Мемлекетіміздің ертеңгі тізгінін ұстар жас буынның өмірден өз орнын дұрыс тауып, кәсіби бағытта саналы таңдау жасауы – бүгінгі білім беру жүйесінің алдында тұрған ең жауапты міндеттердің бірі. Жас ұрпақтың жеке қабілеті, бейімділігі мен ішкі қызығушылығына сәйкес сапалы білім алуына жан-жақты жағдай жасау, сондай-ақ олардың болашақ мамандығын айқындауда дұрыс бағыт-бағдар беру ісі педагог қауымнан ерекше жауапкершілікті талап етеді. Осы орайда, жаңа 2026–2027 оқу жылының қарсаңында өңірдегі ұстаздар қауымының басын қосқан «Бейіндік оқыту және кәсіптік бағдар беру: 2026–2027 оқу жылындағы басым бағыттар мен тиімді тәжірибелер» атты ауқымды аудандық секциялық жұмыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, мазмұнды басқосу өтті.
Маңызы зор бұл секция жұмысына аудан мектептерінің бейіндік оқыту бағытына жауапты директор орынбасарлары, кәсіптік бағдар беру ісін үйлестіретін тәжірибелі педагогтер мен арнайы шақырылған грант аналитигі Жансая Жасұзақ қатысып, саланың түйткілді тұстары мен озық тәжірибелерін ортаға салды. Секциялық отырыс барысында білім алушыларға кәсіби бағдар берудің заманауи, икемді тәсілдері, цифрлық платформалардың кең мүмкіндіктерін тиімді пайдалану, оқушының саналы түрде мамандық таңдауына қолайлы орта қалыптастыру, мектеп қабырғасындағы әрбір пәнді оқыту барысында кәсіби контекстті ұштастыра білу, бейіндік оқытуды сапалы ұйымдастыру және соған қажетті қолданбалы әрі элективті курстарды әдістемелік тұрғыдан толық сүйемелдеу мәселелері жан-жақты талқыланды.
Жиын барысында баяндама жасаған мамандар мен ұстаздар өңірдегі озық тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті мәселелерге тоқталды. Мәселен, алғашқы сөз алған грант аналигі Жансая Жасұзақ «Кәсіби бағдардың жаңа моделі: цифрлық платформадан саналы мамандық таңдауға дейін» атты мазмұнды баяндамасын ұсынып, бүгінгі жастардың мамандық таңдау процесіне тікелей әсер ететін негізгі факторларға, кәсіби диагностиканың маңызына және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді іске асыру бағытындағы өзіндік тәжірибесіне кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, заманауи оқушыларға ақпаратты тек беру жеткіліксіз, олардың бейімділігін ерте жастан анықтап, дұрыс бағытқа бағыттау қажет. Сонымен қатар, Н.Бекежанов атындағы №13 жалпы білім беретін мектептің білікті педагогі Айсұлу Анарбайқызы Ауелова «Мектептегі пәндерді оқытуда кәсіби контекстті қолдану: орта буында кәсіптік бағдар берудің жаңа форматтары» тақырыбында баяндау барысында кәсіптік бағдар беру жұмысын күнделікті оқу үдерісімен тікелей кіріктірудің маңыздылығын дәлелді мысалдармен түсіндіріп өтті.
Секция отырысын жалғастырған Мақтаарал ауданының білім бөлімінің әдіскері Келдібек Базарбайұлы Баратбеков «Бейіндік оқыту – әр баланың конституциялық құқығын іске асыру. Бейінді оқытудағы қолданбалы және элективті курстарға бағдарламалық-әдістемелік сүйемелдеу» тақырыбында салмақты баяндама жасап, алдағы оқу жылындағы бейіндік оқытудың басым бағыттарына айрықша назар аударды және қолданбалы, сондай-ақ элективті курстардың сапасын арттыру жолдарын атап көрсетті. Бұдан бөлек, №58 жалпы білім беретін мектептің кәсіптік бағдар беру педагогі Нұрсұлтан Жұмабекұлы Алтынбеков «Болашақ маманды қалыптастырудағы мектептің рөлі» тақырыбында өз мектебіндегі кәсіптік бағдар беру жұмысының тиімді әрі нәтижелі тәжірибесімен бөліссе, Қ.Сәтбаев атындағы №6 жалпы білім беретін мектептің өкілі Назигул Торыбаевна Аликулова «Бейіндік оқытуды ұйымдастырудағы басқарушылық тәжірибе және білім сапасын арттырудың тиімді жолдары» тақырыбында баяндама жасап, жүйелі жоспарлаудың, тиімді басқарудың және оқу нәтижелерін тұрақты түрде саралап отырудың маңыздылығына тоқталды.
Жиын соңындағы ашық пікір алмасу форматында қатысушылар кәсіби бағдар беру жұмысын әрі қарай жетілдіру, білім алушылардың ішкі қызығушылығы мен бейімділігін ерте анықтау, ата-аналармен, жергілікті колледждермен, жоғары оқу орындарымен және әлеуметтік серіктестермен кері байланысты күшейту, сондай-ақ қолданбалы және элективті курстардың мазмұнын оқушылардың шынайы сұранысына сәйкестендіру бағытында өздерінің құнды ұсыныстарын ортаға салды. Секция жұмысын қорытындылай келе, алдағы 2026–2027 оқу жылында барлық білім беру ұйымдарына оқушылардың қызығушылығын жүйелі анықтау, кәсіптік бағдар беруді оқу-тәрбие үдерісімен тығыз кіріктіру, элективті курстардың сапасын арттыру, сыртқы әлеуметтік серіктестермен байланысты күшейту және жастардың саналы мамандық таңдауына толық мүмкіндік беретін тиімді орта қалыптастыру бағыттарына басымдық беру қажеттігі қатаң атап өтілді. Себебі бүгінгі оқушының саналы таңдауы – ертеңгі дамыған қоғамның сапалы әрі бәсекеге қабілетті адами капиталы болып табылады.