Астана қаласындағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында отандық өндірушілердің IX жыл сайынғы «Ulttyq Ónim – 2026» көрмесі жұмысын бастады. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының ұйымдастыруымен өтіп жатқан бұл ауқымды шара биыл өз тарихындағы ең ірі рекордық көрсеткішке қол жеткізіп отыр. Еліміздің барлық аймақтарынан жиналған 600-ден астам шағын және орта бизнес субъектілері бас қосқан алаңда Түркістан облысының өндірістік әлеуеті мен экспорттық мүмкіндіктері жоғары деңгейде паш етілуде. Оңтүстік өңірден арнайы келген 25 жетекші кәсіпорын халықаралық талаптарға сай келетін өнімдердің кең ауқымын көпшілік назарына ұсынды.
Биылғы көрме жай ғана тауарлар шеруі емес, импортқа тәуелділікті азайтудың нақты саяси-экономикалық тетігін көрсеткен алаңға айналды. Түркістан облысының тауар өндірушілері азық-түлік, құрылыс, химия және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп отыр. Атап айтқанда, көрме павильондарында «DALA-FRUIT.KZ» ЖШС-нің табиғи алма шырындары, «AYKAN» ЖШС-нің еуропалық стандартпен шығарылатын «Эмир» ірімшіктері, сондай-ақ аймақтағы ірі ет кластерінің өкілі «ҚАРҚЫН-2030» ЖШС-нің шұжық өнімдері келушілер тарапынан жоғары бағаланды. Оған қоса, «BEIBARS BOTTLERS» компаниясының RC Cola сусындары, танымал «Ленгерское» брендімен танымал «Балмуздак» ЖШС-нің тәттілері де брендтік салмағын айқындады. Тек азық-түлік емес, ауыр өнеркәсіп пен құрылыс секторында «QAZAQ BITUM Processing» компаниясының битумдары, «Trans Cable» зауытының кабельдік өнімдері, «QazEcoPack» ЖШС-нің қаптама материалдары және «Quraq Group» ЖШС-нің жиһаздары Түркістанның индустриалды аймақтарында өндірістің әртараптандырылғанын көрсетті. Жеңіл өнеркәсіп бағытында «Нұр-Агро 73» ЖШС-нің мақтасы мен «Шораев» ЖК-нің арнайы қорғаныш аяқ киімдері өңірдің кәсіби еңбек қауіпсіздігі нарығын толық қамти алатынын байқатты.
Көрменің ресми ашылу салтанатына Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин қатысып, Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің арнайы құттықтау хатын оқып берді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шағын және орта бизнесті экономиканың қозғаушы күшіне айналдыру туралы тапсырмасына сәйкес, кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары мен жеңілдіктері жүйелі түрде жалғаса беретіні ашық мәлімделді. Бұл ретте «Даму» қорының қаржылық оператор ретіндегі рөлі ерекше атап өтілді. Мәселен, өткен 2025 жылдың қорытындысы бойынша Үкімет тарапынан бизнесті қолдауға 560 миллиард теңгеден астам субсидия мен кепілдік бөлінген. Осы қолдаудың арқасында жалпы несие қоржыны 2,2 триллион теңгені құрайтын 13 мыңға жуық жаңа жоба іске қосылды. Нәтижесінде республика бойынша 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 143 мыңнан астам жұмыс орны сақталып қалды. Отандық кәсіпорындар 27,7 триллион теңгенің өнімін өндіріп, ел бюджетіне 2 триллион теңгеге жуық таза салық құйған.
Түркістан облысы үшін бұл көрменің стратегиялық маңызы зор. Қазіргі уақытта аймақта жаңа инвестициялық ағындарды тарту, жаңа жұмыс орындарын құру және экспорттық географияны кеңейту бойынша кешенді стратегиялық жоспар іске асып жатыр. «ULTTYQ ÓNIM – 2026» алаңы өңірлік бизнеске жаңа B2B форматындағы келісімшарттар жасасуға, франчайзингтік жүйелерді енгізуге және өнім өткізу нарығын Астана мен солтүстік аймақтарға ғана емес, сыртқы нарықтарға бағыттауға жол ашады. Көрме аясында ұйымдастырылған панельдік сессиялар мен шеберлік сабақтарында кәсіпкерлер салық салудың жаңа тетіктері мен бизнесті цифрландыру, тіпті өндіріске жасанды интеллектіні енгізу бойынша тәжірибе алмасуда. Мұнымен қатар, келушілер үшін «Халық таңдауы» онлайн-дауыс беру байқауы мен мәдени бағдарламалар ұйымдастырылып, отандық брендтердің халықтық танымалдылығын арттыру көзделген.