№1 Мырзакент мектеп-гимназиясының базасында Мақтаарал ауданы білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің жылдық жоспарына сай ауқымды семинар ұйымдастырылды. «Информатика пәні сабақтарында EduTest платформасында ҰБТ нәтижелерін талдау: білім сапасын арттырудың тиімді стратегиялары» атты маңызды шараға пән мұғалімдері қатысып, тәжірибе алмасты.
Семинар барысында цифрлық технологиялар мен заманауи білім беру платформаларын оқу үдерісіне енгізудің тетіктері жан-жақты талқыланды. Әсіресе, сабақ барысында EduTest платформасын тиімді пайдалану, оқушылардың логикалық ойлау, күрделі мәтіндерді түсіну, терең талдау, салыстыру және объективті бағалау дағдыларын дамыту жолдарына ерекше назар аударылды.
Бүгінгі қарқынды заман талабына сай, оқу үдерісінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін де барынша тиімді қолдану маңызды мәселе екені атап өтілді. Осы орайда қатысушыларға оқушылардың мәтіннің негізгі ойын дұрыс анықтау, негізгі және қосымша ақпаратты бір-бірінен ажырата білу, берілген дәлел мен пікірді саралау, сондай-ақ ақпаратты өзара салыстырып, тұжырымды қорытынды жасауға бағытталған озық әдіс-тәсілдері таныстырылды.
Шараның практикалық бөлімі ерекше тартысты өтті. Мұнда педагогтер түрлі интерактивті тапсырмаларды орындап, EduTest үлгісіндегі жаңа сұрақтарды құрастыру және оларды сараптау жұмыстарын бірлесіп жүргізді. Сондай-ақ әріптестер өзара пікір алмасып, әр сабақтың тиімділігін арттыруға септігін тиетін креативті әдістемелік тәсілдерімен бөлісті.
Мұндай тәжірибе алмасу алаңдары ұстаздардың кәсіби шеберлігін шыңдап қана қоймай, жаңа технологияларды меңгеруіне және жалпы білім сапасын сапалы жаңа деңгейге көтеруге зор мүмкіндік береді. Өйткені кез келген жетістік пен сапалы нәтиже – тынымсыз ізденістен, ал ізденіс – үздіксіз кәсіби дамудан басталатыны сөзсіз.