Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің аппарат басшысы Ринат Мұхаметқали Түркістан облысына арнайы жұмыс сапарымен келіп, өңірдің мәдениет және туризм саласының қызметкерлерімен мазмұнды кездесу өткізді. Келелі жиынды облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев ашып, жүргізіп отырды. Басқосу барысында аймақтың мәдени әлеуетін одан әрі арттыру, халықаралық және отандық туризм саласын жаңа деңгейге көтеру, сондай-ақ сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы мен инфрақұрылымды дамыту сияқты өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде Түркістанның еліміздің ғана емес, күллі түркі әлемінің рухани және мәдени орталығы ретіндегі маңызына ерекше тоқталып, өңірде соңғы жылдары атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды тізбелеп өтті. Ертай Алтаев ежелден өркениет пен руханияттың алтын ордасына айналған қасиетті Түркістан өңірінің мәдени-рухани бағытта дамуы үшін барлық жағдай жасалып жатқанын жеткізді. Сонымен қатар, рухани шаһарда халықаралық деңгейдегі маңызды шешімдер қабылданатын алқалы жиындардың жиі өтетінін, жақында ғана Түркі Мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде абыроймен ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, осы айдың өзінде Түркі Мемлекеттері ұйымына мүше елдердің білім, ғылым министрлері мен жоғары сот төрағалары бас қосатын болады, ал алдағы 2027 жылы Халықаралық ИСЕСКО ұйымының шешімімен Түркістан қаласы ресми түрде «Ислам әлемінің мәдени астанасы» мәртебесін иеленбек. Өңір басшылығы елдің халықаралық абыройын асқақтататын мұндай игілікті істердің барлығын жергілікті мәдениет пен руханият саласында тер төгіп жүрген қызметкерлердің ерен еңбегінің жемісі деп бағалады. Қазіргі таңда тек Түркістан қаласында ғана емес, облыстың барлық аудан-қалаларында да көптеген жаңа мәдениет ошақтары салынып, халыққа сапалы рухани қызмет көрсету бағытында оң өзгерістер байқалуда.
Жиын барысында өңірдегі мәдениет саласының нақты даму көрсеткіштері мен жетістіктері де ортаға салынды. Мәселен, өткен жылы облыс көлеміндегі аудан, қалаларда 6 жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілсе, ағымдағы жылы тағы 10 мәдениет ошағының құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, облыстық мәдениет мекемелері мен шығармашылық ұжымдар республикалық және халықаралық деңгейдегі беделді байқауларда өңір намысын биік деңгейде қорғап, жүлделі орындардан көрініп келеді. Аймақтағы театрларда көрерменнің талғамынан шығатын жаңа туындылар сахналанса, концерттік ұйымдар халық назарына мазмұнды да мағыналы кештерді тұрақты түрде ұсынуда. Осы ретте, биыл «Конгресс холл» кешені жанынан құрылған «Алқоңыр» ансамблінің Еуропа төрінде өнер көрсетіп, қазақтың төл өнерін әлемге танытқаны ерекше мақтанышпен тілге тиек етілді. Бұдан бөлек, Түркістанда халықаралық деңгейдегі өнер фестивалдері мен қолөнер шеберлерінің жәрмеңкелері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.
Кездесу соңында жиынға қатысқан мәдениет қызметкерлері мен өнерпаздар өздерін толғандырған өзекті ой-пікірлерімен бөлісіп, саланың дамуына қатысты нақты ұсыныстарын министрлік өкіліне тікелей жеткізді. Басқосуды қорытындылай келе, алдағы уақытта да елдің рухани-мәдени әлеуетін арттыру және Түркістанның туристік тартымдылығын нығайту бағытында орталық атқарушы орган мен жергілікті әкімдік бірлесе отырып, жүйелі жұмыстарды жалғастыра беретіні айтылды.