшін жалпы құны 369 миллиард теңгені құрайтын 67 жоба іске асырылмақ. Алдағы кезеңге көз жіберер болсақ, өңірде 2026–2029 жылдарға арналған жалпы құны 2,7 триллион теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның қуатты пулы қалыптастырылған. Осы стратегиялық жоспар толық орындалған жағдайда, 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 100 миллиард теңге қосымша салық түседі деп күтілуде. Нәтижесінде, алдағы бес жылда жалпы өңірлік өнім көлемі 2,7 есеге, ал облыстың өзіндік кірістері 2,3 есеге ұлғаймақ. Түркістандағы алқалы жиынды қорытындылай келе, облыс басшылығы Джон Кеннедидің «Елім маған не істей алады деп емес, мен еліме не істей аламын деп сұра» деген қағидасын алға тарта отырып, барша жұртшылықты бәсекеге қабілетті, өндірісі дамыған және халықтың әл-ауқаты тұрақты өсетін қуатты өңірді бірге қалыптастыруға шақырды.