Түркістан облысының Төлеби ауданына қарасты Аққұм ауылында жергілікті жастардың спортпен тұрақты түрде шұғылдануына және аймақта салауатты өмір салтын кеңінен қалыптастыруға бағытталған «Мұхит Әлі» атындағы заманауи жаңа спорт кешенінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ауыл тұрғындары үшін үлкен тарихи қуанышқа айналған бұл айтулы іс-шараға аудан және облыс жұртшылығымен қатар, көршілес Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, сондай-ақ Алматы және Астана қалаларынан арнайы ат терлетіп келген зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен мәртебелі қонақтар қатысып, өздерінің жүрекжарды ақжарма тілектерін жолдады.
Жаңа кешенге есімі берілген Аққұм ауылының тумасы, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұхит Оралбайұлы Әлі өзінің еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, табандылығының арқасында бірнеше аудан мен қаланы табысты басқарған тұлға. Ол әр жылдары Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары, облыс әкімінің бас кеңесшісі секілді аса жауапты саяси қызметтерді абыроймен атқарып, тәуелсіз еліміздің дамуына өзіндік сүбелі үлесін қосты. Сонымен қатар, ұлттық руханият пен мәдениеттің өркендеуіне де қалтқысыз қызмет етіп, ел құрметіне бөленді.
Туған жерін ерекше қадірлеп, оның өсіп-өркендеуін әрдайым басты назарда ұстаған Мұхит Әлі көзі тірісінде туған ауылының әлеуметтік жағдайын көтеруге бағытталған көптеген игі істердің басы-қасында болды. Ол ауыл мешітінің іргетасы қаланып, бой көтеруіне тікелей ұйытқы болып, халық игілігіне қызмет ететін өзге де маңызды нысандардың ашылуына үлкен қолдау білдірді. Оның жүрегіндегі үлкен армандарының бірі – ауыл балалары мен жастары үшін барлық халықаралық стандарттарға сай келетін заманауи спорт кешенін салу болатын. Алайда, кенеттен келген тағдыр сынағы оған осы бір ізгі арманын өз қолымен толықтай жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді.
Дегенмен, асыл азаматтың арманы аяқсыз қалмады. Мұхит Әлі бастаған ізгі жолды лайықты жалғастырған елжанды азаматтар оның туған күніне орай ауыл жұртшылығына үлкен тарту жасауды ұйғарды. Аққұм ауылында туып-өскен белгілі кәсіпкер, меценат Төре Сапарханұлы Құрбанов қайраткер ағасының асыл арманын іске асырып, өз қаражаты есебінен салынған еңселі «Мұхит Әлі» атындағы спорт кешенін ауыл жастарының пайдалануына ресми түрде табыстады.
Салтанатты жиын барысында белгілі мемлекет қайраткері Нартай Дүтбаев, Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров, белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанова, Сидней Олимпиадасының чемпионы, марқұм Бекзат Саттархановтың анасы Сырлыкүл Шойбекова, осы ауылдың мақтанышы, ақын Күлия Айдарбекова, сондай-ақ филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Құлбек Ергөбек және өзге де зиялы қауым өкілдері мінберге шығып сөз сөйледі. Олар Мұхит Оралбайұлының ел үшін жасаған ерен еңбектерін тебірене еске алып, ауыл тұрғындарын жаңа спорттық нысанның ашылуымен шын жүректен құттықтады.
Сонымен қатар, елдің ардақты ағалары Жеңісбек Тұрғанов пен Созақбай Әбдіқұлов сахна төріне шығып халыққа ақ баталарын беріп, жаңа орталықтан ел намысын қорғайтын мықты спортшылардың тәрбиеленіп шығуына ізгі тілектерін арнады. Белгілі ақын Біржан Байтуов заманның асыл азаматына арнаған өзінің отты арнауын оқып, жиналған көпшіліктің рухын асқақтатты. Іс-шараның ресми бөлімі аяқталған соң, мемлекет және қоғам қайраткері Мұхит Оралбайұлы Әлінің рухына бағышталып қасиетті Құран аяттары оқылып, көпшілік қауымға арнайы ас берілді.
Іске қосылған жаңа зәулім спорт кешені алдағы уақытта ауыл жастарының спорттың бірнеше түрімен еш кедергісіз, тұрақты шұғылдануына жол ашады. Бұл нысан өңірде бұқаралық спортты дамытуға, жастар арасында зиянды әдеттерден аулақ болу мәдениетін қалыптастыруға және болашақта халықаралық ареналарда Көк туымызды желбірететін жаңа Олимпиада әрі әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығаруға берік негіз қалайтын болады. Жергілікті билік өкілдері ауылдық аймақтарда осындай спорттық нысандардың санын арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса беретінін жеткізді.