АЕК ПЕН ЕТЖ
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап мына мөлшерлер белгіленді:
ең төменгі жалақы (ЕТЖ) – 85 000 теңге;
айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 4 325 теңге;
мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері – 35 596 теңге;
ейнетақының ең төменгі мөлшері – 69 049 теңге;
күнкөріс минимумы – 50 851 теңге.
Жасына байланысты зейнетақы төлемдері мен еңбек сіңірген жылдары үшін төленетін зейнетақы төлемдеріне бағытталған қаражат олардың мөлшерін 10%-ға арттыру ескеріліп көзделген.
Сондай-ақ мемлекеттің МӘМС бойынша жарна мөлшері жарналарды есептеу объектісінің 2%-ы деңгейінде бекітілді.
САЛЫҚ
1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі қолданыста.
• салықтық есептілік көлемі 30%-ға қысқарады;
• салық түрлерінің саны 20%-ға азаяды;
• жеңілдіктер мен алымдар оңтайландырылады.
ҚҚС-тың жаңа базалық мөлшерлемесі – 16%.
Дәрі-дәрмек пен медициналық қызметтер үшін төмендетілген ҚҚС мөлшерлемесі белгіленді:
• 2026 жылдан – 5%,
• 2027 жылдан – 10%.
ҚҚС төлеуден босатылады:
• МӘМС аясындағы қызметтер;
• үкімет айқындайтын тізбе бойынша орфандық және әлеуметтік мәні бар ауруларды емдеу қызметтері;
• кітапты баспа (қағаз) форматында шығару қызметтері;
• археологиялық жұмыстар.
Мерзімді баспа басылымдарын өткізу үшін ҚҚС-тың төмендетілген мөлшерлемесі – 10%.
ҚҚС бойынша міндетті тіркеу шегі 10 мың АЕК-ке дейін төмендетілді.
10 жылдан асқан автокөліктер үшін көлік салығы төмендетіледі.
Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік салықтық шегерім 882 АЕК-тен 5000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Салықтардың саны қысқартылды: біріңғай жер салығы жойылады, кейбір төлемдер бойынша мөлшерлемелер мен алымдардың саны азаяды.
Арнаулы салық режимдері оңтайландырылды – енді бар болғаны үшеу:
1. өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған;
2. оңайлатылған декларация негізіндегі;
3. шаруа қожалықтарына арналған.
САЛЫҚ БЕРЕШЕГІН ӨНДІРІП АЛУ ШЕКТЕРІ ҰЛҒАЯДЫ
Бұрын салық берешегі шамамен 26 мың теңгеден (6 АЕК) бастап өндірілсе, ал әлеуметтік аударымдарда іс жүзінде шек болмаған. Енді:
• салық берешегі бойынша шек 87 мың теңгеге (20 АЕК) дейін;
• әлеуметтік төлемдер бойынша шек шамамен 26 мың теңгеге (6 АЕК) дейін көтерілді.
Борышкерлерге қолданылатын шаралар:
• 87 мың теңгеге дейін (20 АЕК) – хабарлама жіберіледі, тек өсімпұл есептеледі, өзге шаралар қолданылмайды;
• 87 мыңнан 195 мың теңгеге дейін (20–45 АЕК) – ескерту жолданады; өтелмесе, борыш сомасы шегінде шығыс операциялары тоқтатылады, содан кейін ғана инкассалық өкім қоюы мүмкін;
• 195 мың теңгеден жоғары (45 АЕК-тен жоғары) – қатаң шаралар: мүлікті түгендеу және сату, дебиторлар есебінен өндіріп алу.
САЛЫҚ ТӨЛЕУШІ ПАСПОРТЫ
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қоғамдық тамақтану және сауда саласында жұмыс істейтін салық төлеушілерде салық төлеуші паспорты болуы тиіс.
Паспорт мәліметтерінің тізбесіне кіреді:
• ЖК үшін ЖСН, заңды тұлға үшін БСН;
• ЖК немесе заңды тұлғаның атауы;
• ЖК (немесе заңды тұлға басшысының) аты-жөні (жеке куәлікте көрсетілсе);
• салық төлеуші мәртебесі (әрекет етуші, есептілікті тапсыруды тоқтатқан, әрекетсіздер тізіліміне енгізілген);
• мемлекеттік дерекқорға енгізілген күні немесе тіркеу есебіне қойылған күні;
• ККМ-нің (бақылау-кассалық машина) мемлекеттік кірістер органындағы тіркеу нөмірі;
• ККМ қолданылатын орны;
• алкоголь өнімін сақтау және бөлшек сату лицензиясының бар-жоғы (ерекшелік бар).
