Жаңа Конституциямызда айқын бекітілген әлеуметтік мемлекет қағидаттары қоғамдағы азаматтардың барлық санатын, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін мүгедектігі бар жандарды жан-жақты қолдауға тікелей бағытталған. Бүгінгі таңда еліміз бойынша 544 мыңнан астам азаматқа мемлекет тарапынан мүгедектікке байланысты жүйелі әлеуметтік көмектер көрсетіліп келеді. Ал халық саны ең тығыз орналасқан аймақтардың бірі — Түркістан облысында биыл мүмкіндігі шектеулі 6500 адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Маңызды тақырыпты тілші тарқатады.
Кентау қаласының тұрғыны Ақмарал Бейсенова — туабітті физикалық кемістігі бар 3-топтағы мүгедек жан. Алайда ол тағдырдың қатал сынағына ешқашан мойыған емес, керісінше, өмір соққылары мені шыңдай түсті деп есептейді. Ақмарал қалалық жұмыспен қамту бөлімінің қолдауымен жергілікті шеберханалардың біріне тігінші болып орналасқан. Ол өз сөзінде әскери киімдерден бастап, тапсырысқа қарай қазақша ұлттық киімдер мен желеттерді де көптеп тіккенін мақтанышпен айтады. Бұл кәсіпті өзінің сүйікті хоббиіне айналдырған тігінші жұмыстың үлкен шыдамдылықты талап ететінін жеткізді.
Өткен жылы Түркістан өңірінде мүгедектігі бар 4690 азамат екі қолға бір күрек тауып, қоғамдық еңбекке араласқан болатын. Оның ішінде 840 адам «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып шықса, 278 тұрғынға өз ісін дөңгелету үшін мемлекет тарапынан қайтарымсыз гранттар берілді. Ал үстіміздегі жылы бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіліп, 6500-ден астам мүмкіндігі шектеулі азаматты еңбекпен қамту көзделуде. Сондай-ақ, биыл аймақтағы бос жұмыс орындарына арнайы санаттағы жандар үшін 256 квота бөлініп отыр. Осындай қолдауды сезінген Жетісай ауданының тұрғыны Нұржан Сейтеков арнайы тор тоқумен айналысатынын, әрбір дайын бұйым үшін 15-20 мың теңге табыс табатынын айтады. Бұл жұмыс үйде отырған жандардың қол бұлшықеттеріне күш беріп қана қоймай, ой-өрісін дамытуға да үлкен септігін тигізеді.
Еңбекке тартумен қатар, өңірде медициналық-әлеуметтік сауықтыру шаралары да қарқын алған. Соның бір айғағы — Сауран ауданы Оранғай ауылында ашылған заманауи «Самғау» оңалту орталығы. 18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтарға арналған бұл кешен бір мезгілде 200 адамды қабылдауға қауқарлы. Мұнда келушілерге 25 күн бойы білікті медициналық көмекпен бірге, 8 түрлі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Орталыққа төртінші рет келіп, ем қабылдап жатқан Қазығұрт ауданының тұрғыны Берік Серікбаев массаж бен заманауи локомат аппараттарының арқасында жүрісінің жақсарып, денсаулығында кәдімгідей жеңілдік пайда болғанын айтып, ризашылығын білдірді.
Сонымен қатар, аталған Оранғай ауылында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Шұғыла» оңалту орталығы да табысты жұмыс істеп тұр. Мұнда тірек-қимыл аппараты бұзылған 90 жеткіншекке арнаулы әлеуметтік-медициналық көмек көрсетілуде. Жалпы алғанда, бүгінгі таңда Түркістан облысында 100 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан өмір сүріп жатса, оның 40 мыңнан астамы жүйелі әлеуметтік оңалту қызметіне мұқтаж. Осыған орай, аймақта жаңа оңалту ошақтарын ашу және ерекше жандарды қоғамға бейімдеу жұмыстары алдағы уақытта да мемлекеттің басты назарында болмақ.
Қазығұрт ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен қарқынды жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы шеңберінде «Мөлдір бұлақ» акциясы ұйымдастырылып, аудан аумағындағы су нысандарының жағалауларына ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Табиғатты қорғауға, су көздерінің эко-жүйесін сақтауға және тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған бұл шараға аудан көлеміндегі барлық мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, ауылдық округ әкімдіктері, білім беру ұйымдарының өкілдері, ерікті жастар мен жергілікті тұрғындардан құралған 1000-нан астам адам біркісідей жұмылдырылды.
Экологиялық науқан барысында негізгі күш демалушылар көп жиналатын Қазығұрт елді мекеніндегі Келес өзенінің жағалауы мен Алтынтөбе ауылдық округіне қарасты табиғаты көркем Аққұм сарқырамасының аумағын ретке келтіруге бағытталды. Тазалық жұмыстарының тиімділігін арттыру мақсатында 7 арнайы техника тартылып, акцияға қатысушылар қажетті еңбек құрал-жабдықтарымен, қолғаптармен және қоқыс жинауға арналған арнайы қаптармен толық қамтамасыз етілді. Жүйелі жұмыстардың нәтижесінде Келес өзенінің бойындағы қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, жағалаудағы жабайы шөптерді шабу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, Аққұм сарқырамасының айналасы мен оған іргелес жатқан аумақтар күл-қоқыстан толықтай тазартылып, нысанның санитарлық-экологиялық жағдайы айтарлықтай жақсартылды. Атқарылған ауқымды істің қорытындысы бойынша аталған екі аймақтан жалпы көлемі 8,8 тоннадан астам қоқыс арнайы полигонға шығарылды.
Аудандық деңгейде ұйымдастырылған бұл маңызды шараға Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Нұрсұлтан Медеуов арнайы қатысып, экологиялық акцияның қоғам үшін мәніне тоқталды. Өңір басшылығы өз сөзінде қоршаған ортаны қорғау, табиғи су көздерінің тазалығын сақтау және туған жердің табиғатына жанашырлықпен қарау — әрбір азаматтың ортақ әрі қасиетті міндеті екенін шегелеп айтты.
Сонымен қатар, экологиялық бағдарлама аясында тұрғындар мен қонақтарға табиғатты қорғау мен қоршаған ортаны таза ұстаудың маңыздылығын насихаттайтын арнайы ақпараттық баннерлер орнатылып, демалушылар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытында түсіндіру жұмыстары қатар жүргізілді. Ұйымдастырушылар атап өткендей, таза табиғат — болашақ ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұра, сондықтан туған өңірдің тазалығына жауапкершілікпен қарау әрбір тұрғынның азаматтық борышына айналуы тиіс.