Елімізде білім беру мен ағартушылық саласын дамыту, өскелең ұрпақтың бойында ұлттық бірегейлік пен адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру – заман талабы. Осы орайда, Мақтаарал аудандық Мәдениет үйінде ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің баға жетпес мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық семинары өтті. Аталған шара ұлттық руханиятты қайта жаңғыртып, жастар арасында ілім-білімге, жасампаздыққа деген ұмтылысты арттыруды көздейді.
Ауқымды іс-шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ясауи мұрасын отандық және халықаралық деңгейде жүйелі дәріптеу жөніндегі тапсырмасы аясында, сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің бастамасымен қолға алынған өңірлік жоба негізінде ұйымдастырылды.
Семинардың басты мақсаты – Ясауи ілімін тек тарихи жәдігер ретінде емес, бүгінгі қоғамның, соның ішінде өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесіне қызмет ететін заманауи бағдар ретінде ғылыми тұрғыдан түсіндіру. Шара аясында заманауи білім беру мен дәстүрлі құндылықтардың сабақтастығы кеңінен сөз болды.
Өңір ағартушылары мен ғалымдар бас қосты
Салтанатты жиынға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай, «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының орынбасары Мұрат Тастанбеков, сондай-ақ белгілі академиктер, дінтанушылар, ағартушылар, зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен ауданның белсенді тұрғындары қатысты.
Жиынды модератор ретінде жүргізген Мұрат Тастанбеков Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес қолға алынған «Ясауи керуені» жобасының Түркістан өңірінің барлық қала-аудандарын толық қамтитын жүйелі ағартушылық бастама екенін баса айтты. Ал облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев бұл жиынның идеологиялық және саяси маңызына тоқталып, ұлттық кодты сақтауда мұндай ағартушылық жобалардың атқарар рөлі ерекше екенін атап өтті.
Семинардың ғылыми-теориялық бөлігінде еліміздің жетекші ғалымдары мазмұнды баяндама жасап, Ясауи мұрасының әр түрлі қырларын ашты. Теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай Ясауи феноменінің ортағасырлық және заманауи контексттегі тарихи-рухани салмағын жан-жақты саралады. Ал «Ясауитану» ғылыми-зерттеу институтының директоры Бауыржан Сайфунов «Қожа Ахмет Ясауидың тарихи тұлғасы және ұлттық идентификация» тақырыбында баяндама жасап, ойшыл ілімінің қазақ халқының өздік санасы мен бірегейлігін қалыптастырудағы іргетасы екенін дәлелдеді.
Сонымен бірге, дінтанушы, ХҚТУ доценті Сержан Оразбай «Ясауи хикметтеріндегі рухани құндылықтар» баяндамасында «Диуани хикметтің» ішкі имандылық, әдептілік пен адамгершілік өлшемдерін жастарға түсіндіру жолдарын ұсынды. Ал философия докторы Мұхит Төлеген «Қожа Ахмет Ясауи ілімі және қазақ салт-дәстүрлері» тақырыбында сөз сөйлеп, Ясауи философиясының қазақтың әдет-ғұрпымен, отбасылық тәрбиесімен және дүниетанымымен ажырамас сабақтастығын ғылыми негіздеп берді.
Баяндамалардан кейін өткен еркін пікірсайыс форматында мектеп мұғалімдері, жастар өкілдері мен ғалымдар арасында ашық сұхбат өрбіді. Қатысушылар Ясауи мұрасын заманауи оқу бағдарламалары мен мектептегі тәрбие сағаттарына тереңірек интеграциялау, жастардың кітап оқу мәдениетін арттыру мәселелерін талқылады.
Жасампаз қоғам құрудың рухани тұғыры
Семинарды қорытындылаған Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Ясауидің рухани мұрасы – күллі түркі әлемінің ортақ қазынасы екенін атап өтіп, бұл бастаманың өңірдегі білім мен тәрбие саласына қосар үлесін жоғары бағалады:
«Ұлы ойшылдың «Диуани хикмет» еңбегінде көрініс тапқан адамгершілік, әділдік, мейірім мен рухани кемелдену қағидалары бүгінгі заманауи қоғам үшін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Бұл құндылықтар – Әділетті Қазақстанды құру, білімді де жасампаз ұрпақ тәрбиелеу жолындағы басты рухани сүйенішіміз. Семинар барысында ортаға салынған ғылыми тұжырымдар мен тағылымды ойлар Қожа Ахмет Ясауи мұрасын терең тануға ғана емес, жастарымызды прогрестілікке, білімге ұмтылуға және отаншылдыққа тәрбиелеуге тың серпін береді», – деді аудан басшысы.
Айта кету керек, «Ясауи керуені» ғылыми-танымдық жобасы алдағы уақытта Түркістан облысының барлық аудан-қалаларында жалғасып, мектеп оқушылары мен студент жастарды ұлттық ағартушылық бағытқа бұруды көздейтін кешенді іс-шараларды қамтитын болады.