Паспортты мемлекеттік кірістер органы кәсіпкерлік субъектісінің ақпараттық картасы ретінде штрих-код түрінде қалыптастырады және ол салық құпиясына жатпайды.
Мәліметтер автоматты түрде айына 1 рет, есепті айдан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей қалыптастырылып, уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.
Салық төлеуші паспортты ҚР ҚМ МКК веб-порталы арқылы (kgd.gov.kz) ЖСН/БСН, ККМ тіркеу нөмірін енгізіп, «код құру» батырмасын басу арқылы штрих-код түрінде алады.
МОБИЛЬДІ АУДАРЫМДАРДЫ САЛЫҚТЫҚ БАҚЫЛАУ
2026 жылдың басынан жеке тұлғалардың мобильді аударымдарын салықтық бақылаудың жаңартылған ережелері күшіне енеді.
Аударымдар мына критерийлер бойынша бақыланады:
• үш ай қатарынан 100 түрлі жіберушіден ақша алу;
• үш айда түскен жалпы сома 12 ЕТЖ-дан (яғни 1 020 000 теңгеден) асуы.
Осы шарттардың үшеуі де қатар орындалса, тұлға салықтық тексеріске түседі.
Екінші деңгейлі банктер бұл ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына беруге міндетті.
Берілетін мәліметтер:
• аударымды алушының ЖСН-і;
• 3 айдағы түскен аударымдардың жиынтық сомасы.
ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ
1 қаңтардан бастап әлеуметтік қолдауға құқығы бар азаматтардың жаңа тізбесі енгізіледі.
Әлеуметтік қолдауға құқығы бар санаттарға мыналар жатады:
арнайы мемлекеттік жәрдемақы алушылар;
• мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушылар;
• арнайы әлеуметтік қызмет алушылар;
• зейнетақы төлемін алатын мүгедектігі бар адамдар;
• 18 жасқа толмаған жетім бала немесе ата-ана қамқорлығынсыз қалған бала;
• атаулы әлеуметтік көмек алушы;
• әлеуметтік мәні бар аурулар тізбесіне кіретін диагнозы бар тұлға;
• айналасындағылар үшін қауіпті аурулар тізбесіне кіретін диагнозы бар тұлға;
• уақытша еңбекке жарамсыздық мерзімі 2 айдан асатын аурулар тізбесіне кіретін диагнозы бар тұлға;
• кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлері тізіміне кіретін диагнозы бар тұлға.
ҚҰЖАТТАРДЫҢ ҚҰНЫ
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қазақстандықтар жеке куәлікті:
• алғашқы рет алу кезінде және
• мерзімі аяқталып ауыстырғанда – тегін алады.
Егер жеке куәлік жоғалса, қалпына келтіру үшін 0,2 АЕК (2026 жылы 865 теңге) төленеді. Екі рет жоғалтса – 1 АЕК төленеді.
АЕК өсуіне байланысты басқа құжаттардың құны да өседі:
• паспорт (36 бет) – 8 АЕК (34 600 теңге);
• паспорт (48 бет) – 12 АЕК (51 900 теңге);
• балалар паспорты – 4 АЕК (17 300 теңге).
Жүргізуші куәлігі мен көлік техпаспортын рәсімдеу – 1,25 АЕК (5 406 теңге).
Кәдімгі мемлекеттік нөмір – 2,8 АЕК (12 110 теңге).
«Сұранысы жоғары» нөмірлер – 10–285 АЕК ( 43 250 – 1 232 625 теңге).
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ
18 қаңтардан бастап «Жасанды интеллект туралы» Заң күшіне енеді.
Заңмен ЖИ жүйелерінің жұмыс істеуінің негізгі қағидаттары енгізілді.
ЖИ жүйелері ақпараттандыру объектісі ретінде айқындалды. Енді ЖИ адамға белгілі бір міндеттерді орындауда құрал ретінде танылады.
Меншік иелері, иеленушілер және пайдаланушылар өз рөліне қарай жауапкершілікке тартылатын жауапкершілік және бақылауда болуы қағидаты бекітілді.
Сондай-ақ мына қағидаттар бекітілді: заңдылық, әділдік, теңдік, ашықтық және түсіндірмелік, адамның игілігін басым қою, адамның еркін таңдауы, деректерді және құпиялылықты қорғау, қауіпсіздік және қорғалғандық.
ЦИФРЛАНДЫРУ, ЭЛЕКТРОНДЫҚ ҚҰЖАТ АЙНАЛЫМЫ
«Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» заңға толықтырулар енгізілді.
