Түркістан облысында қарт әкесін соққыға жықты деп айыпталған ер адамға қатысты сот процесі басталды.
Айыпталушы Қоссейіт ауылының 41 жастағы тұрғыны Алмас Садақбаев. Оған дәрменсіз күйдегі әкесін азаптады және денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтірді деген айып тағылып отыр.
Іс Жетісай аудандық сотында қаралып жатыр. Бүгінгі отырыста куәгерлер жауап берді. Олардың айтуынша, қарияға көрсетілген қорлық түсірілген видео алдымен жергілікті чаттарда тараған.
Куәгер ретінде ауылдық амбулатория дәрігері Гүлжан Чукманова сотта мәлімдеме жасап, чаттағы видеоны көргеннен кейін Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Нұрбол Жайнарға хабарласқанын айтты. Ол әкімнен қарияның жағдайын барып көруді және айыпталушымен сөйлесуді сұраған.
Әкім Нұрбол Жайнардың айтуынша, ол үйге барған кезде ақсақал төсекте жатқан, алайда күтімі жақсы болған. Сондай-ақ әкім видеоны айыпталушының әкесі қайтыс болғаннан кейін ғана көргенін жеткізді. Ол Садақбаевты әңгімеге шақырып, кездесуге учаскелік полиция қызметкерін де қатыстырған.
Алмас Садақбаев өзіне тағылған айыпты мойындамай, әкесіне қорлық көрсеткенін жоққа шығарған. Ол қарттың жағдайы өте ауыр болғанын және күтім жасаудың қиынға соққанын алға тартқан. Мәлімет бойынша, қария 2 қыркүйекте көз жұмған. Жергілікті дәрігерлер өлім табиғи себептерден болғаны жөнінде анықтама беріп, марқұм жерленген.
Алайда қылмыстық іс қозғалғаннан кейін тергеу барысында мәйіт эксгумацияланған.
