Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Түркістан облысына қарасты теріскей өңір — Созақ ауданының тұрғындары үшін үлкен қуанышты оқиға орын алды. Аудан орталығы Шолаққорған ауылындағы жаңадан бой көтеріп, инфрақұрылымы дамып келе жатқан «Жеткіншек» ықшам ауданында салтанатты шара өтіп, 29 отбасыға заманауи үлгіде салынған жаңа пәтерлердің кілті салтанатты жағдайда табыс етілді.
Бұл баспаналар мемлекеттің әлеуметтік саясаты шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарға, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, толық емес және алтын құрсақты көпбалалы отбасыларға үлестірілді. Аудан тарихындағы елеулі сәттердің біріне айналған қоныс тойының қуанышын бөлісуге жергілікті тұрғындар, белсенді жастар, зиялы қауым өкілдері мен аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері көптеп қатысты.
Салтанатты іс-шараның ашылуында сөз сөйлеген Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа пәтер иелерін қоныс тойларымен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Өз сөзінде әрбір азамат пен шаңырақ үшін меншікті баспананың болуы тұрақтылық пен ертеңгі күнге деген сенімділіктің кепілі екенін, сондықтан бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары алдағы уақытта да бәсеңдемей, жоғары қарқынмен жалғаса беретінін қадап айтты.
«Баспана – әр шаңырақтың берекесі мен бақытының, жылулығы мен тыныштығының бастауы. Бүгінгі Жеткіншек ықшам ауданында өтіп жатқан қоныс тойы – мемлекетіміздің жүйелі түрде жүргізіп отырған әлеуметтік қолдау саясатының нақты әрі көзбен көрерлік нәтижесі. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын жақсартуды, әлеуметтік әл-ауқатын арттыруды және әрбір қазақстандық үшін тұрғын үйге қолжетімділікті қамтамасыз етуді мемлекеттік саясаттың ең басты басымдықтарының бірі ретінде белгілеп келеді. Осы жоғары деңгейдегі тапсырмалардың нәтижесінде біздің Созақ ауданында да тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету бағытындағы кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асып жатыр», – деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Аудан басшысынан кейін мінберге көтерілген Созақ аудандық мәслихатының төрағасы Ордабек Жәмиев те өз кезегінде жаңа қоныс иелеріне ізгі тілегін арнап, жаңа шаңырақтарға тек амандық, құт-береке және отбасылық бақыт тіледі. Халық қалаулылары атынан аудандағы тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған бюджеттік жобалардың алдағы уақытта да толық қолдау табатынын жеткізді. Жаңа пәтер кілтін алып, зор бақытқа кенелген баспана иелері мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан осындай қамқорлық пен қолдау үшін шынайы ризашылықтарын білдіріп, бата берді.
Айта кету керек, қазіргі таңда тұрғын үй заңнамасына енгізілген реформаларға сәйкес, азаматтарды тұрғын үй кезегіне қою, олардың мәліметтерін өңдеу және мұқтаж жандарды іріктеу процесі толықтай цифрландырылған. Бұл жұмыстар «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы ашық әрі таза жүргізіледі. Тұрғын үй алушылар азаматтардың заңды мәртебесі, тұрғын үйге нақты мұқтаждық деңгейі және жалпы кезектегі реттік орны негізінде автоматты түрде айқындалады. Бұл жүйе әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етудің басты құралына айналды.
Бүгінде «Жеткіншек» ықшам ауданында тұрғын үй құрылысы мұнымен тоқтап қалмай, қарқынды түрде жалғасып жатыр. Қазіргі таңда ауданда құрылысы толық аяқталып, пайдалануға дайын тұрған тағы 47 пәтер бар. Жауапты мамандардың мәлімдеуінше, тиісті заңды құжаттандыру және қабылдау рәсімдері аяқталған сайын бұл баспаналар да кезекте тұрған азаматтарға кезең-кезеңімен салтанатты түрде табысталатын болады. Сонымен қатар, аталған аумақта қосымша 20 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылыс-монтаж жұмыстары қызу жүргізілуде.
Бұдан бөлек, Созақ ауданындағы тұрғын үй қорын арттыруға ірі отандық бизнес өкілдері де белсенді атсалысуда. Мәселен, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның еншілес ұйымдарының тікелей демеушілігімен және әлеуметтік серіктестікті жаңғырту бағдарламасы аясында ауданда 16 пәтерлі екі қабатты жаңа тұрғын үйдің құрылысы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Бұл мемлекет пен ірі бизнестің бірлескен жұмысы аймақтағы әлеуметтік мәселелердің шешілуін тездетіп, Созақ ауданының дамуына жаңа серпін бермек.