Биыл қазақтың ұлы ойшылы, кемеңгер ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толып отыр. Осы айтулы мерейтой аясында Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесімен оның филиалдары ұлы ақын мұрасын дәріптеуге арналған ауқымды мәдени-рухани шаралар өткізіп, қала өмірінің нағыз мәдени орталығына айналды.
Апталық «Абайдың сөзі – ақылдың кені» атауымен өтіп, әдеби кештер, поэтикалық марафондар, кітап көрмелері және ескерткішке тағзым ету рәсімдерін қамтыды. «Абай – қазақ поэзиясының асқар биігі», «Абай үні – Абай лебі», «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» атты кештерде жергілікті өнерпаздар, оқушылар, студенттер Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып, әндерін орындады.
Апталықтың соңғы күні — 8 тамызда, «Жеңіс» саябағында «Абайды оқы, таңырқа…» атты әдеби аялдама мен апталықтың жабылу рәсімі өтті. Шараны Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев ашып, Абайдың қазақ руханиятындағы орны мен даналығы жөнінде жүрекжарды пікірін білдірді.
Сондай-ақ, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы Айғаным Абанқызы, Қазақстанның құрметті журналисі Роза Нарымбетова және Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Несіпкүл Өтебаева сөз сөйлеп, Абай мұрасының мәңгілік маңызын, оның қазақ әдебиетіндегі орнын және ұрпаққа қалдырған аманатын тебірене жеткізді.
Әдеби аялдама төрт бағытта өтті:
1. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» — кітапхананың үздік оқырмандары Абай өлеңдерін кезекпен мәнерлеп оқыды.
2. «Әнді сүйсең, менше сүй…!» — қалалық Мәдениет үйінің әншілері «Айттым сәлем Қаламқас», «Бойы бұлған», «Мен бір жұмбақ адаммын», «Көзімнің қарасы» әндерін орындады.
3. «Қара сөздер – кемел ойдың кілті» — Абайдың қара сөздері тыңдалды.
4. «Хакім Абай: Өмірі, өлеңі, өнегесі» — сұрақ-жауап айдарында көрермендер викторина сұрақтарына жауап беріп, арнайы сыйлықтарға ие болды.
Сонымен қатар, «Абай – қазақ руханиятының шамшырағы» атты кең көлемді кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Абайдың әр жылдары жарық көрген шығармалар жинақтары, М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының түрлі басылымдары, мерейтойлық жинақтар, заманауи зерттеулер және балаларға арналған «Абайды таны» кітапшалары ұсынылды. Көрмені этноэкспозициялар, киіз үй және әдеби инсталляциялар толықтырды.
Түркістан қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің бұл бастамасы мерейтойлық іс-шараны атап өтумен ғана шектелмей, қала тұрғындары мен жастардың әдебиетке, поэзияға және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Абай мұрасы – ұрпаққа өнеге, ұлтты ұйыстыратын рухани қазына. Кітапхана есігі барша оқырманға айқара ашық. Келіңіз, Абайды бірге оқиық, бірге ойланайық!
Абдрасилова Камшат
Ақпараттық — библиография бөлімінің меңгерушісі
