Елімізде жыл сайын мыңдаған жас түлек «педагог» деген атты иеленіп, үлкен үмітпен еңбек жолына қадам басады. Әрқайсысы мектепке жұмысқа тұрып, шәкірт тәрбиелеуді армандайды. Бірақ, сол арман жолында талай жас маман сенделіп, жұмыссыздар қатарына қосылып жатыр. «Жұмыс таппай жүрмін» дейді жас маман. Ал, екінші жақтан «мұғалім жетіспейді» дейді министрлік. Сонда бұл әңгімелердің қайсысы шындық?
Елімізде жыл сайын шамамен 150 мыңнан астам түлек жоғары және арнаулы оқу орындарын бітіріп, қолдарына диплом алады. Олардың үштен бірі, яғни, 50 мыңға жуығы педагогикалық мамандық алып шығады екен. Соған қарамастан еліміздің кейбір аймақтарында мұғалім тапшылығы байқалады. Ал, одан да қызығы жұмыс таппай сенделіп жүрген педагог-түлектердің де саны жыл санап көбейіп барады. Мұның себебі неде?
Еңбек биржасы ұсынған деректерге сүйенсек, өткен жылдың өзінде 30 мыңнан астам әлеуметтік ғылымдарға, 20 мың бастауыш сыныпқа, 17 мың жаратылыстану пәніне мұғалім қажет болған. Сонда әлгі жоғары оқу орнын бітірген түлектер қайда кетіп жатыр деген заңды сауал туындайды.
Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, бүгінде мектеп түлектерінің басым бөлігі нақты сұраныс бар салаларды таңдамайды. Кейінгі жылдары педагогикалық оқу орындарына түсушілердің басым бөлігі психолог, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі секілді мамандықтарды таңдаған. Жоғарыда келтірген мысалдағыдай, былтыр елімізде 67 мың педагог маманына тапшылық байқалған. Яғни, бұл мемлекет тарапынан нақты, жүйелі бақылаудың жоқтығын білдіреді. Гранттар көптеп бөлінеді, бірақ, нарықтағы нақты сұраныс, аймақтардағы тапшылық ескерілмейді.
Екіншіден, ауыл мектептерінде бос орын көп, қалада аз. Бірақ жастар ауылға барғысы келмейді. Мұның түбі Қазақстан ауылдарының әлеуметтік ахуалына келіп тіреледі.
Үшіншіден, жоғары оқу орындарында білім сапасы жеткілікті деңгейде емес. Жұмыс беруші «дайын маман» күтеді, бірақ студенттер ол деңгейге жете алмайды. Қарапайым ғана мысал, биыл бітірген жас түлектердің арасында мектепке жұмысқа кірерде тапсыратын міндетті біліктілік сынағынан өте алмай жүргендер көп. Демек, педагогика мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының сапасына қатаң бақылау қажет.
Бұл проблема жай ғана «жұмыс таппай жүрген жас мұғалімнің мұңы» емес, қоғамдық және саяси салдары бар үлкен әлеуметтік мәселеге айналуы мүмкін. Өзі таңдаған мамандығымен жұмыс істей алмаған түлек өзін қоғамға қажетсіз сезінеді. Бұл психологиялық күйзеліске, керек десеңіз тіпті агрессияға, өзге салаға амалсыз көшу сияқты құбылыстарға алып келеді. «Мұғалім болып қайтесің, бәрібір жұмыс таба алмайсың» деген пікір қалыптасса, ертең мектеп бітіргендердің арасында бұл салаға келуге ынта азаяды.
Егер ауылдағы мектепте математика немесе физика пәні мұғалімі болмаса, балалар толыққанды білім ала алмайды. Бұл – болашақта еңбек нарығына дайын емес, «әлсіз» адамдардың келуі мүмкін деген сөз. Қаладағы балалар тәжірибелі мұғалімдерден оқиды, ал, ауылдағы балалар бейінсіз немесе мүлде мұғалімсіз қалады. Бұл қоғамдағы «әлеуметтік әділетсіздікті» одан әрі күшейтеді.
БҰҰ жанындағы UNICEF қорының зерттеуінше, жастардың жұмыссыздық деңгейі жоғары болған елдерде саяси тұрақсыздық пен наразылық жиі орын алады екен. Тіпті төңкерістерге немесе қарулы қақтығыстарға ұласуы ықтимал, әсіресе білім деңгейі төмен жастар арасында. Сондықтан сарапшылар жастардың жұмыссыздығын саяси тұрақсыздықтың қозғаушы күші деп есептейді.
Елімізде әр студентке грант, шәкіртақы, инфрақұрылымға миллиондаған қаржы жұмсалады. Ал, ол түлек мамандығымен жұмыс істемесе, бұл инвестиция зая кетеді деген сөз. Жұмыссыз жүрген жас мамандар қоғам дамуына үлес қоспайды, керісінше, әлеуметтік жәрдемақыға тәуелді болуы мүмкін.
Білімсіз қалған ұрпақ ұлттың интеллектуалды әлеуетін әлсіретері даусыз. Бұл жаһандық бәсекеге қабілеттілікті азайтады. Егер мыңдаған жас маман жыл сайын жұмыссыздар қатарына қосыла берсе, бұл белгілі бір кезеңде «білімсіздікке қарсы емес, жүйеге қарсы қозғалысқа» айналуы ықтимал. Жас мамандар шетелге кетуді ойлай бастайды.
Мұның шешімі қандай? Біріншіден, Үкімет тарапынан жүйелі жоспар керек деп ойлаймыз. Қай аймақта, қандай пәндер бойынша мұғалім тапшы, қай мамандықтар бойынша гранттарды көбейту не азайту керек, осылардың барлығы бір жүйемен реттелуі керек. Бұл тұрғыда Оқу-ағарту, Жоғары білім, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері бірлесіп атқаратын шаруа көп. Мектеп пен жоғары оқу орындарының арасындағы байланысты нығайту қажет. Сонда ғана артық мамандар, кадр жетіспеушілігі секілді проблемадан арылуға болады.
Екіншіден, ауылға барып жұмыс істегісі келетін жастар үшін қолайлы жағдай жасау керек. Бұл тұрғыда мемлекеттік бағдарламалардың тетігін жетілдіру қажет-ақ. Бұл әсіресе, баспанамен, жоғары жалақымен, онда баратын жастардың балаларын балабақшамен қамту секілді әлеуметтік проблемаларға келіп тіреледі.
Елімізде бір жақта мұғалімдер жұмыс таппай жүр, екінші жақта мыңдаған бала пән мұғалімінсіз отыр. Бұл – біздің білім жүйесіндегі үлкен қайшылық. «Артық педагог бар, бірақ мұғалім жетіспейді» деген парадокс бізді ойландыруы тиіс. Себебі әрбір бос қалған сынып – білімсіз өскен бір ұрпақ, ал, әрбір жұмыссыз жүрген жас мұғалім – жоғалған арман. Егер осы қайшылық шешілмесе, ертеңгі күні білімсіз өскен буын да, үміті үзілген жас мұғалімдер де біздің қоғам үшін ауыр сынаққа айналады. Бұл – жай ғана кадр тапшылығы емес, бұл – тұтас елдің болашағына түскен сызат.
