Түркістан шаһарында жақында ғана өткен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) бейресми саммиті көне қаланың халықаралық аренадағы беделін арттырып, шетелдік және отандық туристердің қызығушылығын күрт оятты. Ауқымды саяси шарадан кейін рухани астанаға келуші саяхатшылар мен зиярат етушілердің саны еселеп көбейген. Әсіресе демалыс күндері Түркістан бағытындағы авиарейстерге сұраныс бірнеше есеге өсіп, ұшақ билеттерін табу қиындаған. Шаһардағы қонақүйлерде бос орындар азайып, тарихи-мәдени нысандарда, әсіресе әлемге әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде келушілер қарасы күн санап қалыңдап келеді.
Нақты статистикалық деректерге сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысымен өңірге аяқ басқан туристер саны 500 мың адамды құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 15,9%-ға өскен. Оның ішінде алыс-жақын шет елдерден келген қонақтардың саны 23 мыңға жуықтады. Түркістанға ең көп саяхаттаған ТОП-5 мемлекеттің қатарына Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей және Германия енді. Сұраныстың артуы нәтижесінде өңірдегі орналастыру орындары көрсеткен қызмет көлемі 8,5 миллиард теңгеге жеткен. Бұл серпінді қарқын биыл да жалғасын тауып, 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша туристер саны 70 мың адамды құрады. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 550 мыңға жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар аймақтағы киелі де тарихи нысандарға тікелей тағзым етіп, саяхаттаушылар статистикасы да көңіл қуантады. Өткен жылы тарихи орындарға келушілер саны алғаш рет 1 миллион адамдық межеден асып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 13%-дық өсім көрсеткен еді. Ал ағымдағы 2026 жылдың алғашқы 4 айының қорытындысымен бұл көрсеткіш қазірдің өзінде 334,8 мың адамға жетіп үлгерді.
Сала мамандары мен сарапшылар Түркістанның туризм индустриясындағы бұл серпіліске жоғары деңгейде өткен халықаралық халықаралық саммиттің ықпалы зор болғанын алға тартуда. Осы шара арқылы шаһардың тұтас түркі әлемінің рухани, мәдени және туристік орталығы ретіндегі мәртебесі беки түсті. Бүгінгі таңда заманауи инфрақұрылымы дамыған қалада туристер үшін 300-ге жуық қонақүй мен арнайы орналастыру орындары, сондай-ақ 300-ге тарта жайлы демалыс аймақтары үздіксіз қызмет көрсетіп келеді.
Қазіргі уақытта жергілікті әуежайлар мен теміржол вокзалдарындағы жолаушылар ағынының еселеп артуы өңірдегі туристік белсенділіктің жоғары динамикасын айқын дәлелдейді. Отандық туристік компаниялардың болжамына сүйенсек, жазғы маусымның басталуына байланысты алдағы айларда Түркістанға келуші саяхатшылар саны бұдан да айтарлықтай ұлғая түспек. Түркістан бүгінде тек Қазақстанның ішкі бренді ғана емес, тұтас түркі дүниесінің жаһандық деңгейдегі басты рухани тарту күшіне айналып келеді.
