23 тамыздағы Құрылтай сайлауы ата-бабамыздан қалған қасиетті «Құрылтай» ұғымын заманауи заң шығарушы орган болып қайта жаңғырту деп білемін. Тарихқа көз жүгіртсек, Ордабасы, Ұлытау мен Түркістанда өткен Құрылтайлар – ел басына күн туғанда ынтымақты бекемдеп, ұлт тағдырын шешкен даналықтың, ақылдасу мен бірліктің алтын діңгегі болған. Хандар мен билер, батырлар мен ел ағалары халықтың үніне құлақ асып, ортақ шешім қабылдаудың озық үлгісін көрсетті.
Бүгін, міне, сол ұлы бабалар дәстүрі жаңа сипатқа ие болып, заманауи мемлекеттігіміздің берік тірегіне айналып отыр. Мұндай тарихи сабақтастық біріншіден ұлттық кодымызды ұлықтау болып табылады. Бұрынғы елдік кеңесу мәдениетін қазіргі заманның демократиялық принциптерімен ұштастырып, ұлттық институциямызды күшейтеді. Екіншіден бұл сенім мен ынтымақ алаңы. Халық пен билік арасындағы алшақтықты жойып, ел болашағын бірге қалыптастыруға мүмкіндік береді. Үшіншіден серпінді реформалар кепілі. Тәуелсіздігімізді нығайтып, Әділетті Қазақстанның ашық, біртұтас және заң үстемдігі салтанат құрған жаңа саяси мәдениетін қалыптастырады.
Жалпы сайлау болашаққа сеніммен қадам басқан заманауи Құрылтай – елімізді жаңа белестерге бастайтын ынтымақ пен дамудың құтты мекені болады деп ойламын.
Белгібай Мария Имансарықызы,
Отырар ауданының Құрметті азаматы.
