С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті (ҚАТЗУ) отандық жоғары білім беру саласында кезекті тарихи белесті бағындырып, алғаш рет әлемдегі ең беделді QS World University Rankings by Subject 2026 халықаралық пәндік рейтингіне енді. Бұл жетістік университет ұжымы мен студенттері үшін ғана емес, тұтас еліміздің аграрлық ғылымы үшін әлемдік деңгейдегі үлкен мойындау болып табылады.
ҚАТЗУ «Agriculture & Forestry» (Ауыл және орман шаруашылығы) бағыты бойынша әлемнің үздік университеттері арасында 351–400 орындар шегіне тұрақтап, халықаралық академиялық кеңістіктегі өз орнын бекіте түсті. Рейтинг нәтижелері университеттің білім беру сапасы мен ғылыми-зерттеу қызметінің халықаралық стандарттарға толық сай келетінін, сондай-ақ жаһандық жұмыс берушілер мен академиялық ортадағы беделінің айтарлықтай өскенін айқын көрсетеді. Бұл жеңіс Сейфуллин университетінің жай ғана оқу орны емес, әлемдік деңгейдегі зерттеу хабына айналу жолындағы стратегиялық қадамының жемісі екені даусыз. Мұндай мәртебелі тізімге ену еліміздегі ауыл шаруашылығы мамандарын даярлау жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Қазақстанның ғылыми әлеуетін әлемге таныта түспек.
