Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні киелі Түркістан қаласының тұрғындары үшін қос қуаныш сыйлаған айтулы күн ретінде тарихқа енді. Ұлттық мақтаныш асқақтаған бұл мерекеде шаһардағы 512 отбасы, яғни жалпы саны 3 мыңнан астам аймақ тұрғыны өздерінің көптен күткен баспаналарына қол жеткізді. Бұл мемлекет тарапынан жүргізіліп жатқан жүйелі әлеуметтік саясаттың Түркістан төріндегі айқын көрінісі болды. Атап айтсақ, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс көлемінде 3564 азаматқа пәтер кілті табысталса, бұл игі дәстүр биыл да өз жалғасын тауып, қарқынды түрде іске асып жатыр.
Түркістандық тұрғындардың толқынысты сәті мен шексіз қуанышын бөлісуге арнайы барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғын үй кезегінде тұрған көпбалалы және әлеуметтік мұқтаж азаматтарға жаңа пәтерлердің кілтін салтанатты жағдайда табыстап, өзінің ақжарма тілегі мен ізгі ниетін білдірді. Өңір басшысы өз сөзінде барша жиналған қауымды жүректі тебірентер қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтай отырып, бұл күн жүздеген отбасының көптен бергі арманы орындалған ерекше мереке екенін атап өтті. Дана халқымыздың «Үйі бардың – күйі бар» деген қанатты сөзін тілге тиек еткен Нұралхан Оралбайұлы баспананың кез келген шаңырақ үшін бақыт пен берекенің, тұрақтылық пен тыныштықтың берік негізі екеніне тоқталды. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрғындарды сапалы баспанамен қамтамасыз етуді үнемі өз бақылауында ұстап, алға басты міндет ретінде қоятынын жеткізді. Осы стратегиялық міндеттерді Түркістан облысында жүйелі жүзеге асырудың нәтижесінде өңірімізде тұрғын үй құрылысы жыл санап қарқынды дамып, мыңдаған азаматтың баспана мәселесі оң шешімін тауып келеді.
Облыс әкімі өз сөзінде нақты статистикалық деректерді де алға тартты. Оның мәлімдеуінше, былтыр тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға аймақ бойынша 3564 пәтер берілсе, ағымдағы жылы бұл көрсеткішті жоғары деңгейде ұстап, 2292 пәтер беру жоспарланып отыр. Бүгінгі шара аясында тағы да 512 отбасының қуанышы еселеніп отырғанын айтқан аймақ басшысы, бұл зәулім үйлердің жайлы, таза әрі көрікті болуы ең алдымен тұрғындардың өздеріне байланысты екенін ескертті. Осы ретте облыс әкімі жаңа қоныстанушыларды ауланың тазалығын сақтауға, айналаны көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына бір кісідей белсенді атсалысуға шақырды. Себебі бұл заманауи аулаларда болашақ ұрпақ өсіп, тәрбиеленіп, алаңсыз ойнайтын болады. Сондықтан Мемлекет басшысының бастамасымен бүкіл ел көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасын кеңінен қолдап, туған жеріміздің тазалығы мен көркеюіне әрбір азамат өз үлесін қосуы қажет. Нұралхан Көшеров жаңа пәтер иелерінің шаңырақтарынан шаттық пен береке кетпеуін тілеп, жаңа қоныстарының құтты болуын тіледі.
Шаһардың көркіне көрік қосқан жаңа «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде қоныс тойын тойлап, бақыттан басы айналған отбасылардың басым бөлігі — қоғамда ерекше қолдауды қажет ететін әлеуметтік осал топ өкілдері мен алтын құрсақты көпбалалы аналар. Айта кетерлігі, 2025 жылғы 24 мамырдан бастап ресми түрде күшіне енген тұрғын үй заңнамасындағы жаңа өзгерістер мен реформаларға сәйкес, елімізде тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу, олардың кезектілігін ашық жүргізу және дайын тұрғын үйлерді әділ бөлу функциялары толығымен «Отбасы банк» АҚ-ға жүктелген болатын. Бүгін Түркістанда баспана кілтін алып, зор қуанышқа кенелген тұрғындар — дәл осы жаңа заңды тәртіп бойынша «Отбасы банк» арқылы мұқият іріктеуден өтіп, жолдама алған алғашқы бақытты азаматтар ретінде тарихқа енді. Жаңадан бой көтерген тұрғын үй кешені барлық заманауи инфрақұрылыммен қамтылған, балалар ойнайтын алаңқайлары мен демалыс орындары талапқа сай жабдықталған.