Білім мен ғылым – кез келген мемлекеттің өсіп-өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының басты кепілі. Жас ұрпақтың саналы да сапалы тәрбие алып, озық ойлы маман болып қалыптасуында алтын ұя мектептің атқарар рөлі орасан зор. Осы орайда, елімізде әрбір қыркүйек айының алғашқы күні жаңа белестер мен жаңа мүмкіндіктердің бастауы ретінде ерекше мерекелік рухпен аталып өтеді. Жаңа 2026–2027 оқу жылының басталуына орай Мақтаарал ауданының білім бөліміне қарасты С.Рахымов атындағы №4 жалпы білім беретін мектепте де ел өміріндегі айтулы оқиғаға айналған Білім күніне арналған салтанатты жиын жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
«Қазақстан Республикасының Конституциясы: адал азамат, зерделі ұлт және жауапты қоғам қалыптастырудың негізі» атты мазмұнды тақырыпқа арналған алғашқы қоңырау салтанаты еліміздің көк байрағын биікке көтеру рәсімі мен Мемлекеттік Әнұранды асқақ рухпен орындаудан басталды. Кештің маңыздылығын арттыра түскен бұл шараға Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов, Түркістан облысы Полиция департаментінің арнайы және жұмылдыру даярлығы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Ерлан Шамшат, аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ердаулет Амантаев және аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Асанхан Қошқаров арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушылар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтады.
Жиын барысында сөз алған аудан әкімі Бақыт Насырханұлы білім саласының мемлекеттің стратегиялық дамуындағы рөліне тоқталып, ұстаздардың ерен еңбегіне алғыс білдірді және жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолындағы мемлекет тарапынан жасалып жатқан ауқымды жұмыстарды атап өтті. Мерекелік шараның ең басты кейіпкерлері – мектеп табалдырығын алғаш аттап отырған бүлдіршіндер болды. Биыл Мақтаарал ауданы бойынша мыңдаған балдырған алғаш рет мектеп табалдырығын аттап, білім әлеміне қадам басты, ал бұл алғашқы қоңырау үні олар үшін жаңа достықтың, өлшеусіз білім мен үлкен армандардың бастауына айналды.
Салтанатты жиында оқу жылының қорытындысы бойынша түрлі ресми білім додаларында, пәндік олимпиадалар мен шығармашылық байқауларда үздік нәтиже көрсетіп, мектептің абыройын асқақтатқан оқушылар арнайы марапатқа ие болды, ал мектептің жас өнерпаздары дайындаған мерекелік концерті жиылған қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ мектеп бітіруші түлектер алғашқы қадам жасап жатқан бірінші сынып оқушыларына ақжолтай тілектерін білдіріп, бүлдіршіндерге естелік сыйлықтар табыстады. Іс-шара барысында «Біртұтас ұлттық тәрбие» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік, жауапкершілік пен елжандылық қасиеттерді сіңіруге ерекше мән берілді.
Мерекелік шараның ең толқынысты сәті – алғашқы қоңыраудың сыңғырлаған үні болып, осылайша С.Рахымов атындағы №4 жалпы білім беретін мектепте жаңа оқу жылына алғашқы нық қадам жасалды. Жалпы алғанда, биыл Мақтаарал ауданындағы 61 білім беру ұйымында 29 мыңнан астам оқушы білім алатын болады, ал оларға қолайлы жағдай жасау, оқыту сапасын арттыру және мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Жазғы демалыс кезеңінде бірқатар білім беру ұйымдарында ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оқу жылына дайындық жұмыстары толық аяқталды, атап айтқанда «Мырзакент» мектеп-гимназиясы, «Мақтаарал» мектеп-гимназиясы, О.Бапышев атындағы және «Жаңа жол» жалпы білім беретін мектептері күрделі жөндеуден өтіп, жаңа оқу жылында оқушылар мен ұстаздардың игілігіне толықтай пайдалануға берілді.