Түркістан облысының егіншілік саласында биылғы маусымның алғашқы жемістері көріне бастады. Аймақтың ең оңтүстік нүктелері саналатын Жетісай және Мақтаарал аудандарының диқандары қырыққабаттың ерте пісетін сорттарынан алғашқы өнімді жинауға кірісті. Биылғы жылы ауа райының қолайлылығы мен агротехникалық шаралардың дұрыс сақталуы нәтижесінде ерте егілген қырыққабат небәрі 45 күн ішінде пісіп-жетілді. Қазіргі уақытта жергілікті шаруалар мол өнімді жинап, ішкі және сыртқы нарықтарға шығаруға толықтай дайын отыр.
Бұл табыстың басты кепілі ретінде шаруалар суармалы судың уақтылы және кедергісіз жеткізілуін атап өтуде. Түркістан облысының диқандары су ресурстарын тиімді басқарып, вегетациялық кезеңде егіс алқаптарын қажетті су көлемімен қамтамасыз еткен Су ресурстары және ирригация министрлігіне өз ризашылықтарын білдіруде. Мәселен, Жетісай ауданының тәжірибелі диқаны Ермахан Тасов биыл 10 гектар жерге қырыққабат пен қауын егіп, «Қазсушар» мекемесімен жасалған дер кезіндегі келісімшарттың арқасында егінін күйдірмей, сапалы өнім алғанын айтады.
Облыстағы су үнемдеу технологияларының тиімділігі де нақты нәтиже көрсетуде. Көптеген шаруалар тәжірибе ретінде тамшылатып суару жүйелерін енгізіп, суды үнемдей отырып, өнімділікті арттыруға болатынына көз жеткізді. Мемлекет тарапынан бұл бағытта көрсетілетін қолдау да айтарлықтай күшейтілген. Атап айтқанда, Су ресурстары және ирригация министрлігі су үнемдеу жабдықтарын сатып алу, ұңғыма бұрғылау және инфрақұрылым тарту шығындарын өтеу үлесін 50%-дан 80%-ға дейін ұлғайтты. Бұл – Түркістан облысының шаруалары үшін заманауи технологияларды қолдануға берілген үлкен мүмкіндік.
Бұдан бөлек, суармалы суға қатысты сараланған тарифтер жүйесі енгізілді. Су үнемдеу технологияларын пайдаланатын шаруалар үшін суармалы су құнын субсидиялау көлемі 60%-дан 85%-ға дейін арттырылды. Мұндай жеңілдіктер диқандардың шығынын азайтып, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға тікелей әсер етеді. Бүгінде «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы облыс пен Шымкент қаласындағы 330 мың гектардан астам суармалы жерді сумен қамтып отыр, оның ішінде 60 мың гектарға жуығы бау-бақша алқаптары. Түркістан облысындағы бұл алғашқы өнім жинау науқаны аймақтың аграрлық әлеуеті мен мемлекеттік қолдаудың үйлесімді жұмысын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.