ЭЦҚ-ның жабық кілттері құжатқа қол қоятын тұлғаға немесе мемлекеттік қызмет нәтижелерін, анықтамаларды, құжаттарды автоматтандырылған түрде қол қою үшін тіркеу куәлігі берілген ақпараттық жүйеге заңды түрде тиесілі болуы тиіс.
ТҰРҒЫН ҮЙ, ҚҰРЫЛЫС
2 қаңтардан бастап жаңа құрылыстан тұрғын үйді тек қолма-қол ақшаға сатып алуға болмайды.
Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу шарттары бойынша төлемдер қолма-қол ақшасыз, соның ішінде уәкілетті компанияның банк шотына қолма-қол ақша енгізу арқылы да жүргізіледі.
Банк төлемді жүргізу үшін уәкілетті компаниямен жасалған үлестік қатысу шартының тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың бірыңғай ақпараттық жүйесінде тіркелген болуы қажет.
МЕДИЦИНА, ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ (МӘМС)
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап кемінде 5 жыл МӘМС жарналарын үздіксіз төлеген азаматтар төлемде уақытша үзіліс болса да 6 айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады.
Жарналар/аударымдар төленбеген жағдайда МӘМС жүйесінде медициналық көмек төлем тоқтаған сәттен бастап 3 айдан артық емес мерзімге беріледі.
60 ай бойы үздіксіз төлегендер (мемлекет төлейтін санаттардан басқа) төлем тоқтатса да МӘМС көмегін 6 айға дейін ала алады, бірақ төленбеген кезең үшін жарнаны төлеу міндеті сақталады.
ОТБАСЫ, БАЛАЛАР
Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғау күшейтіледі.
Баланы асырап алу, қамқоршылық/қорғаншылық орнатуда басым құқық – туыстарына, олар болмаған жағдайда – ресми некедегі тұлғаларға беріледі.
Асырап алушыларға қойылатын шектеулер нақтыланды (соттылығы барлар, психикалық денсаулық ұйымдарында динамикалық бақылаудағылар және т.б.).
Қамқоршылар/қорғаншыларға қойылатын талаптар да күшейтіліп, уәкілетті орган ақпараттық жүйелер арқылы тексеру жүргізеді.
ЗИЯТКЕРЛІК МЕНШІК
Құқықтарды ұжымдық басқару саласында бірыңғай цифрлық платформа пайда болады.
Ол мыналарды қамтиды:
• шығармалар реестрі;
• авторлар мен құқық иеленушілер реестрі;
• ұжымдық басқару ұйымдары реестрі;
• пайдаланушылар реестрі;
• шарттар реестрі;
• өзге де қажетті реестрлер.
Платформа шығармалардың пайдаланылуын, шарттарды, сыйақы есептеуді бір жүйеде тіркеп, ашықтық пен ыңғайлылықты арттырады.
Патенттік сенім білдірілген өкілдерге мамандандыру енгізіледі.
НОТАРИАТ
Нотариаттық әрекеттер мен өзге қызметтердің тарифтерін Әділет министрлігі бекітеді. Мысалы:
• ипотекалық тұрғын үй заемы шартын куәландыру – 4 АЕК;
• өсиетті куәландыру – 3 АЕК;
• мұраға құқық туралы куәлік – әр куәлікке 4 АЕК;
• автокөлікті пайдалану/басқару сенімхаты (сату құқығынсыз) – 4 АЕК және т.б.
Сонымен бірге кей санаттар нотариаттық әрекеттер үшін төлемнен босатылады немесе жеңілдік алады (соғыс ардагерлері, мүгедектігі бар адамдар, көпбалалы аналар, қарттар үйіндегілер, қандастар, жетім балалар және т.б.).
ЕСІРТКІГЕ ҚАРСЫ КҮРЕС
1 қаңтардан бастап прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі.
Белгілі жағдайларда жаза 5 жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайлар болса 3–7 жыл, кей жағдайда 7–10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеумен қолданылуы мүмкін.
ВАЛЮТА АЙЫРБАСТАУ, ТӨЛЕМДЕР
1 қаңтардан бастап валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындаудың жаңа қағидалары енгізіледі.
Нарықтық бағам KASE-де сауда өтетін әр жұмыс күні анықталады:
• АҚШ доллары бойынша – Астана уақытымен 15:30-дағы теңгенің долларға орташа өлшенген биржалық бағамы;
• басқа валюталар бойынша – доллар/теңге бағамы және валюталардың доллармен арақатынасы негізінде 16:00-дағы кросс-курс.
Анықталған бағам келесі жұмыс күні қолданылады. Демалыс күндері – демалыс алдындағы жұмыс күніндегі бағам қолданылады.
