Сапалы білім беру үдерісінің ең басты құралы – заманауи талаптарға сай жазылған сапалы оқулықтар екені даусыз. Жас ұрпаққа терең білім мен саналы тәрбие беру жолында оқу-әдістемелік кешендермен толық қамтамасыз етілу – кезек күттірмейтін маңызды міндеттердің бірі. Осы бағытта Мақтаарал ауданында жаңа 2026–2027 оқу жылының басталуына орай ауқымды жұмыстар атқарылып, білім беру ұйымдарына қажетті оқулықтар уақтылы жеткізілді.
Ауданымыздағы 59 білім беру мекемесі «Е-таңдау» автоматтандырылған платформасы арқылы өздері таңдаған жаңа оқулықтарды толық көлемде қабылдап алды. Биылғы оқу жылының ерекшелігі – бастауыш және негізгі мектеп сыныптарына арналған оқулықтардың жаңартылған мазмұны мен әдістемелік тұрғыдан жетілдірілгені. Атап айтқанда, 3-сыныптың қазақ және орыс тілдеріндегі оқыту бағыттары бойынша жаңа оқулықтар келіп түсті. Соның ішінде 3-қазақ сыныптарына «Қазақ тілі», «Әдебиеттік оқу», «Математика», «Дүниетану» және «Музыка» пәндері бойынша кітаптар жеткізілсе, 3-орыс сыныптары үшін «Қазақ тілі», «Русский язык», «Литературное чтение», «Математика», «Познание мира» және «Музыка» пәндеріне арналған оқулықтар толықтай берілді.
Бұдан бөлек, жаратылыстану және гуманитарлық бағыттағы сабақтастықты күшейту мақсатында 7-сынып оқушыларына арналған «Дүниежүзі тарихы» және 7-орыс сыныптарына арналған «Всемирная история» пәндерінің де жаңа оқулықтары алынды. Айта кетейік, бұл оқулықтардың барлығы еліміздің жетекші әрі тәжірибелі баспалары – «Атамұра», «Алматыкітап», «Мектеп» және «Көкжиек-Горизонт» баспаларынан жарық көріп, сапалық және дизайндық талаптарға толықтай сай келеді.
Жаңартылған мазмұндағы бұл оқулықтар заманауи педагогтік талаптар мен озық әдістемелер негізінде әзірленген. Олар білім алушылардың пәндік білімін теориялық тұрғыдан тереңдетіп қана қоймай, күнделікті өмірде қолдана білу қабілетін, яғни функционалдық сауаттылығын арттыруға және оқу дағдыларын жан-жақты дамытуға бағытталған. Қазіргі уақытта аудандағы барлық мектептерде келген жаңа кітаптарды түгендеп, оқушыларға уақтылы тарату жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр, бұл өз кезегінде жаңа оқу жылының еш кедергісіз, жоғары деңгейде басталуына толық негіз қалайды.