Кез келген мемлекеттің мықты тірегі – өзінің туған еліне адал қызмет ететін, ұлттық құндылықтарды қадірлейтін және азаматтық жауапкершілігі жоғары патриот ұрпақ. Өскелең буынның бойына осындай ізгі қасиеттерді сіңіріп, тұлға ретінде қалыптастыруда мектептегі сынып жетекшілерінің атқарар рөлі өлшеусіз зор. Осы орайда, жаңа 2026–2027 оқу жылының қарсаңында Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты Абылайхан атындағы №2 жалпы білім беретін мектебінің базасында «Білім алушылардың бойында патриотизм мен азаматтық жауапкершілікті сіңірудегі сынып жетекшісінің рөлі» атты маңызды аудандық тамыз секциясы ұйымдастырылып, өңірдің тәжірибелі ұстаздарының басын қосты.
Мазмұнды жиынның негізгі мақсаты – сынып жетекшілерінің оқушылар бойында терең париотизм сезімін, ұлттық сана-сезімді және қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудағы кәсіби құзыреттілігін арттыру, сонымен қатар күнделікті тәрбие жұмысында қолданылатын ең тиімді әдіс-тәсілдер мен озық тәжірибелерді өзара бөлісу болып табылады. Секцияның алғашқы бөлімінде қатысушылар жаңа 2026–2027 оқу жылындағы тәрбие жұмысының басым бағыттарымен жан-жақты танысып, жаңа әдістемелік нұсқаулықтардағы өзгерістер мен заманауи талаптарды ортаға салып талқылады. Бұл бағытта маңызды мазмұнды ашып көрсететін «Конституциялық құндылықтар – сапалы білім мен саналы тәрбиенің кепілі» және «Адал азамат – ел болашағы: ұлттық құндылықтар мен патриоттық тәрбие арқылы тұлға қалыптастыру» атты салмақты баяндамалар жасалып, қатысушылардың кәсіби көзқарасын кеңейте түсті.
Жиын барысы тек теориялық баяндамалармен шектелмей, тәжірибелік тұрғыдан да өте маңызды шаралармен толықтырылды. Атап айтқанда, «Сынып жетекшісінің оқушылардың адами капиталын қалыптастырудағы рөлі» тақырыбында арнайы ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылып, онда оқушылардың жеке тұлға ретінде дамуына, өмірлік жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған тиімді жұмыс форматтары көрнекі түрде көрсетілді. Сонымен қатар, бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы кез келген буллинг пен кибербуллинг көріністерінің қатаң алдын алу, сондай-ақ «Заң мен тәртіп» қағидасын қатаң сақтау аясында өскелең ұрпаққа қауіпсіз балалық шақты қамтамасыз ету мәселелері де жан-жақты талқыланды. Осы бағыттар бойынша секцияға қатысушы тәжірибелі сынып жетекшілеріне нақты практикалық ұсыныстар беріліп, әдістемелік көмек көрсетілді.
Секция жұмысының соңы қатысушылардың еркін форматтағы пікір алмасуына ұласып, ұстаздар жаңа оқу жылында тәрбие жұмысын сапалы ұйымдастыру, оқушылардың бойына ұлттық және азаматтық құндылықтарды сіңіру, сондай-ақ мектеп қабырғасында қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын қамтамасыз ету бағытында өзара тәжірибе алмасты. Жаңа оқу жылында атқарылар міндеттерді айқындаған мұндай мазмұнды басқосулар ұстаздардың жауапкершілігін арттырып қана қоймай, еліміздің ертеңі үшін саналы, отансүйгіш және рухы биік жас буынды тәрбиелеуге қосылған зор үлес екені сөзсіз.