Білім – ұлттың ертеңін айқындайтын басты тетік, ал сапалы білім беру үшін заманауи орта қалыптастыру – кезек күттірмейтін маңызды міндет. Елімізде өскелең ұрпақтың жан-жақты білім алуына, әсіресе нақты ғылымдарды терең меңгеруіне басымдық беріліп келеді. Осы орайда, өңірдегі білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын түбегейлі жаңарту және оқу үдерісін әлемдік стандарттарға сай ету бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Осының айқын дәлелі ретінде, Мақтаарал ауданындағы 9 білім беру ұйымы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының тікелей қолдауымен және «QH Түркістан облысының мектептерінде „Білім-Инновация“ лицейлерінің тәжірибесін енгізу» атты маңызды қайырымдылық жобасы аясында соңғы үлгідегі жабдықтармен толықтырылды. Енді аудан мектептеріндегі оқушылар заманауи үлгідегі физика, химия және биология кабинеттерінде еркін еркін тәжірибе жасап, ғылыми әлемге қадам баса алады. Бұл бастама өңірдегі білім сапасын арттырып қана қоймай, ауыл балаларының да қала мектептерінен қалыспай, озық технологиялар мен құрал-жабдықтарды меңгеруіне кең жол ашады.
Инновациялық технологиялармен жабдықталған бұл оқу кабинеттері оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына деген қызығушылығын еселеп арттырып, тек теориялық біліммен шектеліп қана қоймай, оны тәжірибе жүзінде ұштастыруға, күрделі формулалар мен құбылыстарды өз қолдарымен зерттеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл орта оқушылардың ғылыми ізденістерін дамытып, жаңа білімді сапалы меңгеруіне және өз бетінше іздену қабілеттерін шыңдауға жол ашады. Ұстаздардың айтуынша, заманауи қондырғылармен жұмыс істеу балалардың пәнге деген көзқарасын түбегейлі өзгертіп, оларды үлкен жетістіктерге ынталандырады.
Аталмыш кабинеттерде алдағы уақытта талай тың идеялар дүниеге келіп, жас зерттеушілердің республикалық және халықаралық байқауларға арналған ғылыми жобалары мен шығармашылық ізденістері жүзеге асырылатыны сөзсіз. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді оқыту сапасын жаңа деңгейге көтеретін бұл қадам – өңірдің интеллектуалды әлеуетін арттыруға қосылған үлкен үлес. Мектеп қабырғасынан бастап ғылымға бет бұрған оқушылардың болашақта еліміздің экономикасы мен ғылымының дамуына сүбелі үлес қосатын білікті маман болып шығатынына кәміл сенуге болады.
Білімге жасалған әрбір қолдау – ұлт болашағына, еліміздің ертеңіне салынған ең сенімді әрі қайтарымы мол инвестиция. Осы орайда, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайтып, оқушыларға қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыруға жанашырлық танытқан «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына барша жұртшылық пен аудан ұстаздарының атынан шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл игі іс алдағы уақытта да жалпы ұлттық сипат алып, өңірдің рухани және интеллектуалды өркендеуіне өз жемісін берері анық.