Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру және өңірдегі идеологиялық бағыттарды үйлестіру бойынша апталық штаб отырысы өтті. Аймақтың медиа кеңістігін дамыту мен мемлекеттік бағдарламалардың ақпараттық сүйемелденуін саралаған жиында мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың орындалу барысы, БАҚ пен әлеуметтік желілердегі өзекті мәселелерге мониторинг жүргізу және Өңірлік коммуникациялар қызметінің (ӨКҚ) тиімділігі жан-жақты қаралды. Ресми басқосуда ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен мемлекеттік органдардың ашықтығын арттыру мәселелері негізгі өзекті тақырыпқа айналды.
Күн тәртібіндегі бекітілген мәселелер мен стратегиялық бағыттар бойынша Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Жұмашбеков, «Ақпараттық талдау орталығы» КММ директоры Айдар Сейдазым және Өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Төребек Байтасов кең көлемді баяндама жасады. Сала мамандары өңірдегі қоғамдық-саяси ахуалдың медиалық көрінісін, мемлекеттік органдардың халықпен байланыс орнату деңгейін және ресми ақпараттардың таралу жылдамдығын статистикалық деректермен негіздеп көрсетті.
Жиын барысында өңірлік БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған сыни және талдамалы материалдарға мемлекеттік органдардың жедел ден қою алгоритмінің жүзеге асырылу барысы қатты сыналды. Басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері тарапынан тұрғындардың шағымдарына берілетін ресми жауаптардың мерзімі мен мазмұндық сапасы жіті сараланды. Ертай Кенжебекұлы кейбір құзырлы органдардың ресми мәлімдемелеріндегі құрғақ есептер мен салғырттықты сынға алып, халық тарапынан жиі көтерілетін инфрақұрылым, әлеуметтік көмек және коммуналдық сектордағы өзекті мәселелерге терең талдау жүргізуді тапсырды. Ақпараттық кеңістіктегі манипуляциялар мен жалған мәліметтерге тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы – шынайы әрі жедел ақпарат тарату екені айтылды.
Отырыс барысында ел көлеміндегі маңызды мемлекеттік және әлеуметтік бағыттарды насихаттау жұмыстарына ерекше екпін берілді. Атап айтқанда, Мемлекет басшысының «Заң мен Тәртіп» қағидатын орнықтыру, республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын кеңінен ақпараттандыру мақсаты қаралды. Сонымен қатар қоғамдағы асқынған дертке айналған интернет-алаяқтықтың алдын алу, есірткі бизнесіне және есірткіге қарсы іс-қимыл, жол жүру ережелері мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ жазғы кезеңдегі дала өрттерінің алдын алу бағытындағы ақпараттық-насихат жұмыстарының деңгейі сөз болды. Бұл бағыттағы контенттің тек есеп үшін емес, халыққа түсінікті, өткір әрі визуалды тұрғыдан сапалы дайындалуы қажеттігі міндеттелді.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына мемлекеттік ақпараттық саясатты заманауи трендтерге сай сапалы іске асыру бойынша нақты міндеттемелер жүктеді. Кері байланыс тетіктерін жетілдіру, әлеуметтік желілердегі белсенділікті арттыру, халық мазалаған сұрақтарға уақытылы және толыққанды жауап беру әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті екенін қатал түрде ескертті. Ақпараттық штабтың шешіміне сәйкес, өзекті мәселелерге жедел әрекет ету алгоритмін бұзған тұлғаларға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады.