Түркістан облысы, Төлеби аудандық білім бөліміне қарасты «Қосағаш» жалпы білім беретін мектебінде 7 мамыр – Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің құрылғанына 34 жыл, 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығы және Кеңес Одағының батыры, гвардия генерал-майоры Сабыр Омарұлы Рақымовтың 124 жылдығына орай «Ер есімі – ел есінде» атты әскери-патриоттық іс-шара ұйымдастырылды.
Тағылымды шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде енгізумен басталып, Мемлекеттік Гимн орындалды. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтар бір минут үнсіздікпен еске алынып, олардың рухына тағзым жасалды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, тарихи тұлғалардың ерлігін дәріптеу, ұлттық рухты нығайту және ел қорғау жолындағы жауапкершілікті арттыру.
Мазмұнды жиынға Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы республикалық ардагерлер қоғамдық бірлестіктерінің филиал төрағалары, Төлеби аудандық білім бөлімінің басшысы Ш.Т.Нұрабаева, Төлеби аудандық қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімнің бастығы, подполковник М.Тоқсейіт, ауылдық округтердегі мектептердің жас сарбаздары мен әскери жетекшілері, Кеңес Одағының батыры Сабыр Омарұлы Рақымов атындағы Әскери колледж директоры, полковник М.Е.Ақшалов, әскери колледждің жас ұландары және ҚР ҰҚК Шекара қызметінің арнайы мақсаттағы ұтқыр іс-қимыл тобы қатысты.
Қонақтар өз сөздерінде Отанға адал қызмет етудің маңыздылығын атап өтіп, ел тәуелсіздігі жолында ерлік көрсеткен батырлардың өнегелі өмірін жас буынға үлгі етудің мәніне тоқталды. Әсіресе, Сабыр Рақымовтың қайсарлығы мен қолбасшылық қасиеті кеңінен насихатталып, оның ерлік жолы өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің жарқын үлгісі ретінде айтылды.
Шара барысында оқушылар әскери-патриоттық әндер орындап, арнайы сахналық қойылымдар ұсынды. Ал Сабыр Рақымов атындағы Әскери колледждің жас ұландары қоян-қолтық ұрыс элементтерін, дефиле өнерін көрсетіп, патриоттық әндер мен арнаулар орындады. Сонымен қатар, шекара қызметінің мамандары әскери дайындық тәсілдерін және қызметтік иттердің жаттығуларын көпшілік назарына ұсынды.
Іс-шара соңында мектеп әкімшілігі құрметті қонақтарға, әскери қызметшілерге және белсенділік танытқан жас сарбаздарға алғыс білдіріп, мұндай тағылымы мол іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Патриоттық рухты дәріптеген бұл маңызды шара жастардың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, олардың азаматтық ұстанымы мен ұлттық құндылықтарға деген құрметін нығайтуға зор ықпал етті.
