Түркістан облысында 9 миллиард теңгеге бағаланған, 5,7 миллиард теңгесі игеріліп үлгерген «Шаға» жағажайы бүгінде тыныштықтың мекеніне айналған. Облыс орталығына жақын жерде салынған туризмді дамытуға арналған нысанның орнында тек самал еседі.
Үш жыл бұрын салтанатты түрде ашылған жағажай алғашқы маусымнан кейін-ақ «демалыс» режиміне көшкен. Себеп көп: құрылыстың сапасы көңіл көншітпеді, мердігер мекеме өз міндетін орындамады. Бірақ оларға салынған айыппұл – небәрі 1 миллион теңге. Миллиардтардың қасында бұл сәлемдесу сияқты ғана. Сол кезде облыстық туризм басқармасы мердігерлер бәрін «өз еркімен қалпына келтіреді» дегенді айтқан. Сенім – жақсы қасиет, тек бюджет есебінен болса, сәл қымбатқа түседі.
Ең қызығы, енді биыл сол Шаға көлінің құрылысы… қайта басталған! Бұл жолы мақсат – жағажай емес, су тасқынынан қорғайтын нысан салу.
Түркістан қаласында су тасқыны болды дегенді көз көрмеген, құлақ естімеген еді. Бірақ, соған қарамастан өңірде «судан қорғану аймағы» салынып жатыр. Халық болса, шөлдің ортасында суға бөгет тұрғызу идеясын әлі де түсіне алмай әлек.
Түркістан қаласы – еліміздегі ең құрғақ аймақтардың бірі. Мұнда су тасқыны тұрмақ, керісінше, ағаш суаратын бір шелек су табу қиын. Бірақ, соған қарамастан, миллиардтаған қаржы «су тасқынынан қорғайтын» арналар мен бөгеттерге жұмсалып жатыр. Әлде біреу шөл мен судың арасын шатастырып алды ма – ол жағы беймәлім.
Тұрғындар әлеуметтік желіде «құрғақшылық жайлаған өңірде судан қорғану аймағын салу – қуаң далаға кемені дайындаумен бірдей» деп пікір қалдырып жатыр. Бірақ билік өкілдері салмақты қалып сақтап, бәрі жоспар бойынша деп сендіруде.
Әзірге жаңа жобаға шетелдік инвестор 5 миллион АҚШ долларын құятын болыпты. «Open Turkistan» мен «Gold Fish City Turkistan» атты екі компания келісімшартқа да қол қойған. Аты да әдемі, жоспар да керемет – тек нәтижесі бұрынғы «жағажай» тағдырын қайталамаса болғаны.
Ал әзірге «Шаға» – қазақстандық туризмнің символы іспетті: құжат жүзінде бәрі бар, ал өмірде тек суы мен сылтауы ғана қалған.
