Қазақ топырағында әр аймақтың өзіндік мәдени ерекшелігі мен өнердегі қолтаңбасы болады. Соның ішінде, шертпе күйдің алтын бесігі, атырабынан аңыз ескен Теріскей өңірі — Созақ ауданының орны мүлдем бөлек. Мұндағы халықтың болмысы мен рухани дүниесі күй өнерімен тікелей астарласып жатыр. Мемлекет басшысының елдің мәдени бірегейлігін сақтау, ұлттық құндылықтарды насихаттау және жас ұрпақтың бойына отаншылдық рухты ұялату жөніндегі стратегиялық міндеттемелері аясында Созақ ауданында маңызды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүзеге асырылуда. Ұлттық домбыра күніне орай Қайнар ауылдық кітапханасында ұйымдастырылған «Домбыра – асыл мұра» атты танымдық сағат осы жүйелі жұмыстардың заңды жалғасы іспетті.
Ауылдық кітапханада өткен бұл шараның негізгі мақсаты — жас оқырмандарға қазақтың қасиетті ұлттық аспабының терең тарихы мен қадір-қасиетін таныстыру, олардың бойында төл мәдениетімізге деген асқан құрмет сезімін қалыптастыру болды. Шара барысында кітапханашы жиналған жасөспірімдерді тақырыпқа сай безендірілген кітап көрмесімен егжей-тегжейлі таныстырып, қасиетті қос ішектің қазақ қоғамындағы рухани орны жайлы кеңінен баяндап берді. Кітап беттеріндегі тарихи деректер мен аспаптың шығу тарихы туралы әңгімелер жас ұрпақтың таным көкжиегін кеңейтіп, олардың ұлттық құндылықтарды тереңірек түсінуіне жол ашты.
Бұл танымдық сағаттың басты ерекшелігі — оның Созақ өңірінің бірегей күйшілік мектебімен үндесуінде еді. Ұлы жазушы, академик Мұхтар Әуезовтің уақытында айтып кеткен: «Созаққа барсаң, күйшімін деме» деген қанатты сөзі осы басқосуда қайта жаңғырды. Бұл сөз туған өлкеміздің күй өнеріндегі, жалпы қазақ мәдениетіндегі ерекше салмағы мен биік мәртебесін айқын көрсетеді. Шараға қатысқан қайнарлық жас оқырмандар бұл сөздің жай ғана тіркес емес, өздеріне жүктелген үлкен тарихи жауапкершілік екенін сезінді. Олар өздері үйреніп жүрген халық күйлерін, соның ішінде Теріскей даласында туған ерекше сарындарды домбырадан төгілте орындап, ұлттық өнерге деген шексіз сүйіспеншіліктерін паш етті.
Домбыра — көне ғасырлардан бүгінгі күнге жеткен, халқымыздың рухы мен болмысын айшықтайтын қасиетті қазына. Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Дина мен Созақ топырағының тумасы, шертпе күйдің хас шебері Сүгір Әлиұлының артында қалған мол мұрасы — бүгінгі толқынға аманат. Қоңыр үнді аспаптың әрбір пернесінен шыққан әуен ұлттық тарихымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеп, жастардың жүрегіне рух береді. Қайнар ауылдық кітапханасында ұйымдастырылған осындай ақпараттық және танымдық шаралар жаһандану дәуірінде жастардың жат ағымдардың жетегінде кетпей, өз тамырынан нәр алуына үлкен септігін тигізеді. Домбыраның қоңыр үні үзілмей, бабалардың асыл мұрасы мәңгі жасай бермек.
