Жастар – мемлекеттің болашағы ғана емес, бүгінгі күннің қозғаушы күші. Әлихан Бөкейханның «Жастар – ұлттың үміті» деген сөзі ғасырлар өтсе де мәнін жоғалтқан жоқ. Бүгін менің жастар саясаты саласында жүргеніме жеті жылдан асып отыр екен. Бұл жылдар – тек қызмет жолы ғана емес, өмірдің үлкен мектебі, әр күні сабаққа, әр сәті тәжірибеге толы кезең болды.
Алғаш қадамымды еріктілік қызметтен бастадым. Қоғамға пайдалы істерге үлес қосу, қиындыққа тап болғандарға демеу болу – менің азаматтық ұстанымымның негізін қалады. Сол жолда онға жуық ұйым мен бастаманы басқару мәртебесіне ие болдым. Түркістан қаласы “Жастар рухы” жастар қанаты, “Қазақстан студенттер альянсы”, “Үздік студенттер академиясы”, “Түркістан Ахмет Ясауи” колледжі жастар комитетінің төрағасы, “Қазақстан Қызыл Айы” республикалық жастар комитеті және өзге де ұйымдарда жетекші болу – үлкен жауапкершілік пен баға жетпес тәжірибе сыйлады. Бұл қызметтерде әр жоба, әр кездесу мені өсіріп, шыңдады.
Жастар саясаты – бұл тек қағаз жүзіндегі жоспар емес, бұл – тағдырлар, үміттер, арман мен әрекет. Жылдар бойы мен жүздеген талантты, мақсаткер жастың қасында болдым. Олардың жеңістері мен үшін де жеңіс, жетістіктері – мен үшін де мақтаныш. Ел деңгейіндегі форумдарда, халықаралық жиындарда Түркістанның атын таныстырып, өңірдің жастарының дауысы болдым.
Осы жолда үкімет басшылығымен, министрлермен, облыс және қала әкімдерімен, зиялы қауыммен жүздесу мүмкіндігі туды. Елбасы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, жастар саясатына қатысты ой-пікірімді жеткіздім. Бұл кездесулер – мен үшін сенім мен жауапкершіліктің символы болды. Әр әңгіме, әр қабылдау – жаңа шабыт, жаңа мақсатқа жетеледі.
Жастар саясаты жолында айтар әңгіме өте көп. Бұл жылдардағы суреттер мен естеліктердің әрқайсысы – қызығы мен шыжығы қатар жүретін, еңбек пен нәтиже қатар өрілетін тарих. Түн ұйқымызды бөліп, іс-шара дайындаған сәттер де, халықпен жүздесіп, қуаныш пен толқынысты бірге бөліскен кездер де – бәрі осы жолдың шынайы бейнесі.
Мен үшін бұл жеті жыл – өмірімнің ең құнды тәжірибесі. Ол маған ұйымдастырушылық қабілет, көшбасшылық қасиет, төзімділік пен ұлтқа қызмет ету парызын терең сезінуді үйретті.
Алдағы болашақта да мақсатым айқын – еліміздің жастарына жаңа мүмкіндіктер ашу, олардың білімін, өнерін, кәсіпкерлігін, азаматтық ұстанымын дамытуға үлес қосу. Біздің бүгінгі еңбегіміз – ертеңгі мықты Қазақстанның іргетасы.
Жастар – елдің қуаты, ұлттың намысы, болашақтың кепілі. Бізге артылған аманат – осы рухты сөндірмеу, керісінше, одан әрі күшейту.