АЛАЯҚТЫҚҚА ҚАРСЫ ШАРАЛАР
3 қаңтардан Антифрод-орталық мобильді операторлардың абоненттік нөмірлер базасымен интеграцияланады. Абонент нөмірінің кімге тіркелгенін растау үшін ЖСН, аты-жөні сияқты мәліметтер беріледі.
Операторлар алаяқтық белгілері бар қоңыраулар анықталса Антифрод-орталыққа хабарлайды және абонент туралы мәлімет береді (аты-жөні, ЖСН, сол адамға рәсімделген нөмірлер).
Антифрод-орталықтан ақпарат түскенде операторлар байланыс қызметін тоқтата тұруы мүмкін (соның ішінде GSM-шлюздар/сим-бокстар және IP-телефония).
Сондай-ақ ұйым сұрауы бойынша клиенттің ҚР аумағында болуы мәртебесі туралы мәлімет берілуі мүмкін.
БАҒАЛАР, ӘЛЕУМЕТТІК МАҢЫЗЫ БАР ТАУАРЛАР
2026 жылдан бастап ең төменгі баға деңгейін анықтаудың жаңа қағидалары енгізіледі. Тізім екіге бөлінді:
• ҚР-да өндірілетін тауарлар (27 позиция);
• ҚР-да өндірілмейтін тауарлар (8 позиция).
Тізімде жұмыртқа, ұн, арақ, бидай, ашытқы, қырыққабат, сәбіз, алма, сүзбе, картоп, шұжық, макарон, саңырауқұлақ, банан, апельсин, мандарин, қаражидек, хурма және т.б. бар.
ҚР-да өндірілмейтін тауарлар үшін тауарларды есептеу формуласы бекітілген: импорттаушы мәлімдеген баға мен жергілікті өндірушілердің соңғы 3 айдағы бағаларының орташа мәні алынады және ол тек импорт кезіндегі ҚҚС сомасын есептеу үшін қолданылады.
4 қаңтардан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі едәуір кеңейтіліп, 31 атау енгізілді (ұн, нан, макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті, тартылған ет, қой еті, балық, тауық еті, сүт, айран, қаймақ, ірімшік, жұмыртқа, шай, тұз және т.б.).
Осы тауарларға бөлшек бағаның шекті мәні белгіленеді. Жеткізу шартында сауда үстемесінің шекті мөлшері міндетті түрде көрсетілуі тиіс, бұзылған мәміле жарамсыз деп танылады.
ЖЕР
Құрылыс мақсатына сай пайдаланылмайтын жер учаскелерін анықтаудың жаңа қағидалары енгізіледі (меншік иелерін есепке алу, құрылыс мерзімдерін бақылау).
Ауыл шаруашылығы жерлерін анықтау үшін қашықтан зондтау деректері де қолданылуы мүмкін.
19 қаңтардан жер учаскесіне құқық тиесілі бола алмайтын тұлғалар үшін құқықты қайта рәсімдеу қағидалары күшіне енеді. Өтінішке құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары, растайтын құжаттар қоса беріледі.
СОТ ЖҮЙЕСІ
2026 жылдан кассациялық, облыстық деңгейдегі соттардың отставкадағы судьяларына өмір бойғы ай сайынғы қамсыздандыру мөлшерін есептеу қағидалары нақтыланды (негізі – соңғы лауазымдық жалақысының 50%-ы, еңбек өтілініе қарай +1%, ең көбі 65% және т.б.).
ҰЛТТЫҚ ТАУАРЛАР КАТАЛОГЫ
2026 жылғы 1 қаңтардан Ұлттық тауарлар каталогы (ҰТК) енгізіледі – электрондық үкімет объектісі, саудада тауар анықтамалығы ретінде міндетті.
Каталогта тауар туралы атауы, санаты, бренд, шыққан елі, өндіруші, өлшем параметрлері, стандарттау құжаттары, сәйкестікті бағалау құжаттары, суреттер сияқты мәліметтер болады. Тіркеу стандартты өтінім немесе жаппай жүктеу файлы арқылы жасалады; алдын ала тексеруде каталог ішіндегі ЖИ қолданылуы мүмкін.
МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ
Бірыңғай сатып алу платформасын пайдалану қағидалары жаңарды. Техникалық ақаулар ықпал деңгейіне қарай (төмен/орта/жоғары) бөлінеді. Ақау болса пайдаланушы 1 сағат ішінде байланыс орталығына хабарлауы тиіс. Кей жағдайларда өтінім қабылдау мерзімі ұзартылуы мүмкін.
