Мақтаарал ауданында білім беру сапасын арттыруға бағытталған маңызды әдістемелік шаралар легі жалғасуда. Бұл жолы А.Пушкин атындағы жалпы білім беретін мектептің базасында аудандық әдістемелік кабинеттің жоспарына сай ауқымды оқыту-талдау семинары ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – EduTest платформасының нәтижелерін жан-жақты талдау арқылы түлектердің білім деңгейін анықтау, пәндер бойынша кездесетін қиындықтар мен жүйелі олқылықтарды айқындап, оларды шұғыл жоюдың жолдарын қарастыру болды.
Жиынға ағылшын тілі, сондай-ақ орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің 74-ке жуық тәжірибелі педагогі қатысты. Семинар барысында EduTest қорытындылары терең сараланып, оқушылардың сын көтеру мен күрделі сұрақтарға жауап беру барысында жіберетін негізгі қателері назарға алынды. Әсіресе, пәндер бойынша жүйелі түрде қате орындалған тапсырмалар жік-жігімен қаралып, олқылықтардың орнын толтырудың тиімді әдістемелік стратегиялары таныстырылды.
Атап айтқанда, ағылшын тілі пәні бойынша грамматикалық құрылымдар, күрделі шақ формалары, модаль етістіктердің қолданысы, шартты сөйлемдер түзілімі, оқушылардың сөздік қорын байыту және күрделі оқылым (Reading) тапсырмаларын талдау ерекшеліктері сөз болды. Ал орыс тілі бағытында орфография мен пунктуация нормалары, морфологиялық және синтаксистік талдаулар, құрмалас сөйлем түрлері, мәтінмен жұмыс жасау және лексикалық минимумды меңгерудегі олқылықтар жан-жақты талқыланды.
Шараның практикалық бөлімі мұғалімдердің өзара іс-қимылы мен шығармашылық жұмысына құрылды. Педагогтер қате орындалған нақты тапсырмалармен жұмыс жасап, әрбір оқушының деңгейіне сай білім олқылықтарын жоюға бағытталған жеке жұмыс жоспарларын әзірледі. Сонымен қатар, түлектермен жеке және сараланған тәсілмен жұмыс жүргізу, ҰБТ форматтағы күрделі сұрақтарды шешудің тиімді стратегиялары бойынша құнды әдістемелік ұсынымдар берілді.
Мамандардың пікірінше, EduTest нәтижесін жүйелі түрде талдау – бұл тек қателерді тіркеу ғана емес, болашақта сапалы нәтижеге қол жеткізу үшін нақты түзету жұмыстарын дұрыс жоспарлаудың ең тиімді құралы. Мұндай іскерлік алаңдары педагогтердің кәсіби әлеуетін арттырып, аудандағы білім көрсеткіштерін сапалы жаңа белеске көтеруге зор негіз қалайды.